Айгүл Сүлейменова – білім саласына 33 жыл ғұмырын арнап, жас ұрпақтың саналы азамат болып қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан білікті ұстаз. Бүгін біз оның ерен еңбегі мен айрықша жетістіктерін мақтанышпен атап өтеміз.
Айгүл Сепенқызы – Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы Марқакөл ауданындағы «Қалжыр орта мектебі» КММ-нің химия және биология пәндері мұғалімі, сонымен қатар мектептің кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін абыроймен атқаруда.
Педагогика ғылымдарының магистрі, «педагог-зерттеуші» біліктілік санатының иегері. 1994 жылы педагогикалық жолын бастаған Айгүл Сепеновна 33 жыл бойы бір білім ұясында адал қызмет етіп, шәкірттерінің бойына білім нәрін құйып келеді.
«Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен; ШҚО Білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ төрағасының Құрмет грамотасымен; Марқакөл және Күршім аудандары әкімдерінің Құрмет грамоталарымен; ШҚО ББ «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығының Алғыс хатымен; Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Алғыс хатымен марапатталған.
Айгүл Сепенқызы – тек білікті маман ғана емес, сонымен қатар шәкірттерінің жүрегіне білімге деген құштарлықты ұялатқан данагөй тәлімгер. Оның тәрбиелеген оқушылары химия және биология пәндері бойынша Республикалық пәндік олимпиадалардың аудандық, облыстық кезеңдерінде бірнеше дүркін I, II, III орындарды иеленіп, үздіктер қатарынан көрінді.
Сондай-ақ, жаратылыстану-математика циклы пәндері бойынша өткізілген Президенттік олимпиаданың өңірлік кезеңінде де шәкірттері жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Ұзақ жылдар бойы еңбек пен білімді қатар өріп, саналы ұрпақ тәрбиелеуге бар ынта-жігерін жұмсаған Айгүл Сепеновнаның ұстаздық жолы – жастарға үлгі, әріптестеріне мақтаныш.