Павлодарлық жедел жәрдем бригадасы халықаралық чемпионаттың үздіктері қатарында

Салалық және өңірлік жаңалықтар 02.09.2026

Павлодарлық жедел жәрдем бригадасы халықаралық чемпионаттың үздіктері қатарында

Жамбыл облысында 27–29 тамыз аралығында өткен Жедел жәрдем бригадаларының халықаралық чемпионатында Павлодар облысының құрамасы ІІІ орынды иеленді.

Ауқымды додаға Қазақстанның барлық өңірінен 27 команда, сондай-ақ Беларусь, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның медицина мамандары қатысты. 

Жарыс барысында қатысушылар ересектер мен балаларға шұғыл көмек көрсету, реанимациялық шараларды жүргізу және түрлі жарақаттар кезінде алғашқы медициналық көмек беру бойынша кәсіби шеберліктерін сарапқа салды.

Павлодар облысының намысын Ақсу қаласындағы №103 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының меңгерушісі Назира Баймұқашева, дәрігер Шейхислам Құрманғалиев, сондай-ақ фельдшерлер Алмат Шақанов пен Сания Манапова қорғады. Команданың жоғары дайындығы, шапшаңдығы мен ұйымшылдығы халықаралық деңгейде үздіктер қатарынан көрінуге мүмкіндік берді.

Осы жетістікке байланысты Павлодар облыстық жедел медициналық жәрдем станциясында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Шара барысында «SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ-ның Павлодар облыстық филиалы дәстүр бойынша үздік шыққан медицина қызметкерлерін арнайы марапаттап, құрмет көрсетті.

Өз ісіне адал, жоғары жауапкершілік пен кәсібилік танытқан өңір медицинашыларын жүлделі орындарымен құттықтаймыз! Әріптестерімізге еңбекте толағай табыс, жаңа биіктер мен жеңістер тілейміз!