Құмкөл – бұл тек мұнай кен орны емес. Бұл – Қызылорда облысының экономикалық келбетін өзгерткен, мыңдаған мұнайшының тағдырын тоғыстырған, еңбек пен ерліктің шежіресіне айналған қасиетті мекен. Биыл «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ үшін айрықша белес – Құмкөл кен орнын өнеркәсіптік игерудің басталғанына 40 жыл толып отыр. Осы тарихи кезең өңірдің ғана емес, тұтас Қазақстанның мұнай-газ саласының жаңа дәуіріне жол ашты.

Қырық жыл ішінде Құмкөл еліміздің ең ірі өндірістік мектептерінің біріне айналды. Мұнда өндірістік инфрақұрылым қалыптасып, кәсіби мұнайшылардың тұтас буыны тәрбиеленді, күрделі табиғи жағдайда жұмыс істеудің мол тәжірибесі жинақталды.

Кен орнының бастапқы геологиялық қоры 150 миллион тоннадан астам мұнай мен 16 миллиард текше метр газды құраса, осы уақытқа дейін 40 миллион тоннадан астам «қара алтын» өндірілді. Бүгінде заманауи технологиялар енгізіліп, ілеспе газды қайта өңдеу мен қабатқа қайта айдау жобалары жүзеге асырылып, өндіріс тиімділігі мен экологиялық қауіпсіздік қатар нығайтылып келеді.

Құмкөлдің ең үлкен байлығы – оның адамдары. Бүгінде компания қызметкерлерінің 98 пайызы – Қазақстан азаматтары. Бірнеше буын мұнайшылар қалыптастырған кәсіби сабақтастық пен еңбекке адалдық дәстүрі кәсіпорынның тұрақты дамуының берік негізіне айналды.

Осы берекелі ұжымның бірлігі мен еңбек адамының мүддесін қорғауда «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподақ комитетінің орны ерекше. Кәсіподақ өндірістегі тұрақтылықты сақтап қана қоймай, әлеуметтік әріптестікті нығайтып, жұмыскерлердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Кәсіподақ комитетінің төрағасы Бақытжан Мұқашеваның айтуынша, әлеуметтік әріптестік негізінде қабылданған жаңа Ұжымдық шарт қызметкерлердің әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды өзгерістерді қамтыды. Соның нәтижесінде жұмыскерлердің сауықтыру және демалысын ұйымдастыру мүмкіндіктері кеңейтіліп, жыл сайынғы сыйақы төлеу мен қосымша көтермелеу тетіктері жетілдірілді. Сонымен қатар көпбалалы және ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған қызметкерлерге қосымша ақылы демалыс қарастырылып, жұмыскерлердің балаларына арналған жазғы лагерь жолдамаларын ұйымдастыру тәртібі жаңартылды.

Бұл – кәсіподақтың еңбек адамының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты жұмысының нәтижесі. Құмкөл бүгінде тек мұнай өндіретін кен орны ғана емес, еңбекке адалдықтың, әлеуметтік жауапкершіліктің, кәсіподақ бірлігінің және кәсіби сабақтастықтың символына айналған қуатты еңбек ұжымы.