«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» атты бірыңғай кәсіподақтық төрт айлық акция аясында өндіріс тынысын жаңа серпінмен байытқан жастар назарға ілікті. Бүгінде «Рудный су арнасы» ЖШС ұжымының 17,2%-ын құрайтын белсенді жас мамандар тек кәсіби тұрғыда шыңдалып қана қоймай, ұжымның қоғамдық өмірін өгертуге білек сыбана кірісті.

Кәсіпорында жаңадан құрылған Жастар кеңесі алғашқы қадамдарын сенімді бастады. Бастамашыл топтың басты мақсаты – еңбек ұжымындағы жастардың басын қосып, кәсіподақ өміріне соны идеялар енгізу. Мұндағы жас мамандардың пікірінше, кәсіподақ – тек бақылаушы емес, еңбек жағдайын жақсартуға ықпал ететін негізгі қозғаушы күш.

Жас белсенділердің алғашқы ірі жобасы – «Спецназ» демалыс базасында өткен «Жастар. Көшбасшылық. Лайықты еңбек» атты екі күндік семинар-лагерьге қатысуы болды. Шараны Қостанай облыстық Құрылыс кешені және ТКШ қызметкерлері кәсіподағы, «Қостанай облысы Кәсіподақ орталығы» аумақтық бірлестігі және «Келешек» жастар кеңесі ұйымдастырды.

Бұл алаң жастарға біліктілікті арттыруға, өзге әріптестермен тәжірибе алмасып, командалық дағдыларды шыңдауға мүмкіндік берді. Мұндай жиындардың негізгі түйіні – алған білім мен идеяларды кейінге қалдырмай, өз өндірістік ұжымында жүзеге асыру.

Жастар кеңесі алдағы жоспарларын да айқындап алды. Таяуда өтетін Қарттар күніне орай жас қызметкерлер «Рудный су арнасы» ЖШС-нің ардагерлерін құттықтауды көздеп отыр.

Бұл – жай ғана құрмет көрсету емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын маңызды көпір. Өндірісте ондаған жыл еңбек еткен аға буынның мол тәжірибесін бойға сіңіру жас мамандар үшін үлкен мектеп.

«Рудный су арнасы» ЖШС Жастар кеңесі өз сапарын енді бастағанымен, нағыз кәсіподақ белсенділігі дәл осындай нақты істерден көрінеді. Бүгін өз ұжымына өзгеріс пен жігер алып келген жастар – ертеңгі кәсіподақ қозғалысының берік іргетасын қалаушылар.