«GOVERNMENT CHESS CUP – 2026»: Қызылордалық кәсіподақ мүшелері үздіктер қатарында

Салалық және өңірлік жаңалықтар 09.09.2026

«GOVERNMENT CHESS CUP – 2026»: Қызылордалық кәсіподақ мүшелері үздіктер қатарында

Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкерлері республикалық «Government Chess Cup – 2026» шахмат турнирінде жүлделі орындарға ие болды.

Еліміздің көптеген өңірлерінде ұйымдастырылып жатқан бұл турнир мемлекеттік қызметкерлер арасында зияткерлік спортты дамытуға, әріптестік байланысты нығайтуға және салауатты бәсекелестік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Турнир барысында түрлі мемлекеттік мекемелердің командалары шахмат тақтасында өздерінің логикалық ойлау қабілетін, стратегиялық шеберлігі мен төзімділігін сынға салды. Бұл дода қатысушылардың интеллектуалдық әлеуетін арттырумен қатар, ұжымдық бірлік пен өзара құрметті нығайтатын маңызды алаңға айналды.

«Yntymaq» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалы құрамындағы Ұлттық статистика бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті мекемесінің қызметкерлері Рүстем Мүйтенбаев пен Гүлмира Әлімбаева турнирде III орын иеленіп, өңір намысын абыроймен қорғады.