Кәсіподақ ұйымдарының алдағы жұмыс бағыттары пысықталды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 09.09.2026

Кәсіподақ ұйымдарының алдағы жұмыс бағыттары пысықталды

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағаларының қатысуымен кезекті лездеме отырысы өтті. Жиын барысында кәсіподақ ұйымдарының алдағы жұмыс бағыттары сараланып, еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған маңызды мәселелер талқыланды.


Отырыс барысында Еңбек күні мен Кәсіподақтар күніне орай өткізілетін іс-шараларға дайындық барысына ерекше назар аударылды. Атаулы күндер аясында еңбек адамын ұлықтау, оның қоғамдағы маңызды рөлін көрсету және кәсіподақ құндылықтарын кеңінен насихаттау бағытында бірқатар шаралар ұйымдастыру жоспарлануда.


Сонымен қатар, «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпыкәсіподақтық науқаны аясындағы жұмыстар да пысықталды. Науқан шеңберінде еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізу, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек құқықтарын қорғау және кәсіподақ қызметінің нәтижелерін кеңінен насихаттау мәселелері талқыланды.


Жиын қорытындысы бойынша алдағы іс-шараларды сапалы ұйымдастыруға қатысты ұсыныстар айтылып, жауапты бағыттар айқындалды. Кәсіподақтар бірлестігі еңбек адамының мәртебесін көтеруге және оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.