Сәрсенбі, 2 қыркүйекте Қазақстанға Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Сахиб Маммадов бастаған делегация алғашқы ресми сапармен келді.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына сапар барысында меймандар ҚРКФ фронт-офисінің жұмысымен танысып, ресми кездесулер өткізді.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әзірбайжандық әріптестерінің бұл сапары тарихи мәнге ие екенін атап өтті.
«Бұл күн — біз үшін шынымен де тарихи күн. Елдеріміз тәуелсіздік алған жылдардан бері Әзірбайжан кәсіподақтар делегациясы Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапармен келіп отыр. Сіздердің бұл сапарларыңыз — жай ғана әріптестер мен серіктестердің басқосуы емес. Бұл — тарихы, мәдениеті мен рухани тамыры бір, тағдырлас бауырлардың қауышуы. Бүгінде бұл рухани байланыс қарқынды экономикалық ынтымақтастықпен беки түсуде. Көлік-логистика, медицина, инвестиция салаларындағы жобалар өріс алып келеді. Осы орайда кәсіподақтарға да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Экономиканың дамуы, жаңа технологиялар мен бастамалар әрбір қарапайым еңбек адамына не беретінін нақты бағамдауымыз қажет», — деді ҚРКФ Төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин бүгінгі таңда Федерация екі миллионға жуық жұмыскердің, 24 салалық кәсіподақтың, 18 аумақтық бірлестік пен 17 мыңға жуық бастауыш кәсіподақ ұйымының басын біріктіріп отырғанын айтты.
Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының сөзінше, кәсіподақтың тиімділігі мүшелер санымен емес, ең алдымен жұмыскерлерді нақты қорғай алуымен өлшенеді.
«Екі миллион адам — бұл шынымен де үлкен күш. Бірақ біз үшін ең маңыздысы — әрбір жұмыскердің осы ұйымның қолдауын сезінуі, кәсіподақтың оның құқығын қорғауға, мүддесін білдіруге, лайықты жалақы мен қауіпсіз еңбек жағдайларына қол жеткізуге қауқарлы екенін түсінуі. Соған байланысты кейінгі жылдары кәсіподақ жұмысының жүйесін түбегейлі өзгертіп жатырмыз. Мәселе дауға айналғанша күтіп отырып, кейін оның салдарымен күресуге болмайды. Әрбір адамның үніне құлақ асып, мәселесін ұғынып, мүмкіндігінше алдын алу керек. Еңбек әлемі өте жылдам құбылуда, сондықтан кәсіподақтар әрдайым бір қадам алда жүруі тиіс», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасы пандемия кезінде бастау алып, бастауыш ұйымдармен және кәсіподақ мүшелерімен тікелей байланыс орнатуға жол ашқан «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» жобасын мысалға келтірді. Бүгінде бұл формат Кәсіподақтар федерациясының жұмысында белсенді қолданылады.
Жұмыскерлерді қорғаудың тағы бір тиімді құралы ретінде ҚРКФ төрағасы Заң клиникасының жұмысын атады. Онда құқықтық кеңестер беріліп, бітімгерлік шаралары жүргізіледі, мамандар келіссөздерге қатысып, еңбек дауларына құқықтық сүйемелдеу жасайды.
ҚРКФ қызметінде жалақы мәселелері де маңызды орын алады. Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының ең төменгі жалақыны есептеу әдістемесін жетілдіру бағытында жұмыс істеп жатқанын және еңбеккерлердің табысын арттыру үшін нақты экономикалық тетіктер ұсынып отырғанын жеткізді.
«Ең төменгі жалақыны есептеудің түсінікті де негізді әдістемесіне көшу біз үшін өте маңызды мәселе болды. Бүгінде мұндай әдістеме бекітілді, дегенмен оны одан әрі жетілдіру қажет деп есептейміз. Осыдан бес ай бұрын Кәсіподақтар федерациясы Премьер-министрге ең төменгі жалақыны өсіруге септігін тигізетін нақты шаралар жазылған сараптамалық ұсыныстар жолдады. Біздің ұстанымымыз тек жалақыны көбейтуді талап етумен шектелмейді. Жұмыскерлер табысының өсуі экономиканың нақты мүмкіндіктерімен қамтамасыз етілуі үшін бір мезгілде экономикалық тетіктерді, соның ішінде шағын және орта бизнесті қолдау шараларын ұсыну қажет деп санаймыз», — деді Қазақстанның Ұлттық кәсіподақ орталығының төрағасы.

Сатыбалды Дәулеталин, сондай-ақ, ең төменгі жалақыны белгілеудің ұлттық тәсілдерін одан әрі жетілдіру және оларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін ХЕҰ-ның Ең төменгі жалақы туралы № 131 конвенциясын ратификациялаудың маңыздылығын атап өтті.
ҚРКФ жұмысының тағы бір басым бағыты ретінде Сатыбалды Дәулеталин еңбек қауіпсіздігін атады.
«Еңбек қауіпсіздігі кәсіподақтар үшін басты мәселелердің бірі болып қала береді. Қазақстанда халықаралық стандарттарға негізделген тәсілдерге көшу жүріп жатыр. Бұл жұмысқа 12 мыңға жуық өндірістік кеңес пен кәсіподақтардың 17 мыңнан астам техникалық инспекторы тартылған. Бізге әр кәсіпорындағы кәсіподақтың ықпалын кеңейту, бастауыш ұйымдар құру, ұжымдық шарттар жасау және еңбек қауіпсіздігі бойынша қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Әсіресе қауіп-қатері жоғары өндірістерде бұл өте маңызды. Таңертең жұмысқа аман-есен кеткен адам кешке үйіне аман-есен оралуы керек. Еңбекті қорғаудың бүкіл жүйесі осы қағидатқа сүйенуі тиіс », — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Кәсіподақ кадрларын даярлау мәселесіне тоқталған ҚРКФ төрағасы әріптестеріне «Кәсіподақ көшбасшысы мектебі», «Білім беру марафоны» және «Кәсіподақ десанты» жобаларының дамуы туралы баяндады.
«Кез келген кәсіподақ жұмысы бастауыш ұйымнан басталады, сондықтан жергілікті жерлердегі төрағалар мен кәсіподақ көшбасшыларын даярлау біз үшін аса маңызды. Адам алған білімін кәсіпорында бірден қолдана алуы үшін оқытуды практикамен ұштастыруға тырысамыз. Қазіргі уақытта кәсіподақ қозғалысына қойылатын жаңа талаптарды, соның ішінде цифрлық трансформацияға қатысты өзгерістерді ескеретін Академия құру бағытында да жұмыс жүргізіп жатырмыз», — деп хабарлады ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, еңбек саласындағы заманауи өзгерістер цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуымен тығыз байланысты. Солардың қатарында ҚРКФ төрағасы платформалық жұмыспен қамтуды, қашықтан жұмыс істеуді, жаңа мамандықтардың пайда болуын және кейбір үйреншікті кәсіптердің біртіндеп жойылуын атап өтті.
«Біз технологияға қарсы емеспіз. Технологиялар еңбекті жеңілдетіп, қауіпсіз ете алады. Бірақ біз үшін басты қағидат — технология адам құқықтарын шектеу құралына айналмай, керісінше оның жұмысын жеңілдетуі қажет. Соған байланысты Кәсіподақтар федерациясы Жасанды интеллектті қолдану кезiнде жұмыскерлердің құқықтарын қорғау стандарты мен Ұжымдық шарттарда технологиялық өзгерістерді ескеру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірледі. Кәсіподақтар өзгерістердің соңында қалмай, жаңа технологиялардың жұмыс орнына енгізілу ережелерін алдын ала белгілеуі тиіс», — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Осы тақырыпты сабақтай отырып, Сатыбалды Дәулеталин Бас кеңестің Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «Цифрлық болашаққа бірге» цифрлық трансформация тұжырымдамасын қабылдағаны және ҚРКФ құрылымында Цифрлық технологиялар департаментінің құрылғаны туралы баяндады.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы ынтымақтастықты орталық деңгейде де, салалық және аумақтық деңгейлерде де кеңейтуді ұсынды.
«Бүгінде ақпарат алмасумен ғана шектеліп қалмау біз үшін маңызды. Біздің де, Әзірбайжанның да зерделеуге тұрарлық салмақты практикалық тәжірибесі бар. Заң қызметтері мен клиникалар бағыты бойынша бірлесіп жұмыс істей аламыз, инспекторларды, жастарды және кәсіподақ көшбасшыларын бірлесе оқытып, ұжымдық шарттар саласындағы тәжірибелермен бөлісе аламыз. Тікелей байланыстардың тек федерациялар мен конфедерациялар арасында емес, сонымен бірге салалық кәсіподақтар мен аумақтық бірлестіктер арасында да дамығаны жөн. Сонда ынтымақтастықтың практикалық нәтижесі ауқымдырақ болады», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Сатыбалды Дәулеталиннің пікірінше, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы экономикалық байланыстардың дамуы кәсіподақ әріптестігіне де жаңа мүмкіндіктер ашады. Мұнда, ең алдымен, еңбек жағдайларын, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мен әлеуметтік кепілдіктерді ескеруді талап ететін көлік, энергетика және логистика жобалары туралы сөз болып отыр.
«Қазақстан мен Әзірбайжан бүгінде Шығыс пен Батыс арасындағы экономикалық және көліктік кеңістіктің маңызды бөлігіне айналуда. Логистикалық бағдарлар, энергетика дамып, жаңа жобалар пайда болуда. Осы орайда кәсіподақ ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтеріледі. Біз еңбек жағдайлары, жұмыскерлердің құқықтарының қорғалуы және олардың әлеуметтік кепілдіктері төңірегінде бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Экономикалық ынтымақтастықтың адамгершілік келбеті болуы тиіс, ал осы серіктестіктің өзегінде еңбек адамы тұруы қажет», — деп атап өтті Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы.
Бұл ретте ҚРКФ Төрағасы Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымына мүше елдердің Ұлттық кәсіподақ орталықтарының ынтымақтастығы тек кездесулермен шектелмей, нақты нәтиже беруі тиіс екенін тілге тиек етті.
«Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы тек кездесу алаңы болып қалмауы біз үшін ең басты мәселе. Әрбір басқосудың артында нақты нәтиже — бірлескен жоба, білім беру бағдарламасы, зерттеу немесе нақты мәселенің шешімі тұруы керек. Өткен жылы Бакуде ұйымның алғашқы жұмыс жоспары бекітілді, бүгінде біз осы жұмыстың өрбуін көріп отырмыз. Ертең Астанада ТМКҰ-ның алғашқы ресми шарасы — TURKIC CUP турнирі басталады. Оған Әзірбайжан құрамасының қатысып жатқаны біз үшін өте маңызды. Бұл — жай ғана спорт емес, бұл — командалық рух, сенім, өзара іс-қимыл және бірлесе әрекет ету үлгісі. Бұл қасиеттер кәсіподақ қозғалысына да өте жақын», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Өз кезегінде Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Сахиб Маммадов Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының басшылығына шақырту үшін алғыс айтып, Қазақстан мен Әзірбайжан кәсіподақтары арасында өрістеп жатқан өзара іс-қимылдың мән-маңызына тоқталды.

«Бүгін Қазақстанға келіп, сіздермен қауышқанымызға өте қуаныштымыз. Ынтымақтастығымызды дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинге ризашылығымызды білдіреміз. Әзірбайжан мен Қазақстан арасындағы жаңа бірлескен бастамаларын кеңейтуде және жүзеге асыруда кәсіподақтар ынтымақтастығының дамуына ықпал ететінін бүгін сенімді түрде айта аламыз», — деді Әзірбайжан Ұлттық кәсіподақ орталығының басшысы.
Сахиб Маммадов Әзірбайжанның кәсіподақ жүйесін модернизациялау бағыттары, соның ішінде цифрлық платформаларды дамыту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және кәсіподақ мүшелерін қолдауды жетілдіру жайлы баяндады.
Оның айтуынша, Әзірбайжан кәсіподақтары жұмыскерлердің емдеу және сауықтыру шараларына ерекше көңіл бөледі.
«Біз жұмыскерлердің денсаулығы мен қайта қалыпқа келуін әлеуметтік қорғаудың ажырамас бөлігі ретінде қарастырамыз. Соған байланысты емдеу-сауықтыру бағытын дамытып, цифрлық сервистерді енгізудеміз, қызметтерді кәсіподақ мүшелері үшін қолжетімді әрі ыңғайлы етуге тырысамыз. Осы орайда Қазақстанмен тәжірибе алмасудың жақсы мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Бізге сауықтыру саласында ғана емес, білім беру, спорт, цифрландыру және әлеуметтік қызметтер мәселелері бойынша да серіктестік орнату қызықты. Бiз бiр-бiрiмiздiң мүмкiндiктерiмiздi пайдаланып, бiрлесе отырып жаңа жобалар құруымыз керек», — деді Сахиб Маммадов.
Әзірбайжанның кәсіподақ көшбасшысы жұмыспен қамтудың жаңа нысандары, цифрландыру және технологиялық өзгерістер кәсіподақтардан халықаралық ықпалдастықты талап ететінін баса айтты.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин мен Әзірбайжан Кәсіподақтары конфедерациясының төрағасы Сахиб Маммадов Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы мен Әзірбайжан Кәсіподақтары конфедерациясы арасындағы ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру жөніндегі 2026–2028 жылдарға арналған Жол картасына қол қойды.

Құжатта кәсіподақ жұмысының тәжірибесімен және әлеуметтік әріптестік тәжірибелерімен алмасу туралы уағдаластықтар бекітілген.
Кәсіподақ кадрларын бірлесіп даярлау шеңберінде Әзірбайжан Кәсіподақтары конфедерациясының Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясы мен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Оқу орталығы арасындағы өзара іс-қимыл, білім беру бағдарламалары мен әдістемелік материалдарды алмасу көзделген.
Жол картасында еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау, ұжымдық келіссөздер, жұмыспен қамту, еңбекақы төлеу және жұмыскерлерді әлеуметтік қорғау мәселелері маңызды орын алады.

Тараптар, сонымен бірге, платформалық және бейресми жұмыспен қамту мәселелеріндегі ынтымақтастықты дамытуға, жасанды интеллект және жұмыспен қамтылуға әрі еңбек жағдайларына тигізер әсерін зерделеуге, сараптамалық консультациялар мен бірлескен шаралар өткізуге келісті.
Бұған қоса, Жол картасы жастар және гендерлік саясат, әйелдердің кәсіподақ қызметіне қатысуын кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық және емдеу-сауықтыру шаралары аясындағы серіктестік мәселелерін қамтиды.
«Жол картасына қол қою — бүгінге дейінгі уағдаластықтардан кейінгі кезекті қадам. Енді алға басатын нақты жоспарымыз бар. Тәжірибе алмасуға, бірлескен оқулар өткізуге, еңбекті қорғау, цифрландыру және жұмыспен қамту мәселелерін пысықтауға, жастар және гендерлік бағытты дамытуға келістік. Бірақ ең бастысы — осы шаралардың барлығы еңбек адамы үшін нәтиже беруі тиіс. Бірлескен жұмысымызды дәл осы қағидат бойынша бағалауымыз керек», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Жол картасына қол қойылғаннан кейін тараптар кәсіподақ қызметінің тәжірибелік бағыттары бойынша диалогты жалғастырды.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының емдеу және сауықтыру қызметі туралы ҚРКФ Активтерді басқару дирекциясы директорының орынбасары Мадияр Сұлтанов баяндап берді.

ҚРКФ емдеу-сауықтыру кешені Қазақстанның түрлі өңірлерінде орналасқан және еліміздің негізгі табиғи-климаттық аймақтарын қамтитын 8 шипажайдан тұрады.
Жыл сайын кәсіподақ сауықтыру орындарында 181,8 мыңға жуық адам емделіп, демалады. Емдеу-сауықтыру бағытын дамытудың әзірбайжандық тәжірибесін «Курорт» туристік-ақпараттық орталығының директоры Шыңғыс Гаджиев таныстырып, демалыс пен сауықтыру аясында инфрақұрылымының дамуы, сондай-ақ электронды брондау жүйесінің мүмкіндіктері туралы айтып берді.

Кездесуге қатысушылар кәсіподақ қызметін цифрландыру мәселелерін де талқылады.
ҚРКФ Цифрлық технологиялар департаментінің директоры Нұрлан Досымов ҚР Кәсіподақтар федерациясының цифрлық трансформацияға, электрондық сервистерді дамытуға және кәсіподақ қызметтерінің қолжетімділігін арттыру үшін технологияларды пайдалануға қатысты жаңа тәсілдерімен таныстырды.

Жасанды интеллект және инновациялар саласындағы Әзірбайжан тәжірибесін Әзірбайжан Кәсіподақтары конфедерациясының Жасанды интеллект және инновациялар саласындағы шешімдер департаментінің жетекшісі Орхан Гасанлы мен Жасанды интеллект жөніндегі топ жетекшісі Ибрагим Ахмадов таныстырды.
Күннің екінші жартысында Әзірбайжан Кәсіподақтары конфедерациясының делегациясы «ҚАЗПРОФЖЕЛ» салалық кәсіподағында болды. Кездесу барысында делегация инновациялық зал мен музейді аралап, онда Қазақстанның теміржол саласының тарихы, дамуы мен салалық кәсіподақ қозғалысының қалыптасуы туралы мәлімет алды.
Айта кетейік, ертең, 3 қыркүйекте Астанада Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының алғашқы ресми спорттық шарасы — футзалдан TURKIC CUP 2026 халықаралық турнирінің ашылуы өтеді. ТМКҰ кубогы үшін өтетін бәсекеге Ұйымға мүше елдердің кәсіподақ командалары, соның ішінде Әзірбайжан құрамасы да қатысады.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы