Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Түркістан облысы филиалы Атқару комитетінің отырысы өтті. Күн тәртібіне еңбек ұжымдарының мүддесін қорғау, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, кәсіподақ ұйымдарының жұмысын одан әрі жетілдіру бағытындағы маңызды мәселелер енгізілді. Отырыста салалық келісім мен ұжымдық шарттардың орындалу барысы қаралып, кәсіподақ қозғалысының бірлігі мен сабақтастығын нығайтуға ерекше мән берілді.

Бүгінде кәсіподақ ұйымының қатарына жаңадан қосылып жатқан бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен жүйелі жұмыс жүргізіліп, оларды ортақ мақсат пен ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыруға басымдық берілуде. Әрбір жаңадан қосылған бастауыш ұйым - кәсіподақ қозғалысының қатарын толықтыратын жаңа күш. Сондықтан олардың қызметін ұйымның жұмыс бағытымен үйлестіріп, жинақталған тәжірибемен бөлісу, әлеуметтік әріптестік тетіктерін тиімді пайдалану және кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғауға бағытталған жұмыстарға белсенді тарту - маңызды міндеттердің бірі.

Кәсіподақ - тек мүшелікке біріктіретін ұйым емес, ол - ортақ мақсатқа жұмылдыратын, еңбек адамының жанынан табылатын үлкен әлеуметтік серіктестік алаңы. Осы бағытта облыстық кәсіподақ ұйымы жаңадан қосылған бастауыш ұйымдарды өз тәжірибесімен бөлісуге, қолға алынған бастамалар мен жобаларға белсенді қатыстыруға, кәсіподақ жұмысының бірыңғай қағидаттары мен бағыттарын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде. Яғни, әрбір бастауыш ұйым облыстық кәсіподақ ұйымының ортақ жұмысына белсенді араласып, тәжірибе алмасу, құқықтық сауаттылықты арттыру, әлеуметтік-еңбек мәселелерін шешу, кәсіподақ мүшелеріне көрсетілетін қолдау мен қызмет сапасын арттыру үдерісінің толыққанды қатысушысына айналуы көзделуде. Бұл – кәсіподақ қатарын кеңейтіп қана қоймай, ұйымдардың өзара байланысын күшейтіп, «бірлік – күш, бір мақсат – ортақ нәтиже» қағидатын нақты іспен жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Атқару комитетінің отырысында 2026 жылғы жазғы сауықтыру жұмыстарының қорытындысы да кеңінен талқыланды. Жазғы кезеңде кәсіподақ мүшелері мен олардың отбасы мүшелерінің тынығуын, денсаулығын жақсартуын және бос уақытын тиімді өткізуін ұйымдастыру бағытында атқарылған жұмыстар сараланып, сауықтыру шараларының нәтижелері қаралды. Кәсіподақ тарапынан қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын қолдауға, олардың демалысын сапалы ұйымдастыруға және еңбек пен тынығудың үйлесімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың маңызы атап өтілді.

Сауықтыру жұмыстары - кәсіподақтың әлеуметтік қорғау бағытындағы тұрақты назарында тұрған маңызды салалардың бірі. Осыған байланысты жазғы маусымда атқарылған жұмыстардың тиімділігіне баға беріліп, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру мүмкіндіктерін кеңейту, демалыс орындарының сапасын арттыру және алдағы кезеңде бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтылды.

Отырыстың маңызды бағыттарының бірі - кәсіподақ мүшелерін ынталандыру және еңбегін лайықты бағалау мәселесі болды. Осыған орай Түркістан облыстық кәсіподағының марапаттау квотасы бекітіліп, алдағы «Мұғалімдер күні» мерекесіне орай білім беру саласының кәсіподақ мүшелерін марапаттау мәселесі қаралды. Бұл - ұстаз еңбегіне құрмет көрсетіп, кәсіби адалдық пен жауапкершілікті жоғары бағалаудың жарқын көрінісі.
Атқару комитетінің әрбір отырысы - кәсіподақ жұмысының нақты нәтижелерін саралап, жаңа міндеттерді айқындайтын маңызды алаң. Еңбек адамының құқығын қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету, кәсіподақ мүшелерінің әл-ауқатын арттыру және ұйымның тұрақты дамуын қамтамасыз ету - Түркістан облыстық кәсіподақ ұйымының басты басымдықтары. Отырыста қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, алдағы кезеңге арналған жұмыстардың бағыттары белгіленді.