Жұма, 4 қыркүйек күні Астанада Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы аясында өткен футзалдан тұңғыш халықаралық жарыс — TURKIC CUP 2026 турнирі мәресіне жетті.
ТМКҰ-ның ауыспалы кубогы үшін өткен бұл бәсекеде Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстанның ұлттық кәсіподақ орталықтарының командалары тұңғыш рет спорт алаңында жүздесті.

Айтулы футзал додасын Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырды.
Екі күн бойы қатысушылар тек жеңіс үшін ғана бақ сынасып қоймай, еркін тілдесіп, өзара тәжірибе бөлісті әрі бауырлас елдердің кәсіподақ орталықтары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсті.

4 қыркүйекте топтық кезең аяқталып, TURKIC CUP 2026 турнирінің шешуші бәсекелеріне шыққан құрамалар белгілі болды.






Алғашқы жартылай финалда Қазақстан-1 командасы Өзбекстан құрамасымен бәсекеге түсті. Ойында 5:2 есебімен басым түскен қазақстандық футболшылар турнирдің финалына жолдама алды.
Екінші жартылай финалда Қырғызстан құрамасы Қазақстан-2 командасын 5:2 есебімен ұтты.
Үшінші орын үшін болған кездесуде Қазақстан-2 командасы Өзбекстан құрамасымен бақ сынасты. Тартысты ойында Өзбекстан құрамасы 3:1 есебімен жеңіске жетті.
TURKIC CUP 2026 турнирінің шешуші финалында Қазақстан-1 мен Қырғызстан құрамасы кездесті. Бұл ойында қазақстандық құрама қарсыласын 6:0 есебімен ұтып, айқын жеңіске жетті.
Дода қорытындысы бойынша Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының ауыспалы кубогын алғаш болып Қазақстан-1 командасы қанжығасына байлады.
TURKIC CUP 2026 турнирінің күміс жүлдесі Қырғызстан құрамасына бұйырса, қола жүлдені Өзбекстан құрамасы иеленді.


Сонымен қатар жарыс соңында жекелеген номинациялар бойынша да ең үздік ойыншылар анықталды.
Қазақстан-1 командасының жеңісіне зор үлес қосқан Әділет Оңалбайға (Қазақстан) TURKIC CUP 2026 турнирінің «Үздік шабуылшысы» атағы берілді.
Жарыстың «Үздік қорғаушысы» болып Шокирджон Хадиев (Өзбекстан) танылды.
TURKIC CUP 2026 турнирінің «Үздік ойыншысы» мәртебесін Елдос Шарафинов (Қазақстан) иеленді.
«Футболға адалдығы үшін» арнайы номинациясымен Азиз Мамадов (Өзбекстан) марапатталды.
Қырғызстан құрамасының намысын қорғаған Нұрсұлтан Жұмахан турнирдің «Үздік қақпашысы» болып танылды.






Марапаттау рәсімінде Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының Бас хатшысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бұл турнирдің түркі елдерінің кәсіподақ қозғалысы үшін маңызы зор оқиға болғанын атап өтті.

«Бүгін Астана төрінде Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының футзалдан тұңғыш халықаралық турнирі мәресіне жетті. Бұл бәсекеде бес мемлекеттің — Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан және Түркияның құрамалары бақ сынасты. Мұндай турнирдің ұйымдастырылуының өзі — арамыздағы достық пен бірліктің, ынтымақтастықтың айқын дәлелі. Бұл — біздің иық тіресе алға басып, 48 миллион еңбеккердің мүддесін білдіретін 15 миллионнан астам кәсіподақ мүшесінің құқығын бірге қорғап келе жатқанымызды көрсетеді», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Турнирдің болашағына тоқталған ҚРКФ төрағасы алғашқы TURKIC CUP Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымы үшін жаңа бір спорттық дәстүрдің бастауы болатынын айтты.
«Бұл — біздің алғашқы жарысымыз, өзара келісім бойынша оны Қазақстан жерінде, Астанада өткіздік. Мұның өзіндік тарихи мәні де бар. Осы жерден басталған игі бастама жақсы дәстүрге айналуға тиіс. Біз бұл турнирді тұрақты түрде өткізіп, оны кәсіподақ командаларының беделді додасына айналдырамыз деп уағдаластық. Келесі жарысты Әзірбайжанның Баку қаласында өткізуді жоспарлап отырмыз», — деді ТМКҰ Бас хатшысы.

Сатыбалды Дәулеталин барлық командаларға қатысқаны үшін алғыс білдіріп, бұған дейін мұндай турнирлерде бой көрсетпеген Түркия құрамасының өнерін ерекше атап өтті.
«Жарысқа қатысқан барлық командаға алғысымды білдіремін, соның ішінде Түркия құрамасын бөлек атап өткім келеді. Түрік бауырларымызға деген құрметім де, ықыласым да бөлек, бұл — ынтымақтастығымыздың тек бастамасы екеніне сенімдімін. Түркия құрамасы өте тартысты әрі мазмұнды ойын көрсетті, біз олардың өнерін сүйсіне тамашаладық. Ал Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан командаларының тәжірибесі біршама басым болды. Өйткені біз Орталық Азия елдерінің кәсіподақтар кеңесі аясында осымен бесінші рет кездесіп отырмыз, сондықтан бір-бірімізді де, алаңның сырын да, мұндай бәсекенің ерекшелігін де жақсы білеміз. Дегенмен, дәл осындай тартысты кездесулер командалардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинауына әрі одан әрі шыңдалуына жол ашады», — деді Қазақстан кәсіподақ қозғалысының көшбасшысы.

Сонымен бірге Сатыбалды Дәулеталин шешуші матчтардың өте жоғары деңгейде өткенін және ойыншылар мен жанкүйерлердің алаңда ерекше атмосфера қалыптастырғанын айтты.
«Финалдық ойындар футзал сүйер қауымның көңілінен шығатындай дәрежеде өтті. Футболшылар жоғары техникасын, ауызбіршілігін, әдемі комбинациялар мен мықты соққыларын көрсетсе, қақпашылар да бірнеше рет шеберлік танытып, командаларын құтқара білді. Жанкүйерлер де бүгін нағыз жалынды ойынның куәсі болып, зор әсер алды деп ойлаймын. Жарысқа шын жүрекпен, жоғары дайындықпен келген барлық команда алғысқа лайық. Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымын құруға кіріскенімізде, ең алғашқы бірлескен шаралардың бірі ретінде дәл осы спорттық турнирді таңдаған едік. Неге? Өйткені спорт ұжымдық рухты, достық пен ынтымақтастықты өте жақсы көрсетеді. Спортта мұны командалық рух десе, кәсіподақ қозғалысында — ынтымақтастық дейді. Осы турнир арқылы біз ынтымақтастықты, бірлік пен бауырластықты паш еткіміз келді. Бүгін бұл мақсатымыз толығымен орындалды», — деп сөзін түйіндеді Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының Бас хатшысы Сатыбалды Дәулеталин.

Өз кезегінде Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы Сахиб Маммадов бұл алғашқы турнирдің аяқталуы ТМКҰ-ға мүше елдердің кәсіподақ орталықтары арасындағы ынтымақтастықтың жаңа белесіне жол ашқанын атап өтті.

«Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының кубогы үшін футзалдан өткен тұңғыш халықаралық турнир де өз мәресіне жетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды, бірақ біздің достық жүздесуіміз мұнымен тоқтамайтынына сенімдімін. Бұл жарыс алдағы уақытта да пікір алмасып, ынтымақтастықты дамытуға және кәсіподақ ынтымақтастығын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер береді», — деді Әзірбайжан ұлттық кәсіподақ орталығының басшысы.
Ол турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырып, командаларға барлық жағдайды жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына ризашылығын білдірді.

«Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының және өзімнің атымнан Қазақстан Кәсіподақтар федерациясына турнирді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер бауырлас елдердің кәсіподақ өкілдері жүздесіп, бір-бірін жақынырақ танып, бар байланыстарды нығайтуға мүмкіндік беретін тамаша алаң ұйымдастырдыңыздар. Осы жерде қалыптасқан игі дәстүр әрі қарай жалғасып, жыл өткен сайын бізді бұрынғыдан да тығыз біріктіре түсетініне сенімдімін», — деді Әзірбайжан Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы.
Сахиб Маммадов сонымен бірге қатысушылардың спорттық шеберлігін және командалардың бір-біріне деген зор құрметін ерекше атап өтті.
«Сіздер тек жақсы спорттық дайындық пен жеңіске деген жігерді ғана емес, қарсыласқа деген құрмет пен нағыз жолдастық рухты көрсете білдіңіздер. Әрбір матч жай ғана жеңіс үшін талас емес, ол кәсіподақ ұйымдарымыз арасындағы өзара сенімді нығайтудың тағы бір мүмкіндігіне айналды», — деп атап өтті Әзірбайжанның кәсіподақ көшбасшысы.
Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Құдратилла Рафиковтың атынан жарыс қатысушыларын Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы делегациясының басшысы Боходир Таджиев құттықтады. Ол ТМКҰ-ның алғашқы турниріне қатысу тек спорттық нәтиже жағынан ғана емес, жалпы идеялық жағынан да зор мәнге ие екенін жеткізді.

«Бұл жерде жеңілгендер жоқ. Біз бәріміз жеңіске жеттік, өйткені арамыздағы достық пен бауырластықты нығайттық. Бұл турнир міндетті түрде жалғасын табады және уақыт өте келе оған қатысатын елдердің қатары көбейе береді деп сенемін», — деді Боходир Таджиев.
Өзбекстан делегациясының басшысы сондай-ақ жарысты жоғары деңгейде ұйымдастырып, командаларға барлық жағдайды жасағаны үшін қазақстандық тарапқа алғыс айтты.
Қатысушылардың пікірінше, TURKIC CUP 2026 түркі мемлекеттері кәсіподақтарының жаңа спорттық дәстүріне жасалған сәтті қадам болды. Астана алаңында командалар ең үздіктерді анықтағанымен, жаңа таныстықтар, адал бәсекелестік және әр елден келген әріптестердің жүздесуі жарыстың ең басты жеңісіне айналды.
«Бұл турнирде жеңімпаз атандық, бұған өте қуаныштымыз. Қалай болғанда да, бұл — Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының тарихындағы алғашқы Кубок. Біз жанкүйерлерімізді, жақындарымызды, елімізді қуантқымыз келді. Әр ойынға тек жеңіс үшін шықтық және ойлағанымыз орындалды», — деді турнирдің үздік ойыншысы Елдос Шарафинов.
\
«Футболға қосқан үлесімнің осылай жоғары бағаланғаны — мен үшін үлкен мәртебе. Қазақстандық бауырларымды жеңістерімен құттықтаймын, олар бұл жеңіске адал әрі тартысты күресте лайықты түрде қол жеткізді», — деді Өзбекстан Кәсіподақтар федерациясы құрамасының мүшесі Азиз Мамадов.

Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымының алғашқы Кубогы Қазақстанда қалады. Ал келесі жолы бес мемлекеттің үздік кәсіподақ футболшылары бұл жүлде үшін Бакуде бақ сынайды — турнир эстафетасын Әзірбайжан қабыл алды.

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы