Дүйсенбі, 7 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірі бойынша кәсіпкерлікті дамыту және «жасыл» жұмыс орындарын ашу жөніндегі аға сарапшысы Кристина Мартинеспен кездесті.

Бұл кездесу ХЕҰ-ның Қазақстанда «көгілдір қаржыландыруды» дамытудың әлеуметтік қырларына арналған арнайы кеңес беру сапары аясында өтті. Сапар барысында халықаралық ұйым өкілдері мемлекеттік мекемелер, жұмысшылар мен жұмыс берушілер, су шаруашылығы мекемелері, бизнес және басқа да мүдделі тараптардың өкілдерімен кездесулер өткізіп жатыр.
Кәсіподақ өкілдерімен жүздесуде су саласын заманауи талаптарға сай жаңарту мен жаңа қаржыландыру тәсілдерінің халықты жұмыспен қамтуға, мамандардың дағдысы мен еңбек жағдайларына қалай әсер ететіні сөз болды.

Кеңесудегі басты тақырыптардың бірі — «көгілдір қаржыландырудың» қоғамға тигізер әлеуметтік салдары.
Кристина Мартинестің айтуынша, PAGE Blue Finance жобасы су ресурстарын тиімді әрі үнемді басқаруға арналған қаржы құралдарын жасауды, осы саладағы ұлттық жіктеуішті («көгілдір таксономия») әзірлеуді және арнайы «көгілдір» облигациялардың алғашқы сынақ басылымдарын қолдауды көздейді. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстанда 2025 жылдың маусымынан 2027 жылдың маусымына дейін жүргізіледі.

«ХЕҰ кәсіподақтардың бұл процеске ең бастапқы кезеңнен-ақ белсене араласуына мүдделі. Оған БҰҰ-ның халықаралық мекемелері де Қазақстанның мемлекеттік органдарымен бірлесіп, «көгілдір қаржыландыруды» дамытуға және аймақтарда тиісті жобаларды дайындауға атсалысып жатыр», — деді халықаралық сарапшы.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі офисінің экономисі Марат Шашкенов қаржылық құралдарды әзірлеу барысын баяндады. Оның сөзінше, елімізде «жасыл» облигациялар нарығы бұрыннан жұмыс істеп тұр, ал «көгілдір» облигациялар үшін заңнамалық негіз бен қаржыландыру талаптары әлі дайындалу үстінде. Бұл ретте басты назарда тұрған аймақтардың бірі — Каспий жағалауындағы Маңғыстау және Атырау облыстары.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «көгілдір экономиканың» қаржылық тетіктері тек құрылыс пен технологияны дамытуды емес, ең алдымен қарапайым еңбек адамының мүддесін ескеруі керектігіне тоқталды.
«Тартылған қаражат еңбек адамын қорғауға және оны жаңа мамандандыруға да жұмсалуы үшін біз «көгілдір» облигациялардың әріптестер мен жұмыс берушілерге беретін мүмкіндіктерін дұрыс пайдалануымыз керек. Бұл — біздің негізгі міндетіміз. Су деңгейі мен балансының өзгеруі бірден бірнеше салаға, әсіресе балық шаруашылығына, сондай-ақ Каспий өңіріндегі туризмге, қонақүй бизнесіне және қызмет көрсету саласына айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Каспий теңізінің тартылуы балық аулаумен, туризммен және оған байланысты қызметтермен айналысатын тұрғындардың нәпақасына тікелей залалын тигізеді», — деді Мұхтар Тінікеев.

Осыған байланысты Кәсіподақтар федерациясы кез келген жобаны іске қоспай тұрып, оның еңбек нарығына тигізетін ықпалын алдын ала бағалау қажет деп санайды. Бұл тәсіл ҚРКФ-ның 2025–2030 жылдарға арналған жұмыс стратегиясына толық сәйкес келеді. Онда «жасыл» дағдыларды дамыту мен қорғау, жаңа ашылған салаларда бейресми еңбектің белең алуына жол бермеу және еңбек қауіпсіздігі стандарттарын арттыру қарастырылған.
Сондай-ақ Мұхтар Тінікеев 2024 жылы Кәсіподақтар федерациясы климаттың өзгеруіне, еңбек нарығына және декарбонизация (көміртек шығарындыларын азайту) тәуекелдеріне арнайы талдау жүргізгенін еске салды. Онда көмір мен ауыр өнеркәсіпке тәуелді салалардағы жұмыс орындарының болашағы мен Қарағанды және Павлодар облыстарындағы моноқалалар үшін туындайтын қауіптер егжей-тегжейлі зерттелген еді.
«Қазақстанда 2019–2024 жылдары жүзеге асырылған PAGE жаһандық бастамасының бірінші кезеңі көміртек көлемін азайтудың макроэкономикалық негізін қалады. Экологиялық кодекс, Ұлттық даму жоспары және 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданды. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей, климатқа қатысты ұлттық құжаттарда әлі де болса тек экологиялық пен технологиялық көрсеткіштерге басымдық беріліп келеді. Енді бұл тәсілді теңестіретін уақыт жетті — жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды нақты күшейтіп, климатты жоспарлау ісіне кәсіподақтардың толыққанды қатысуын қамтамасыз ету қажет», — деді Мұхтар Тінікеев.
Кездесуде әділ көшу мәселелері де жеке сөз болды. Кәсіподақ өкілінің пікірінше, өндірісті жаңарту технологиялардың, мамандықтар мен біліктілік талаптарының өзгеруіне алып келсе, жұмысшылар қажетті білім мен дағдыларды алдын ала тегін меңгеруге мүмкіндік алуы тиіс.
«Бұл мамандықты қайта оқытуды, жұмыс орнын сақтап қалуды немесе басқа лайықты жұмысқа ауысуды білдіреді. Аталған мәселе өндірісті автоматтандыру мен жасанды интеллектіні енгізу жағдайында одан сайын өзекті болып отыр. Жұмыс берушілер жаңа технологиялық шешімдердің ұзақ мерзімді салдарын алдын ала ескеріп, жұмысшылардың біліктілігін арттыруға ерте бастан қаржы бөлуі маңызды. Сонымен қатар, ҚРКФ «көгілдір» облигациялар есебінен қаржыландырылатын жобаларды таңдағанда әлеуметтік талаптарды да есепке алуды ұсынады. Егер жобаға қаржы бөлінсе, ондағы жұмыс орындарының болашағы қандай болатыны және жұмысшылар үшін қандай қолдау шаралары қарастырылатыны алдын ала белгілі болуы тиіс. Бұл талаптар жай ғана қағаз жүзіндегі ұсыныс болып қалмауы керек. Тартылған қаражат есебінен атқарылатын жұмыстарды бағалауға және шешім қабылдауға жұмысшы өкілдерін қатыстыру мүмкіндігін қарастыру қажет», — деді Мұхтар Тінікеев.
Су ресурстарына байланысты нақты еңбек тәуекелдері мен қауіптері туралы ҚРКФ Бас техникалық инспекторы Марат Имаш баяндады.

«Қазақстан үшін мәселе тек кейбір аймақтардағы су тапшылығында ғана емес: еліміздегі су ресурстарының жартысына жуығы бастауын Қытай, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан сияқты көрші елдерден алатын трансшекаралық өзендерге тәуелді. Сондай-ақ сөз тек судың жетіспеушілігі туралы емес. Екі жыл бұрын Қазақстан керісінше жағдайға — үлкен шығын әкелген алапат тасқындарға тап болды. Кәсіпорындар мен жұмыс орындары су астында қалды. Кәсіподақтар федерациясы бұл іске белсене араласып, зардап шеккендерге қаржылай және заңнамалық көмек көрсетті, ал жергілікті кәсіподақтар тікелей оқиға орындарында жұмыс істеді. Кейіннен жұмыс орындары қалпына келтірілгенімен, апаттың салдары тек өндіріске емес, қарапайым отбасыларға ауыр тиді: адамдар үйлерінен, мүліктерінен, мал-жаны мен көліктерінен айырылды», — деді ҚРКФ Бас техникалық инспекторы.

Астанадағы кеңесу кездесулері су шаруашылығы саласының, жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың қатысуымен әрі қарай жалғасады.
Ал Ақтау қаласында ХЕҰ сарапшылары жұмысшылармен, кәсіподақтармен, жұмыс берушілермен және еңбек инспекциясының өкілдерімен арнайы өңірлік кездесулер өткізеді.

Онда су балансының өзгеруі көлік, логистика, өнеркәсіп, туризм, қызмет көрсету саласы мен шағын және орта бизнеске қалай әсер ететініне ерекше назар аударылмақ.
Бұл сапардың қорытындысы бойынша ХЕҰ барлық қатысушылардың ұсыныстарын жинақтап, Қазақстанда «көгілдір қаржыландыруды» ары қарай дамыту кезінде еңбек және әлеуметтік мәселелерді ескеруге арналған нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді жоспарлап отыр.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы