Бейсенбі, 3 қыркүйекте Астанада Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының (ТМКҰ) футзалдан алғашқы халықаралық турнирі — TURKIC CUP 2026 жалауын көтерді. Спорт алаңында Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының құрамалары жүздесті.
Бұл форматтағы алғашқы футбол додасын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырды. ТМКҰ үшін бұл — бес ұлттық кәсіподақ орталығы өкілдерінің басын тек спорттық бәсеке төңірегінде емес, сонымен бірге кәсіподақ ынтымақтастығының ортақ идеясы төңірегінде тоғыстырған жаңа ықпалдастық алаңы.

Жарыс екі күн бойы айналмалы жүйе бойынша өтеді. Командалар ТМКҰ-ның ауыспалы кубогы үшін бақ сынайды, ал кездесудің басты мақсаты — түркі әлемінің кәсіподақ ұйымдары арасындағы байланысты одан әрі нығайту.
TURKIC CUP 2026 турнирінің ашылуында ТМКҰ Бас хатшысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин командаларға ыстық ықыласын білдіріп, кәсіподақ серіктестігі тек кәсіби салада ғана шектелмеуі керектігін атап өтті.

«Біз әдетте келіссөз үстелінде жүздесіп, еңбек адамдарының, жұмыскерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғаймыз. Ал бүгін спорт алаңында бас қосып отырмыз. Футбол, спорт және кәсіподақ — бұл ортақ мақсат пен ортақ міндет. Футболда да, кәсіподақта да ұжымдық әрекет, өзара көмек, қолдау мен ауызбіршілік өте маңызды», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасының айтуынша, алғашқы TURKIC CUP бес елдің кәсіподақ орталықтарын біріктіру үшін құрылған Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының нақты іске асқан жобаларының біріне айналды.
«Осыдан үш жыл бұрын Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымын құрдық. Бұл ұйым бес елдің — Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстанның кәсіподақтарын тоғыстырды. Бүгінде мемлекеттеріміз өте белсенді әріптестік орнатып, бизнес ортақ жобаларды дамытуда. Әрине, осы үдерістердің барлығының әлеуметтік қыры да болуы тиіс. Осы ынтымақтастықтың өзегінде еңбек адамы тұруы керек. Өзара ықпалдастықты кеңейту кәсіподақтар арасындағы қарым-қатынастың жаңа формаларын талап етеді. Бірлескен спорттық әрі мәдени бастамалар сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға жол ашады, бұл кейіннен кәсіби әріптестікте де жалғасын табады. Біз тек келіссөз үстелінде немесе құқық қорғау сәтінде ғана жүздесіп қоймай, мәдени әрі спорттық тұрғыда да дамуымыз қажет. Бұл — ұйым жоспарымен бекітілген іс-шаралардың бірі», — деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Сонымен қатар, ҚРКФ төрағасы спортпен айналысуға және салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік жасау кәсіподақтардың әлеуметтік жұмысының ажырамас бөлігі екенін айтты.
«Бұқаралық спортты дамыту керек. Біздің ұйым еңбек азаматтарының, жұмыскерлердің спортпен шұғылданып, денсаулығын нығайтуына жан-жақты жағдай жасап, бар күш-жігерін жұмсайды», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ол турнирдің келешегіне де жеке тоқталды. ТМКҰ Бас хатшысының сөзінше, TURKIC CUP дәстүрлі жарысқа айналып, ұйымға мүше түрлі елдерде кезегімен өтіп тұруы тиіс.
«Бұл турнир достығымызды, ауызбіршілігіміз бен ынтымағымызды шыңдауға қызмет етеді деп үлкен үміт артамыз. Турнир тұрақты дәстүрге айналады», — деді ТМКҰ Бас хатшысы.
TURKIC CUP додасының кәсіподақтар ықпалдастығын нығайтатын маңызды алаң екенін Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Сахиб Маммадов та атап өтті.
Ол Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, бес елдің өкілдері Астанаға тек спорттық нәтиже үшін келмегенін жеткізді.
«Бүгін Әзірбайжан, Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан кәсіподақтарының өкілдері тек кімнің мықты екенін анықтау үшін емес, спорт арқылы бауырлас түркі мемлекеттері мен халықтарының достығын, бірлігі мен ынтымағын тағы бір мәрте дәлелдеу үшін бас қосты», — деді Сахиб Маммадов.

Оның айтуынша, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың дамуы ұлттық кәсіподақ орталықтарының өзара ықпалдастығына да берік негіз қалайды.
TURKIC CUP 2026 турнирінің ашылу салтанатына олимпиада чемпионы, Туризм және спорт министрінің штаттан тыс кеңесшісі Серік Сәпиев қатысты. Қатысушыларға лебізін білдірген ол командаларға сәттілік тілеп, мұндай жарыстар елдер арасындағы достық байланыстарды нығайтуға зор мүмкіндік беретінін айтты.
«Мұндай турнирлердің арқасында елдеріміздің ынтымақтастығы дамып, нығая түседі. Осы дода басқа елдерде де жалғасын тауып, достығымыз беки берсін», — деді Серік Сәпиев.

Ресми ашылудан кейін командалар ТМКҰ Кубогы үшін тартысты бәсекені бастап кетті.
TURKIC CUP 2026 турнирінің алғашқы күні голдарға да, шиеленісті бәсекеге де толы болды. Кездесулер әртүрлі қарқында өтіп, нәтижелі есептермен аяқталды.
Турнирдің алғашқы матчы Әзірбайжан мен Қырғызстан құрамалары арасында өтті. Нәтижелі ойын қорытындысы бойынша Қырғызстан құрамасы өз қақпасына екі гол жіберіп алып, қарсыластар қақпасына бес доп енгізді. Соңғы есеп — 5:2, Қырғызстан пайдасына аяқталды.
Екінші ойында Өзбекстан мен Түркия командалары бақ сынасты. Өзбекстан құрамасы өз қақпасына бірде-бір гол өткізбестен, матчты алты гол басымдығымен аяқтады. Кездесу 6:0 есебімен тәмамдалды.

«Қазақстан-1» командасы өзінің алғашқы ойынында Әзірбайжан құрамасымен кездесті. Қазақстандық ұжым қарсылас қақпасына алты доп соқты, ал қарсылас тарап бір голмен ғана жауап қайтара алды. Соңғы есеп — 6:1, «Қазақстан-1» пайдасына шешілді.

Келесі матчта алаңға Қазақстанның екінші командасы шықты. Түркиямен өткен кездесу 8:3 есебімен «Қазақстан-2» командасының жеңісімен аяқталды.
Есеп алшақтығы жағынан ең тартысты кездесулердің бірі «Қазақстан-1» мен Қырғызстан арасында өтті. Командаларды тек бір гол ғана бөліп тұрды. Нәтижесінде «Қазақстан-1» 3:2 есебімен жеңісті жұлып алды.

Бірінші күннің қорытынды матчында «Қазақстан-2» командасы Өзбекстан құрамасымен кездесті. Қазақстандық ұжым төрт доп соғып, өз қақпасына бір доп жіберіп алды. Кездесу 4:1 есебімен аяқталды.

Осылайша, алғашқы күннің өзінде-ақ қатысушылар ойынның жоғары қарқыны мен жеңіске деген өршіл ұмтылысын көрсетті. Жүлделі орындардың түпкілікті иегерлері екінші ойын күнінің нәтижелерінен кейін анықталады.

Ойыншылар үшін TURKIC CUP тек спорттық сынақ қана емес, сонымен бірге ТМКҰ-ның тұңғыш халықаралық турнирінде өз елдерінің намысын қорғау мүмкіндігі болды.
Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы командасының 23 жастағы футболшысы Оңалбай Әділет футболмен 11 жасынан бері айналысады, ал Федерация құрамасында өнер көрсетіп жүргеніне алты жылға жуықтаған. Оның айтуынша, алғашқы ойын күні өте жоғары деңгейде өтті.

«Бүгінгі ойын өте жақсы, жоғары деңгейде өтіп жатыр деуге болады. Алғашқы ойында Түркия командасымен кездесіп, 8:3 есебімен жеңіске жеттік. Ойын өте тартысты болды. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл турнирдің өту барысы маған өте ұнады. Биыл біздің қатарға Түркия мен Әзірбайжан да қосылды. Барлығы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған», — деді футболшы.

Қазақстанның екінші командасының 19 жастағы қақпашысы Даниял Жамбыл үшін TURKIC CUP жарысы — ересектер арасындағы осындай ауқымды турнирге алғаш рет қатысуы. Ол футболмен тоғыз жасынан бері шұғылданады.
«Мен үшін бұл — үлкен жауапкершілік әрі зор мәртебе. Ұйымдастырушыларға жыл сайын осындай жоғары деңгейде жарыстар өткізіп, көптеген ойыншыларды, соның ішінде кәсіпқой спортшыларды тартқаны үшін алғыс айтамын. Маған сенім артып, осы турнирде Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік бергендері үшін бөлек рақмет. Мұндай турнирді өткізудің басты мақсаты — адамдардың басын біріктіру, олардың құқықтарын қорғау және денсаулығына қамқорлық жасау. Кәсіподақ құрамына әртүрлі сала өкілдері — дәрігерлер, мұғалімдер және басқа да көптеген мамандар кіреді. Сондықтан мұндай іс-шараларды өткізудің маңызы зор. Олар әртүрлі сала мен әртүрлі елдердің адамдарын жақындастырып, пікір алысуға, спортпен айналысуға және уақытты бірге өткізуге мүмкіндік береді», — деді Даниял Жамбыл.

Алғашқы TURKIC CUP турниріне Өзбекстан кәсіподағының өкілі Шерзод Мирзаахмедов те оң баға берді. Ол Қазақстан мен Өзбекстан командаларының кәсіподақ жарыстарында кездесіп жүргеніне бірнеше жыл болғанын, алайда бұл жолғы турнир бірден бес елдің басын қосып, үйреншікті форматты кеңейте түскенін атап өтті.

«Ең бастысы — осы турнирдің арқасында барлық қатысушылар бір-біріне жақындай түсіп, бауырласып, қарым-қатынасты нығайтса дейміз. Осындай тамаша турнирді ұйымдастырғаны үшін ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз. Біз чемпион атанамыз деген үміттеміз», — деді Шерзод Мирзаахмедов.
Қырғызстан өкілі Батбек Арапов үшін де бұл турнир Астанаға алғаш рет келіп, мықты қарсыластармен байқасуға мүмкіндік берді.
«Бүгінгі бәсеке өте тартысты әрі жоғары деңгейде өтті. Мен Астанада бірінші рет болып тұрмын, бұл сапар мен үшін өте қуанышты. Турнирге қатысушы барлық құрамаларға және ұйымдастырушы ұжымға сәттілік серік болсын! Жарыс жоғары деңгейде өтетініне кәміл сенемін. Бастысы — спортшыларымыз жарақаттан аман болып, әрбір қатысушы аман-есен үйіне аман оралсын», — деді ол.
TURKIC CUP 2026 турнирінің алғашқы күні-ақ ТМКҰ-ның бұл бастамасы спорттық бәсеке мен кәсіподақ ынтымақтастығын сәтті тоғыстыра білгенін дәлелдеді. Алаңда командалар әрбір соғылған гол мен турнир кестесіндегі жоғары орын үшін жан аямай бәсекелесіп жатса, алаң сыртында ұлттық кәсіподақ орталықтарының өкілдері өзара еркін тіл табысып, тәжірибе бөлісіп, бауырластық байланыстарын бекіте түсуде.Екінші ойын күні командалардың қорытынды орындарын және алғашқы ауыспалы ТМКҰ Кубогының иегерін анықтайды.
Анықтама: Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы — түркі әлемінің ұлттық кәсіподақ орталықтарының халықаралық бірлестігі.
ТМКҰ-ны құру туралы келісімге 2023 жылы 29 шілдеде Шуша қаласында (Әзірбайжан) Қазақстан, Әзірбайжан, Түркия және Өзбекстан кәсіподақ орталықтарының өкілдері қол қойған. Кейіннен ұйымға Қырғызстан қосылды.
ТМКҰ Бас хатшысы — Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин.
ТМКҰ 15 миллионнан астам кәсіподақ мүшесінің басын біріктіреді және бес мемлекеттің 48 миллионға жуық еңбеккерінің мүддесін білдіреді.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы