ҚРКФ Төрағасы ХКК Бас кеңесінің отырысына қатысты

Федерация жаңалықтары 02.09.2026

ҚРКФ Төрағасы ХКК Бас кеңесінің отырысына қатысты

Бейсенбі, 3 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы (ХКК) Бас кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин ХКК Бас кеңесінің отырысына қатысты.

 

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі — Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Бас директорын сайлау және оны осы лауазымға бекіту барысын талқылау болды.

Отырыста қатысушылар ХЕҰ Әкімшілік кеңесі бекіткен сайлау талаптарын талқылады. Атап айтқанда, кандидаттармен ашық кездесулер ұйымдастыру, жабық тыңдаулар өткізу және жасырын дауыс беру реті карастырылды.

Осы орайда ХЕҰ құрамындағы үш тараптың — үкіметтердің, жұмыс берушілердің және жұмыскерлер өкілдерінің тең дәрежеде әрі ашық қатысуын қамтамасыз етуге ерекше маңыз берілді.

 

Бекітілген регламентке сәйкес, осы жылдың 23 қыркүйегінде ХЕҰ Бас директоры лауазымынан үміткерлермен ашық диалог түріндегі кездесу өтеді. Осы лауазымға екі тұлға ұсынылып отыр: ұйымның қазіргі Бас директоры Жильбер Унгбо және Испания Үкіметі Төрағасының екінші орынбасары, Еңбек және әлеуметтік экономика министрі Иоланда Диас Перес.

 

Үміткерлердің әрқайсысы ХЕҰ-ның келешектегі даму бағыты туралы өз пайымын таныстырып, үкіметтердің, жұмыс берушілердің және жұмыскерлер өкілдерінің қойған сұрақтарына жауап береді.

Бұл формат кандидаттар мен барлық қатысушы тараптарға сөз сөйлеу уақытын тең бөлуді көздейді. Шара онлайн режімде өтеді, сондай-ақ кандидаттардың Женевадағы ХЕҰ штаб-пәтеріне барып қатысуына да мүмкіндік жасалады. Кездесу барысында ХЕҰ-ның жеті ресми тіліне, соның ішінде орыс тіліне де синхронды аударма жасалады.

Келесі кезеңде, 2026 жылғы 9 қарашада, ХЕҰ Әкімшілік кеңесінің отырысында кандидаттардың жабық тыңдаулары өтеді.

 

Ал Бас директорды тікелей сайлау 2026 жылы 16 қарашада Әкімшілік кеңестің жабық мәжілісінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асады. Қажет жағдайда, тараптардың өзара кеңесуі үшін үзілістер жарияланып, дауыс беру бірнеше айналым бойы жүргізілуі мүмкін.

 

Сайлау аяқталған соң Әкімшілік кеңес жұмысын қайтадан ашық режимде жалғастырады. Онда дауыс беру нәтижесі ресми жарияланып, ХЕҰ-ның жаңа Бас директоры тағайындалады. Бұл отырыс Ұйымның ресми сайты арқылы тікелей эфирде көрсетіледі.

 

Сатыбалды Дәулеталиннің ХКК Бас кеңесінің отырысына қатысуы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының халықаралық кәсіподақ қозғалысындағы белсенді орнын көрсетеді. Сондай-ақ бұл еңбек қатынастары, әлеуметтік қорғау және жұмыскерлердің құқықтарын қорғау саласында тиімді халықаралық саясат қалыптастыруға еліміздің шынайы мүдделі екенін білдіреді.

ХЕҰ-ның жаңа Бас директорын сайлау — әлемдік еңбек қауымдастығы үшін маңызды оқиға, ол Ұйымның алдағы жылдардағы негізгі басымдықтарын айқындап бермек.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы