Еңбек адамы - 43 жылдық адал қызметтің үлгісі

Салалық және өңірлік жаңалықтар 08.09.2026

Еңбек адамы - 43 жылдық адал қызметтің үлгісі

«Қазпошта» АҚ Қарасу аудандық пошта байланысы түйінінің касса меңгерушісі Күләйма Күшербаева үшін пошта саласы жай ғана жұмыс орны емес, тұтас өмір жолына айналды. Ол 1983 жылы мектепті аяқтай салысымен осы салаға қадам басып, содан бері 43 жыл бойы таңдаған кәсібінен таймай еңбек етіп келеді.

 

Жарты ғасырға жуық уақыт ішінде пошта қызметі түбегейлі өзгерді. Сақтандыру учаскесінің бастығы, сұрыптаушы, байланыс операторы қызметтерін атқарған Күләйма Ермағамбетқызы бұл саланың қыр-сырын беске біледі. Ал соңғы он жылда касса меңгерушісі лауазымын атқарып, қаржылық жауапкершілігі жоғары істі мінсіз атқарып келеді. Ұзақ жылдар бойы қалыптасқан дәлдік пен ұқыптылық оның негізгі кәсіби ұстанымына айналды.

 

Күләйма Ермағамбетқызы — тек білікті маман ғана емес, жас әріптестеріне бағыт-бағдар беретін қамқор тәлімгер. Ол жинақтаған бай тәжірибесімен қуана бөлісіп, жаңадан келген мамандардың жұмысқа тез бейімделуіне көмектеседі.

 

Сонымен қатар, ол — ұжымның қоғамдық өміріне белсене араласатын кәсіподақ мүшесі. Әріптестерінің жағдайын біліп, өзара көмек пен сыйластық атмосферасын қалыптастыруға әрдайым ұтқыр үлес қосады. Мұндай адал еңбегі ескерусіз қалған жоқ: 2018 жылы «Астанаға 20 жыл» мерейтойлық медалімен, ал 2023 жылы «Самұрық-Қазына» қорының құрмет белгісімен марапатталды.

 

Бір салада 43 жыл қызмет ету — жай ғана сандар емес, бұл — адалдық пен төзімнің анық дәлелі. «Қазпошта» сияқты үлкен ұжымның тарихы дәл осындай еңбек адамдарының өнегелі жолынан құралады.