Білім беру ұйымдарындағы еңбек қауіпсіздігі: Кәсіподақ түсіндірме жұмысын жүргізді

Салалық және өңірлік жаңалықтар 01.09.2026

Білім беру ұйымдарындағы еңбек қауіпсіздігі: Кәсіподақ түсіндірме жұмысын жүргізді

«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясында Қызылорда облыстық білім басқармасына қарасты орта білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі мекемелердің келісу комиссиялары мен өндірістік кеңес мүшелерінің қатысуымен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелеріне арналған кездесу ұйымдастырылды.


Кездесуге Қызылорда облысы білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының заңгері Хамит Тарбақов қатысып, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау, жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және жұмыс берушілердің міндеттері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.


Кездесу барысында білім беру ұйымдарында қауіпсіз және қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғау, өндірістік жарақаттанудың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, жазатайым оқиғалардың алдын алу, олардың себептерін анықтау және жою, сондай-ақ осындай жағдайлардың қайталануына жол бермеу бойынша жүйелі шаралар қабылдау мәселелері талқыланды. Қатысушыларға өндірістік кеңестердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі және жұмыс берушімен бірлесіп еңбек жағдайларын жақсарту бағытындағы міндеттері түсіндірілді.


Сонымен қатар, жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен жұмыскерлерді арнайы киіммен, арнайы аяқ киіммен және басқа да жеке қорғану құралдарымен белгіленген нормаларға сәйкес қамтамасыз ету міндеті жан-жақты түсіндірілді. Бұл ретте жеке қорғану құралдарының уақтылы берілуі, олардың жарамдылығы мен белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді.


Кәсіподақтың еңбек қауіпсіздігі саласындағы негізгі міндеттерінің бірі – жұмыскерлердің қауіпсіз еңбек жағдайларына деген құқығын қорғау және оның сақталуына қоғамдық бақылауды күшейту. Осы бағытта келісу комиссиялары мен өндірістік кеңестердің жұмысы еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік әріптестікті нығайтып, туындаған еңбек мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік береді.


Кездесу соңында еңбек қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау, өндірістік тәуекелдердің алдын алу және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.