Серік Сәпиев – ҚРКФ-ның спорттық бастамаларының амбассадоры

Федерация жаңалықтары 20.08.2026

Серік Сәпиев – ҚРКФ-ның спорттық бастамаларының амбассадоры

Бейсенбі, 20 тамыз күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының кеңсесінде ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің Олимпиада чемпионы – ҚР Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі Серік Сәпиевпен кездесуі өтті.

Талқылаудың басты тақырыбы – Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының «Turkic Cup» бірінші халықаралық футбол турниріне дайындық барысы.

3-4 қыркүйек аралығында Астанада өтетін алдағы турнирге Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық кәсіподақ орталықтары құрама командаларының қатысуы жоспарланған.

Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, турнирде ҚР Кәсіподақтар федерациясының намысын екі команда – «Қазақстан-1» және «Қазақстан-2» қорғайды.

«Кәсіподақтар федерациясының Астананың әуесқойлар чемпионатында өнер көрсететін өз футбол құрамасы бар. Жазғы маусымда төртінші орын алсақ, қазір бесінші орында келеміз. Командада негізінен жастар болғандықтан, оларға осындай халықаралық турнирге қатысып, шыңдалуға, мол тәжірибе жинауға мүмкіндік бергіміз келеді», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин бұл турнирдің алғаш рет мұндай ауқымда өтіп жатқанына ерекше тоқталды.

«Біз үшін бұл жарыс тек спорттық бәсеке болып қана қоймай, бауырлас елдер өкілдерінің бас қосып, өзара әріптестікті нығайтатын маңызды алаңына айналуы өте маңызды», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Кездесу барысында Сатыбалды Дәулеталин Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының құрылу тарихына тоқталды. ҚРКФ Төрағасының айтуынша, бұл ұйымды құру үшін серіктес елдермен бірнеше жыл бойы келіссөздер жүргізілген.

«Ең бастысы – біз ынтымақтаса білдік, қазірдің өзінде бірлескен жұмысты жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ұйым бес мемлекеттің кәсіподақтарын және 46 миллионға жуық еңбек адамын біріктіреді. Біртіндеп бірлестіктің құрылымдық инфрақұрылымы да қалыптасып келеді. Штаб-пәтеріміз Анкара қаласында орналасады. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты өрістетіп, қатысушы елдерде түрлі іс-шараларды тұрақты өткізіп тұруды жоспарлап отырмыз», – деді ТМКҰ-ның Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин.

Сонымен бірге, ҚРКФ Төрағасы бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтын дамыту – еңбек жағдайын жан-жақты жақсартуға бағытталған ауқымды жұмыстардың ажырамас бөлігі екенін атап өтті.

«Біз жұмысшылардың тек лайықты жалақы алып, қауіпсіз ортада еңбек етіп қана қоймай, денсаулықтарын нығайтуға да толық мүмкіндігі болғанын қалаймыз. Бұқаралық спортты дамыту – біздің негізгі бағыттарымыздың бірі. Адамдардың спортпен шұғылдануына барлық жағдайды жасағымыз келеді. Сондықтан Федерация тіпті өзінің жеке спорт кешенін салу мүмкіндігін де қарастырып жатыр», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Кездесуде ҚР Кәсіподақтар федерациясының атқарып жатқан негізгі қызмет бағыттары да сөз болды.

«Бүгінде Федерация қатарында екі миллионға жуық азамат бар. Біз күн сайын еңбек адамдарының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында тынымсыз жұмыс істейміз. Бұл – ұжымдық шарттар жасау, бас келісімдер жасасу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жалақы көлемін реттеу және тікелей өндіріс орындарындағы мәселелерді шешу жұмыстары. Өткен жыл Жұмысшы мамандар жылы болып жарияланғанымен, біз үшін әрбір күн мен әрбір жыл – еңбек адамының жылы. Өйткені жұмысшының құқығын қорғау – біздің тұрақты міндетіміз», – деді ҚРКФ Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин ерекше тоқталған тағы бір басым бағыт – жүйені цифрландыру мәселесі болды.

«Федерация құрамында Цифрлық технологиялар департаменті құрылды. Біз 2030 жылға қарай кәсіподақ мүшелеріне, қарапайым еңбек адамдарына барынша жақын болу үшін біртұтас цифрлық экожүйе қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз. Әрбір жұмысшы біздің қабылдаған шешімдеріміз бен көрсететін қызметтерімізге оңай қол жеткізе алуы тиіс, ал біз өз кезегімізде олармен тікелей кері байланыс орната алуымыз керек», – деп түсіндірді ҚРКФ Төрағасы.

Жиын соңында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Серік Сәпиевке ұйымның ресми амбассадоры болуды ұсынды. Олимпиада чемпионы бұл бастаманы қуана құптап, келісімін берді.

«Спорт қайраткері ретінде сіздің де, кәсіподақ өкілі ретінде біздің де түпкі мақсатымыз бір – ол ел азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру. Спортты қолдау мен салауатты өмір салтын насихаттау саласындағы ынтымақтастықтың біз үшін маңызы өте зор», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Серік Сәпиев Кәсіподақтар федерациясының бұл бастамаларына жоғары баға беріп, олардың салауатты өмір салтын орнықтырудағы және ұжымдық ауызбіршілікті нығайтудағы рөлін атап өтті.

«Амбассадор болуға дайынмын. Мен Кәсіподақтар федерациясының спорттық бастамаларын толық қолдаймын. Еңбек ұжымдарына арналған спорттық іс-шаралар – бұл тек денсаулықты нығайту ғана емес, сонымен бірге әріптестер арасындағы сыйластық пен ауызбіршілікті арттыратын, жұмысқа деген ынтаны оятатын маңызды фактор», – деді Серік Сәпиев.

Олимпиада чемпионы сондай-ақ «Turkic Cup» турнирінің спорт әлеміндегі айрықша орнына тоқталды.

«Алдағы «Turkic Cup» халықаралық кәсіподақтар турнирі – түркі тілдес мемлекеттердегі еңбекшілердің жаңа форматтағы ынтымақтастығын бастап беретін тұңғыш ауқымды жоба болмақ», – деді Серік Сәпиев.

Кездесу соңында тараптар спортты дамыту, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және халықаралық байланыстарды нығайту бағытындағы әріптестікті одан әрі тереңдетуге келісті.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы