Еңбек адамы - Жанат Төлеуова

Салалық және өңірлік жаңалықтар 27.08.2026

Еңбек адамы - Жанат Төлеуова

Әрбір елдің болашағы - білімді де саналы ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздардың қолында. Осындай өз ісіне адал, шәкірт жүрегіне білім мен ізгіліктің шуағын себіп жүрген жандардың бірі - Түркістан облысы, Шардара қаласындағы Амангелді Иманов атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Жанат Төлеуова.
Жанат Жұматайқызы 1981 жылы 10 сәуірде дүниеге келген. 2005 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге арнады. Бүгінде ол педагог-зерттеуші санатындағы тәжірибелі де білікті ұстаз.


Ұстаздың басты мақсаты - оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың бойындағы қабілет пен дарынды дамыту. Осы бағыттағы жүйелі еңбегінің нәтижесінде оның шәкірттері республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі пәндік олимпиадаларда, зияткерлік сайыстарда және шығармашылық байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді.


Кейіпкеріміздің өзі де педагогикалық қызметтегі жоғары жетістіктері үшін бірнеше мәрте алғыс хаттармен, грамоталармен және дипломдармен марапатталған. Оның ішінде жеңімпаз шәкірттер дайындағаны, білім саласына қосқан үлесі және кәсіби шеберлігі үшін берілген марапаттардың орны ерекше. Сондай-ақ, ол «Ең білімді педагог» олимпиадасының жеңімпазы атанып, ұстаздық еңбектегі біліктілігі мен ізденімпаздығын дәлелдей білді.
Бүгінде өз ісіне деген адалдығы, кәсібіне деген сүйіспеншілігі, үздіксіз ізденісі мен табанды еңбегі арқылы Жанат Төлеуова әріптестерінің құрметіне бөленіп, шәкірттерінің жүрегінен ерекше орын алған ұстаз. Осындай қажырлы еңбегімен ел ертеңін тәрбиелеп жүрген ол - қоғамның құрметіне лайық, жас ұрпаққа өнеге болатын нағыз Еңбек адамы.