Жеңіске жігерлендірген тәлімгер: Әли Құстановтың еңбек жолы

Салалық және өңірлік жаңалықтар 11.09.2026

Жеңіске жігерлендірген тәлімгер: Әли Құстановтың еңбек жолы

Қазақ спортында өзіндік орны бар бағыттардың бірі — есту қабілеті бұзылған спортшылар арасындағы жеңіл атлетика. Бұл салада спортшылардың биік белестерді бағындыруына үлес қосып жүрген тәжірибелі бапкерлердің бірі — Әли Құстанов.

Әли Асанғалиұлы 1981 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Бала кезінен спортқа қызығушылық танытып, осы бағытта кәсіби тұрғыда дамуға ұмтылды. Ол Зырянск қаласындағы есту қабілеті бұзылған балаларға арналған №2 мектеп-интернатта білім алып, кейін Ақтөбе қаласындағы №1 кәсіптік-техникалық мектепті тәмамдады. Сонымен қатар «Болашақ» көпсалалы колледжінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алды.


2014 жылдан бастап Әли Асанғалиұлы  Мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт клубында жаттықтырушы болып еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол есту қабілеті бұзылған спортшыларды жеңіл атлетикадан жаттықтырып, олардың спорттық шеберлігін шыңдауға, жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуіне және халықаралық деңгейде ел намысын қорғауына зор үлес қосып келеді.


Бапкердің көп жылғы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жоғары мақсатқа ұмтылған, ұйымшыл әрі мықты спортшылар командасы қалыптасты. Оның шәкірттері Қазақстан Республикасының жеңіл атлетикадан абсолютті чемпиондары атанып, республикалық және халықаралық жарыстарда Ақтөбе облысының және Қазақстанның намысын абыроймен қорғап жүр.


Әли Асанғалиұлы үшін шәкірттерінің Сурдлимпиада ойындарына қатысуы — кәсіби жолындағы ең маңызды жетістіктердің бірі.
2022 жылы Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарында оның екі шәкірті — Ерлан Сүйеуәлиев пен Руслан Орынбасаров Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетті.
Ал 2025 жылы Токиода өткен Сурдлимпиадада еліміздің намысын бапкердің үш шәкірті — Ерлан Сүйеуәлиев, Қырықбай Қуаныш және Даниил Щелоков қорғады.


Шәкірттері Азия-Тынық мұхиты ойындарында да жоғары нәтижелер көрсетті. Эстафеталық команданың құрамындағы үш спортшы қола медаль иеленсе, Даниил Щелоков жеке сайыста да қола жүлдеге қол жеткізді.


Бұл жетістіктер — спортшылардың таланты мен табандылығының ғана емес, олардың артында тұрған білікті бапкердің қажырлы еңбегінің, кәсіби шеберлігінің және үлкен жауапкершілігінің нәтижесі.


Бапкер болу — спортшыға жаттығу әдісін үйрету ғана емес. Ол — шәкіртке сенім беру, қиын сәтте қолдау көрсету, жеңілістен сабақ алып, жеңіске қайта ұмтылуға жігерлендіру. Әли Асанғалиұлы өз еңбегі арқылы осы қасиеттерді күнделікті қызметінде көрсетіп келеді.


Оның кәсібилігі, еңбекқорлығы, жауапкершілігі мен спортқа деген шынайы адалдығы есту қабілеті бұзылған спортшылардың өз мүмкіндігіне сеніп, биік белестерді бағындыруына жол ашып келеді.