Жастар және еңбек болашағы: алғашқы қадам - кәсіби білімнен

Салалық және өңірлік жаңалықтар 08.09.2026

Жастар және еңбек болашағы: алғашқы қадам - кәсіби білімнен

Жастардың болашағы - елдің ертеңгі еңбек әлеуетімен тікелей байланысты. Бүгін кәсіби білім алып жүрген студенттердің ертең өз мамандығы бойынша еңбекке араласып, қоғамның дамуына үлес қосуы үшін олардың кәсіби білімімен қатар, еңбек құқықтары мен міндеттерін де білуі маңызды. Осы ретте жас мамандармен еңбек саласына қатысты маңызды мәселелер бойынша ашық пікір алмасу - қажеттіліктің бірі.


      Осы бағыттағы жұмыстар аясында «Жол көлік колледжі» білім беру ұйымында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің заңгері Ерлан Жандарбеков студент жастармен «Жастар және еңбек болашағы: Алғашқы қадам - кәсіби білімнен» тақырыбында кездесу өткізді. 
      Кездесу барысында студенттерге еңбек жолын бастауға дайындық, мамандықты дұрыс таңдаудың маңызы, кәсіби біліктілікті арттыру және болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие маман болу жолдары туралы айтылды. Сонымен қатар, жұмысқа орналасу кезінде еңбек шартын мұқият оқу, өз құқықтары мен міндеттерін білу, қауіпсіз еңбек жағдайына мән беру сияқты маңызды мәселелер қозғалды.
      Жас маманның еңбек жолы алғашқы жұмыс орнынан басталады. Сондықтан студент кезінен еңбек қатынастарының негізгі қағидаларын білу - олардың болашақта өз құқықтарын қорғауына және жұмыс берушімен дұрыс қарым-қатынас орнатуына мүмкіндік береді. Осы орайда кәсіподақ ұйымдарының қызметі де кеңінен түсіндірілді. Кәсіподақтың еңбек адамының заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы орны, әлеуметтік мәселелерді шешудегі және еңбек ұжымындағы тұрақты қарым-қатынасты қалыптастырудағы рөлі туралы ақпарат берілді.


      Кездесудің маңызды бөлігі - «Жас кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жобасының басталуына арналды. Жоба жастардың кәсіподақ қозғалысына қызығушылығын арттырып, олардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға бағытталған. Мұнда жас буынның өз ойын еркін жеткізуіне, бастама көтеруіне, еңбек саласындағы мәселелерге бейжай қарамауына және қоғамдық жұмыстарға белсенді араласуына мүмкіндік беріледі.
      Спикер Ерлан Жандарбеков жастармен әңгіме барысында қазіргі еңбек нарығында кәсіби білімнің ғана емес, белсенділік, жауапкершілік және өз құқығын білу қабілетінің де маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, студенттік кезең - тек диплом алуға дайындалатын уақыт емес, сонымен бірге болашақ еңбек жолына негіз қалайтын маңызды кезең.
Кездесу барысында студенттер де өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еңбек қатынастары, жұмысқа орналасу, кәсіподақ қызметі және жастардың қоғамдық бастамалары жөнінде пікір алмасты. Еркін форматта өткен әңгіме жастардың еңбек саласына деген қызығушылығын арттырып, өз болашағына жауапкершілікпен қарауына ықпал етті.
      Осындай кездесулердің басты мақсаты - жастарға дайын жауап ұсыну ғана емес, оларды еңбек өміріне саналы түрде дайындау. Себебі бүгінгі студенттің алған кәсіби білімі мен қалыптастырған еңбек мәдениеті оның ертеңгі маман ретіндегі жетістігінің негізі. Осы ретте «Жастар және еңбек болашағы: Алғашқы қадам - кәсіби білімнен» тақырыбындағы кездесу осы мақсаттағы маңызды бастамалардың бірі болды. Ал «Жас кәсіподақ көшбасшысы мектебі» жастардың өз әлеуетін танытып, кәсіподақ қозғалысының жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған нақты алаңға айналмақ.