Халықаралық кәсіподақтар алаңында: денсаулық сақтау қызметкерлерінің құқықтары талқыланды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 08.09.2026

Халықаралық кәсіподақтар алаңында: денсаулық сақтау қызметкерлерінің құқықтары талқыланды

2026 жылғы 2–6 қыркүйек аралығында Моңғолияның Ұлан-Батор қаласында Моңғолия денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының 100 жылдығына арналған халықаралық мерейтойлық іс-шаралар өтті.

Ауқымды шараға денсаулық сақтау саласындағы кәсіподақ ұйымдарының өкілдері қатысып, еңбек адамдарының құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және кәсіподақтар арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.
Іс-шара Орталық Азия елдерінің денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподақтары кеңесінің іс-шаралар жоспары аясында ұйымдастырылды. «QazMed» РҚБ аталған кеңестің мүшесі ретінде халықаралық кездесуге қатысты.
Қазақстандық делегация құрамында «QazMed» РҚБ «Almaty-QM» жергілікті кәсіподағының төрағасы Зәуреш Аманжолова және «QazMed» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Махашов болды.


Кездесу барысында денсаулық сақтау қызметкерлерінің еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру, әлеуметтік әріптестікті дамыту және кәсіподақтардың қызметкерлер мүддесін қорғаудағы рөлін күшейту мәселелері көтерілді.
Сонымен қатар халықаралық кәсіподақтық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, тәжірибе алмасу және денсаулық сақтау саласындағы еңбек қатынастарына қатысты өзекті мәселелер бойынша бірлескен ұстаным қалыптастыру бағыттары сөз болды.


Нұрлан Махашов Моңғолия денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, еңбек қауіпсіздігі ұғымы тек өндірістік қауіпсіздік талаптарын орындаумен шектелмеуі керектігін атап өтті.
Оның пікірінше, медицина қызметкерлері үшін қауіпсіз еңбек ортасымен қатар, лайықты жалақы мен еңбек жағдайы, әлеуметтік кепілдіктер, кәсіби дамуға мүмкіндік және еңбек құқықтарының сақталуы да маңызды.


Халықаралық басқосу барысында Қазақстандағы денсаулық сақтау саласындағы кәсіподақ жұмысының тәжірибесі таныстырылып, медицина қызметкерлерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
Денсаулық сақтау саласы - адам өмірі мен денсаулығына тікелей жауапты ерекше сала. Сондықтан медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі мен әлеуметтік қорғалуы олардың кәсіби қызметінің сапасына да әсер етеді. Осы ретте кәсіподақтардың міндеті - қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуына ықпал ету, әлеуметтік әріптестік тетіктерін жетілдіру және жұмыс берушілермен тиімді диалог орнату.


Моңғолия денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының ғасырлық мерейтойы - кәсіподақ қозғалысының еңбек адамдарының құқықтарын қорғаудағы тарихи маңызын айқындайтын айтулы оқиға. Мерейтойлық іс-шара халықаралық әріптестер арасында тәжірибе алмасып, өзара байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.
Жамбыл облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі үшін мұндай халықаралық алаңдардың маңызы зор. Себебі әріптес ұйымдармен тәжірибе алмасу арқылы еңбек адамының құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін зерделеп, оларды отандық кәсіподақ қозғалысын дамытуда пайдалануға мүмкіндік бар.


Басты мақсат - еңбек адамының құқығын қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету және медицина қызметкерлеріне лайықты еңбек жағдайларын қалыптастыру.
Халықаралық кәсіподақтық ынтымақтастық - ортақ мүдде мен ортақ мақсат жолындағы маңызды қадам.