«Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқанының басты мақсаты – маңдай термен еңбек етіп, ел дамуына үлес қосып жүрген еңбек адамын дәріптеу, оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудың маңызын насихаттау, еңбек ұжымдарындағы ынтымақ пен өзара қолдауды нығайту. Осы орайда еңбек әулеттерінің өнегелі жолын насихаттау – кейінгі ұрпаққа үлгі көрсетудің маңызды бағыты.
Еңбекке адалдық, кәсіпке беріктік, елге қызмет ету қасиеті ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқанда ғана нағыз еңбек әулеті қалыптасады. Мұндай әулеттердің өмір жолы – бір отбасының тарихы ғана емес, қоғамға қызмет етудің, кәсіби жауапкершіліктің және адамға деген құрметтің жарқын үлгісі.
Осындай өнегелі еңбек әулетінің бірі – медицина саласына саналы ғұмырын арнаған Сағындық Ордабеков пен оның ұлы Ербол Ордабеков.
Сағындық Ордабеков – медицина саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырған білікті хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ұстаз әрі қаламгер. Ол ұзақ жылдар бойы Жамбыл өңірінің денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек етіп, облыстың бас хирургі қызметін атқарды.
Ғалым ретінде де тынымсыз ізденген Сағындық Ордабековтің медицина ғылымына қосқан үлесі айрықша. Оның 400-ден астам ғылыми жарияланымы жарық көріп, монографиялары мен оқулықтары медицина мамандарының кәсіби дамуына қызмет етті. Эхинококкозды хирургиялық емдеу, бауыр мен өт жолдары хирургиясы бағытындағы ғылыми ізденістері отандық медицинаның дамуына елеулі үлес қосты.
Алайда Сағындық Ордабеков үшін медицина – тек мамандық емес, адам өміріне араша болу, халыққа қызмет ету жолы еді. Ол талай науқастың дертіне шипа іздеп қана қоймай, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, шәкірт тәрбиеледі, әріптестеріне қолдау көрсетті. Кәсіби қызметін қоғамдық жұмыстармен ұштастыра білген азамат еңбек ұжымындағы бірлік пен өзара қолдауды да жоғары бағалады.
Кәсіподақтың белсенді мүшесі ретінде әріптестерінің әлеуметтік жағдайына, еңбек адамының мүддесіне және ұжымдық ынтымаққа ерекше мән берді. Өйткені кәсіподақ – еңбек құқықтарын қорғаумен ғана шектелмейтін, еңбек адамының абыройын асқақтататын, ұжым мүшелерін ортақ мақсатқа жұмылдыратын маңызды қоғамдық күш.
«Әкеге қарап ұл өсер» дейді халқымыз. Әкенің өмір жолы мен азаматтық ұстанымы бала үшін ең үлкен мектептердің бірі. Сағындық Ордабековтің кәсібіне деген адалдығын, адамға деген құрметін, жауапкершілігін көріп өскен ұлы Ербол Ордабеков те әке жолын жалғады.
Ерболдың медицина саласындағы еңбек өтілі 25 жылдан астам. Бүгінде ол қалалық көп бейінді ауруханада бас дәрігердің медицина жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, халық денсаулығын қорғау жолында абыройлы еңбек етіп келеді.
Ширек ғасырға жуық кәсіби қызметінде Ербол Ордабеков медицина саласындағы білімі мен тәжірибесін ел игілігіне жұмсап келеді. Оның еңбегі де лайықты бағасын алды. 2018 жылы «Астана 20 жыл» медалімен, 2019 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бүгінде денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ұсынылып отыр.
Бұл марапаттар – бір күндік еңбектің емес, жылдар бойы кәсіби міндетіне адалдықпен қараудың, жауапкершіліктің және тынымсыз еңбектің нәтижесі.
Ербол Ордабековтің еңбек жолынан әке тәрбиесінің, отбасылық өнегенің айқын ізін көруге болады. Ол да әкесі секілді еңбек ұжымындағы ынтымақты, әріптестік қолдауды және кәсіби жауапкершілікті жоғары қояды.
Медицина – аса үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. Мұнда әр шешім адамның денсаулығы мен өміріне тікелей әсер етеді. Сондықтан біліктілікпен қатар, сабырлылық, адамгершілік, ұжыммен жұмыс істей білу қасиеттері де аса маңызды.
Осындай сәттерде кәсіподақтың рөлі де айқындала түседі. Бір-біріне қолдау көрсету, еңбек ұжымының ауызбіршілігін сақтау, қызметкерлердің заңды құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау – қуатты кәсіподақтың басты міндеттерінің бірі. Ал еңбек адамының үні қуатты болуы үшін оның еңбегі бағаланып, кәсіби беделі құрметтеліп, әлеуметтік тұрғыдан қорғалғалуы керек.
Сағындық пен Ербол Ордабековтердің өмір жолы – бір мамандықты таңдаған әке мен баланың тарихы ғана емес. Бұл – еңбекке адалдықтың, кәсіпке беріктіктің, адамға қызмет етудің және ұрпақтар сабақтастығының өнегесі.
Сағындық Ордабеков медицина саласында өшпес із қалдырды. Оның ғылыми еңбектері, шәкірттері, кәсіби тәжірибесі – кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұрасы. Ал ұлы Ербол сол өнегені өз еңбегімен жалғастырып, әке аманатына адалдық танытып келеді.
Әке жолын жалғау – дайын жолмен жүру емес. Ол – сол жолдың жауапкершілігін сезіну, биік талапты ақтау, әке абыройын өз еңбегіңмен жалғастыру.
Осы тұрғыдан алғанда, Ордабековтер әулетінің тағылымы ерекше. Бір әулеттің екі буыны медицина саласында еңбек етіп, халық денсаулығын қорғауға өз үлестерін қосып келеді. Бұл – еңбектің отбасылық құндылыққа, ал кәсіптің өмірлік мұратқа айналғанының айқын көрінісі.
Бүгінгі таңда еңбек адамының мәртебесін көтеру – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Ал бұл бағытта кәсіподақтардың атқаратын рөлі зор. «Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай кәсіподақтық науқаны аясында еңбек әулеттерін дәріптеу – өткенді еске алу ғана емес. Бұл – еңбекті бағалау, кәсіпке деген құрметті арттыру және кейінгі ұрпақты адал еңбекке тәрбиелеу.
Еңбек әулеттері – қоғамның алтын қазығы. Олардың тарихында елдің, саланың, тұтас бір ұжымның тарихы жатыр. Әке еңбегі баласына өнеге болып, баланың жетістігі әке еңбегінің жалғасына айналғанда ғана ұрпақтар сабақтастығының мәні арта түседі.
Ордабековтер әулетінің өнегелі жолы – осының дәлелі.