Еңбек адамы - кәсіби жолын қалыптастырған жас маман

Салалық және өңірлік жаңалықтар 02.09.2026

Еңбек адамы - кәсіби жолын қалыптастырған жас маман

Бақыт Жандос – жас маман.Ол еңбек жолын елордадағы әлеуметтік салада бастап, бүгінде Астана қаласы әкімдігінің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында азаматтарды қабылдау бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.Жас болғанына қарамастан, тәжірибе жинақтап, халықпен тікелей жұмыс істеудің қыр-сырын меңгеріп үлгерді.

Бақыт 2000 жылы Ақмола облысының Жақсы ауданында дүниеге келген. 2021 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығын аяқтап, еңбек жолына қадам басады.

 

Студенттік жылдары әскери кафедрада білім алып, әскери даярлықтан өткен. Қазіргі уақытта запастағы лейтенант әскери атағына ие.

Ол алғашқы еңбек жолын 2022 жылы «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында әлеуметтік осал санаттағы азаматтармен жұмыс жөніндегі бөлімде маман болып бастады.Жұмысқа жауапкершілікпен қарап, тәжірибе жинақтаған Бақыт көп ұзамай бөлімнің басшысы болып тағайындалды.

 

2024 жылдың қаңтар айынан бастап мекеменің құрылымдық өзгеруіне байланысты қызметін Астана қаласының Азаматтарды қабылдау орталығында жалғастырып, бөлім басшысы қызметін атқарып келеді.

 

Бүгінде оның жұмысы азаматтармен тікелей байланысты.Жеке қабылдауды ұйымдастыру, тұрғындарды мемлекеттік органдар басшыларының қабылдауына жазу, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау, азаматтардың өтініштері бойынша түсіндіру және консультациялық жұмыстар жүргізу – күнделікті міндеттерінің бір бөлігі.

 

Бұл қызметте адаммен тіл табыса білу, әрбір мәселені мұқият тыңдау және тиісті шешім табуға көмектесу аса маңызды. Сондықтан Бақыт өз жұмысында жауапкершілік пен тиянақтылықты басты қағида санайды.

 

«Азаматтармен жұмыс істеу – ең алдымен оны тыңдай білуді талап етеді.Әр адамның мәселесі маңызды.Сондықтан келген азаматтың сұрағына нақты жауап беріп, мәселенің шешілуіне ықпал етуге тырысамын», – дейді жас маман.

 

Еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Қызметтік міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны үшін Бақыт Жандос Астана қаласы әкімінің орынбасарынан Алғыс хатпен марапатталған.

Жас маман үшін кәсіби дамумен қатар отбасының орны ерекше.Бақыт – отбасы бар азамат, бір баланы тәрбиелеп отыр. Бос уақытында спортпен шұғылданғанды ұнатады. Футбол мен волейбол ойнайды.Сонымен қатар гитарада ойнап, ән айтуды жақсы көреді.

 

Жастық жігер мен кәсіби жауапкершілікті ұштастырған Бақыт Жандос бүгінде елорда тұрғындарына қызмет етіп, өз саласында тәжірибесін шыңдап келеді. Оның басты ұстанымы – адал еңбек ету, азаматтарға қолдау көрсету және өз міндетін сапалы орындау.