Қазақстан мен Түрікменстан кәсіподақтары әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері мен лайықты еңбек қағидаттарын талқылады

Федерация жаңалықтары 11.09.2026

Қазақстан мен Түрікменстан кәсіподақтары әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері мен лайықты еңбек қағидаттарын талқылады

Жұма, 11 қыркүйек күні Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығы делегациясының Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына жасаған тұңғыш ресми сапары аясында «Әлеуметтік әріптестікті жандандыру және лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз етудегі кәсіподақтардың орны: Қазақстан мен Түрікменстан тәжірибесі» деген тақырыпта халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының, Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығының және Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) өкілдері қатысты.


Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестікті дамыту кәсіподақ қызметінің басты бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Қазақстанда бұл бағытта республикалық, салалық және өңірлік деңгейде үшжақты комиссиялар жүйесі тұрақты жұмыс істейді. Бұл алаңда мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің өкілдері еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді бірлесе талқылайды. Бүгінгі таңда әлеуметтік әріптестіктің қолданыстағы тетіктерін сақтап қана қоймай, олардың тиімділігін арттыру да аса маңызды. Ашығын айтқанда, үшжақты комиссия қабылдайтын шешімдер әлі де кеңес беру, ұсыныс сипатында қалып отыр. Бұл жағдай еңбек дауларын шешуде тараптардың мүмкіндігін шектейді. Сондықтан біз бұл комиссиялардың беделін арттырып, олар қабылдайтын шешімдердің міндетті түрде орындалуын қамтамасыз ету қажет деп санаймыз. Осы мақсатта Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестік туралы заң жобасын әзірледі. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнама аясында тиісті нормаларды күшейту мүмкіндігін қарастыруға қажет», - деді Сатыбалды Дәулеталин.
Ұжымдық шарттар жүйесін жетілдіруге тоқталған ҚРКФ төрағасы бірқатар нақты бастамаларды ұсынды. Олар – Ұжымдық шарттардың ұлттық тізілімін жасау, ұжымдық шарттың базалық және өзгермелі стандарттарын әзірлеу, сондай-ақ цифрлық үлгісін енгізу.
«Міндетті базалық стандарт барлық ұжымдық шарттар үшін ортақ негіз болуға тиіс. Кез келген кәсіпорын оны басты бағдар ретінде пайдалана алады. Сол арқылы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысына да әділ баға беруге мүмкіндік туады. Өзара сенім – әлеуметтік әріптестік жүйесіндегі ең басты құндылық. Біз оны нығайта түсуіміз керек. Сенім неғұрлым мықты болса, әлеуметтік әріптестігіміз де соғұрлым нәтижелі болады», - деді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин ҚРКФ кәсіпорындардағы ахуалға мониторинг жүргізу үшін енгізгелі отырған жаңа цифрлық құралдар туралы баяндады.
«Федерация келісімдер мен ұжымдық шарттардың орындалуын қадағалауға, кәсіпорындардағы түйткілді мәселелерді дер кезінде көріп, жедел үн қатуға мүмкіндік беретін құралдарды дамытуды жоспарлап отыр. Осындай инновациялық құралдардың бірі – цифрлық «Әлеуметтік барометр». Ол әлеуметтік шиеленіс ошақтарын бастапқы кезеңде-ақ анықтауға көмектеседі. Бұл тәсіл назарды жанжалдардың салдарымен күресуге емес, олардың алдын алуға бұруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
ҚРКФ төрағасы Халықаралық еңбек ұйымына қазақстандық кәсіподақтардың бастамаларына қолдау көрсеткені және Орталық Азиядағы кәсіподақтар ынтымақтастығын дамытуға ықпал еткені үшін ризашылығын білдірді.
«Біз Халықаралық еңбек ұйымымен тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Арнайы Жол картамыз бар, қазіргі таңда Лайықты еңбек жөніндегі ұлттық бағдарламаны әзірлеуге кірістік. Халықаралық сарапшылардың қолдауы әлеуметтік әріптестіктің ұлттық тетіктерін шыңдауға және де азаматтардың лайықты еңбек ету құқығын жүйелі түрде қорғауға көмектеседі», - деді Қазақстанның кәсіподақ көшбасшысы.
Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығының төрағасы Огулдженнет Бердилиева екі елдің кәсіподақтары алдында тұрған міндеттердің ұқсастығына тоқталды.


«Елдеріміздің кәсіподақтары алдында тұрған мақсат-мүдде бір: ол – жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайын жасау, әлеуметтік қорғау жүйесін дамыту және еңбек азаматтарына қолдау көрсету. Цифрландыру, жаңа технологиялардың келуі, жаңа кәсіптер мен жұмыспен қамтудың соңғы нысандары пайда болған қазіргі заманда кәсіподақтар да үздіксіз дамып, жаңа білімді игеруі және талаптарға сай жұмыс істеуге дайын болуы тиіс. Түрікменстанда еңбек құқықтарын қорғауға, еңбек қауіпсіздігіне, әлеуметтік кепілдіктерге және әлеуметтік әріптестікті өрістетуге үлкен мән беріледі», - деді Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығының төрағасы.
Оның айтуынша, түрікмен тарапы ХЕҰ іс-шараларына белсенді қатысуға, тәжірибе алмасуға және еңбек пен кәсіподақ қызметі саласындағы халықаралық үздік тәжірибелерді қолдануға мүдделі. Бұл ретте Қазақстан әріптестік үшін маңызды серіктес ретінде қарастырылады.
Женевадан бейнебайланыс арқылы талқылауға ХЕҰ/АКТРАВ Еңбекшілер қызметі жөніндегі Еуропа және Орталық Азия елдері секторының меңгерушісі Сергеюс Гловацкас қосылды.


Ол Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығы делегациясының Қазақстанға жасаған тұңғыш ресми сапарының және екі елдің кәсіподақ ұйымдары арасында Меморандумға қол қойылуының тарихи маңызын атап өтті.
«Қазақстан күрделі белестерді еңсерді, дегенмен бүгінде айтарлықтай табыстарға жетіп отыр және өңірдегі кәсіподақтар үшін лайықты еңбек қағидаларын ілгерілетуде нағыз үлгі бола алады. Қазіргі таңда Қазақстан Орталық Азия аймағында көш бастап тұр  және өңірлік кәсіподақ ынтымақтастығын белсенді дамытып келеді. Өңір елдері бірқатар ортақ сын-қатерлерге тап болып отыр. Олардың қатарында еңбек нарығының өзгеруі, климаттық тәуекелдер, цифрландыру және жаңа технологиялардың жұмыс орындары мен еңбек жағдайына тигізетін әсері бар. Сондықтан кәсіподақ ұйымдары арасында тұрақты түрде тәжірибе алмасып тұрудың маңызы өте жоғары», - деді ХЕҰ өкілі.
Қатысушыларға Қазақстандағы әлеуметтік әріптестік жүйесінің дамуы туралы ҚРКФ төрағасының орынбасары Гүлнәр Жұмагелдиева баяндап берді.
«Әлеуметтік әріптестік жүйесі тиімділігінің басты көрсеткіштерінің бірі – 2024–2026 жылдарға арналған Бас келісім. Оны дайындау барысында Федерация ұсынған жоба негізге алынып, елеулі өзгеріссіз қабылданды, ал кәсіподақтар бастамаларының 80 пайыздан астамы түпкілікті құжатқа енгізілді. Біз ұсынған жобаның үлкен түзетулерсіз қабылдануы – арадағы өзара түсіністіктің толысқанын және кәсіподақтарға жауапты әріптес ретінде жоғары сенім білдірілетінін көрсетеді», - деп баса айтты Гүлнәр Жұмагелдиева.
Ол ұжымдық-шарттық жұмыстың басқа да нәтижелерін мысалға келтірді.
«Ұжымдық шарттар жүйесі еңбекақы төлеу мәселесімен де тікелей байланысты. Федерация ең төменгі жалақыны белгілеу тәсілдерін жетілдіруді жүйелі түрде талап етіп келді. 2024 жылы тиісті әдістеме бекітілсе, 2025 жылы Қазақстан ХЕҰ-ның Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы № 131 Конвенциясын ратификациялады. Бұл қадам – елдегі миллиондаған жұмыскер үшін тарихи маңызға ие оқиға», - деді Гүлнәр Жұмагелдиева.


Сонымен бірге ол еңбек қауіпсіздігі мен еңбек дауларының алдын алу бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
«2025 жылы Қазақстанда 49 еңбек дауы тіркелді – бұл өткен жылмен салыстырғанда 58 пайызға аз. 44 жағдайда тараптар өзара келісім таба алды. Жалпы, еңбек дауының азаюы – Кәсіподақтар федерациясына мүше ұйымдардың жоспарлы жұмысының нәтижесі. Олар кәсіпорындарда үшжақты комиссияларда мәселелерді қарау, еңбек консультацияларын өткізу, түсіндіру, еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастыру арқылы даулардың алдын алу жүйесін қалыптастырды», - деп баса айтты Гүлнәр Жұмагелдиева.
Оның айтуынша, 2025 жылы өңірлерде 8 985 жұмыскердің қатысуымен 819 еңбек кеңесі өткізілген. Тағы 57 973 адам еңбек дауларын шешу мәселелері бойынша 541 оқыту семинарынан өтті.
Әлеуметтік әріптестікті нығайтудағы және еңбек құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтардың рөлі тақырыбын Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығы Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы Мекан Бабаев жалғастырды.
«Түрікменстанда әлеуметтік әріптестік мемлекет, жұмыс берушілер мен жұмыскерлердің байланысының маңызды тетігі ретінде қарастырылады. Оның құқықтық негізін Түрікменстанның Еңбек кодексі, Түрікменстанның «Кәсіптік одақтар, олардың құқықтары мен қызметінің кепілдіктері туралы» Заңы, сондай-ақ «Әлеуметтік-еңбек қатынастары мәселелерін реттеу жөніндегі үшжақты комиссия туралы» Заңы құрайды. Мұндай байланыстың басты құралдарының бірі – ұжымдық шарттар мен келісімдер. Ел деңгейінде Түрікменстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Ұлттық кәсіподақтар орталығы мен жұмыс берушілер өкілдері арасындағы Бас келісім маңызды рөл атқарады. Осы құжаттың негізінде салалық және өңірлік келісімдер дамып, кәсіпорындарда ұжымдық шарттар жасалады», - деп атап өтті ТҰКО Халықаралық ынтымақтастық департаментінің басшысы.
Сөзін ары қарай сабақтаған ол еңбек қауіпсіздігіне және бұл саладағы кәсіподақ бақылауының маңызына тоқталды.
«Кәсіподақ ұйымдары еңбек заңнамасының сақталуын, жұмыскерлердің жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілуін, сондай-ақ зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтіндерге арналған жеңілдіктердің орындалуын қадағалауға белсенді қатысады. Бұл бағытта Түрікменстан кәсіподақтарындағы техникалық және құқықтық инспекциялар, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайын жасау бойынша жұмыс берушілермен бірігіп атқаратын жұмыс үлкен маңызға ие», - деді Мекан Бабаев.
Спикер халықаралық ынтымақтастыққа, ХЕҰ-мен және Орталық Азия елдерінің кәсіподақ ұйымдарымен өзара іс-қимылға ерекше тоқталды.


«Бүгінгі құжатқа қол қоюды ынтымақтастықты әрі қарай тереңдетудің берік негізі деп білеміз. Мұндағы басты мәселе меморандумға қол қою емес, қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты бірлескен істерге айналдырып, олардың орындалуын қамтамасыз етуде жатыр», - деп тілге тиек етті Мекан Бабаев.
Сөзінің соңында ол технологиялық өзгерістер мен жұмыспен қамтудың жаңа нысандары пайда болған заманда кәсіподақтар алдында тұрған міндеттерге тоқталды.
«Халықаралық тәжірибе мен ұлттық ерекшеліктер арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Бір елдің тәжірибесін екінші елге солайша көшіре салатын дайын шешімдер болмайды. Дегенмен, кәсіби пікір алмасу ең тиімді де оңтайлы тәсілдерді табуға жол ашады. Түрікменстан Ұлттық кәсіподақтар орталығы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен серіктестікті дамытуға үлкен мән береді. Біз бұл әріптестікті жалғастыруға, байланысымызды кеңейтуге, тәжірибе алмасуға және бүгінде елдеріміздің кәсіподақтары алдында тұрған ортақ мәселелерді бірлесе шешуге дайынбыз», - деді ол.
Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин өңір елдері үшін тұрақтылықтың орны бөлек екенін атап өтті.


«Даму тұрақтылығы, қоғамдағы тыныштық, еңбек қатынастарындағы тұрақтылық – бұл мемлекеттеріміздің қарқынды дамуының кепілі. Ал кәсіподақтар азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі ретінде өз елінің игілігін жасап жүрген Еңбек адамының абыройы мен қадір-қасиетін асқақтатуға тиіс», - деп түйіндеді сөзін Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы