Түрікменстан кәсіподақтары делегациясының Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) аппаратының құрылымдық бөлімшелері өз жұмысының басты бағыттарын — әлеуметтік әріптестік пен еңбек құқықтарын қорғаудан бастап, еңбекті қорғау, кәсіподақ білімі мен цифрландыруға дейінгі салаларды таныстырды.
Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы Қайрат Отаров әлеуметтік әріптестік жүйесі мен ҚРКФ-ның басым бағыттары туралы баяндады.

«ҚРКФ-ның 2025–2030 жылдарға арналған қызмет стратегиясының басты қағидаты — еңбек адамының абыройы мен қауіпсіздігін сақтау, оның әділетті жалақы алуын және заман ағымына сай өмір сүруін қамтамасыз ету. Бұл ұстанымдар кәсіподақ жұмысының өзегін құрайды. Соның ішінде ұжымдық келіссөздер жүргізу, әлеуметтік әріптестікке белсене қатысу, жұмыскерлерді қорғау, еңбек жағдайын қауіпсіз ету және өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдерін енгізу басты назарда», — деді Қайрат Отаров.
«Республикалық деңгейдегі негізгі реттеуші құжат — Бас келісім. 2024–2026 жылдарға арналған қолданыстағы келісімге Үкімет, жұмыс берушілер бірлестігі мен кәсіподақ өкілдері 2024 жылғы 28 наурызда қол қойған болатын. Қазіргі таңда 24 салалық және 20 өңірлік келісім жұмыс жасайды. ҚРКФ құрамына кіретін ұйымдардың 96 пайызында ұжымдық шарт жасалған, ал тағы 648 ұйым бұл құжатты бекіту кезеңінде тұр. Ұжымдық шарт мекеме деңгейінде жұмыскерлерге қосымша жеңілдіктер беруге, еңбекақы көлемін, жұмыс кестесін, еңбекті қорғау талаптары мен жұмыс берушінің әлеуметтік міндеттерін нақты айқындауға мүмкіндік береді», — деп атап өтті Қайрат Отаров.
Сондай-ақ ол Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық еңбек ұйымының 112-сессиясында бекітілген Қазақстан мен ХЕҰ-ның бірлескен іс-қимыл жоспарын жүзеге асыруға белсене қатысып жатқанын жеткізді.

Комитет төрағасы берген мәліметке сүйенсек, 2024–2026 жылдар аралығында ҚРКФ мен ХЕҰ тау-кен өндірісі саласындағы әлеуметтік әріптестікті нығайту арқылы еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірлескен жобаны сәтті жүзеге асырған.
Маңызды бағыттардың бірі — еңбек дауларының алдын алу. 2025 жылы елде 49 еңбек дауы тіркелсе, 2026 жылдың алғашқы жартысында бұл көрсеткіш 25-ті құрады. Осындай келіспеушіліктерді болдырмау және оны шешу үшін ҚРКФ құқықтық көмек көрсету, «Еңбек елшісі» институты мен еңбек дауларын реттеу жөніндегі арнайы өкілдің әлеуетін тиімді пайдаланып келеді.
Кәсіподақтар федерациясы жүргізіп жатқан құқықтық жұмыстар жайында ҚРКФ Құқықтық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы Ольга Пак баяндады. Оның айтуынша, ҚРКФ заңнамалық базаны жетілдіруге қатысып, заң жобаларына ұсыныстар енгізеді әрі ведомствоаралық топтардың жұмысына араласады.

Соңғы жылдары Кәсіподақтар федерациясы 315 заң жобасын әзірлеуге, 73 ведомствоаралық топтың қызметіне қатысып, 6009 ұсыныс дайындады және 986 әдістемелік нұсқаулық әзірлеп шығарды.
Заңнамалық бастамалардың ішіндегі ең маңыздысы — 2023 жылы қабылданған Әлеуметтік кодексті және 2026 жылғы жұмыскерлердің құқықтық кепілдіктерін күшейтуге, еңбек жағдайын жақсартуға әрі еңбек заңнамасын заман талабына сай дамытуға бағытталған заңдарды әзірлеуге қатысуы.
«Заңдағы өзгерістер тек қағаз жүзінде қалмай, әрбір жұмыскерді қорғайтын нақты құралға айналуы — біз үшін өте маңызды. Сол себепті де ҚРКФ заң жобаларын әзірлеп қана қоймай, олардың тәжірибеде дұрыс қолданылуын да үнемі назарда ұстайды», — деп атап өтті Ольга Пак.

Еңбек құқығын қорғаудағы атқарылып жатқан іс-шаралар туралы ҚРКФ Төрағасының кеңесшісі Руслан Сакеев баяндап берді.
«Кәсіподақтар федерациясының Заң клиникасы еліміздің 18 өңірінде жұмыс істеп, халыққа тегін құқықтық кеңес береді, сотта және келісу комиссияларында жұмыскерлердің мүддесін қорғайды, сондай-ақ дауларды сотқа жеткізбей реттеумен және медиациямен айналысады. Бес жыл ішінде Заң клиникасы мамандары азаматтар мен ұйымдардан түскен 30 070 өтінішті қарады. Сотқа 402 арыз жолданып, оның 264-і бойынша шешім жұмыскерлердің пайдасына шығарылды. Сотқа дейінгі тәртіппен 15 901 еңбек дауы оң шешіліп, 1003 екіжақты келісім жасалды. Тек 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында Заң клиникасына 2341 өтініш түссе, оның 1918-і тікелей еңбек қатынастарына қатысты болды. Азаматтар көбіне еңбекақы төлеу, еңбек шартын бекіту, жұмысқа қайта орналасу және ұжымдық шарттар төңірегінде жүгінген», — деді Руслан Сакеев.
Кәсіподақ бағытындағы ақпараттық жұмыстар мен білім беруді дамыту мәселелерін Кәсіподақтық коммуникация орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова мен ККО директорының орынбасары – Оқу орталығының басшысы Ләззат Есжанова таныстырды.

«Ақпарат тарату жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары, ҚРКФ-ның ресми сайты, әлеуметтік желілер, YouTube-арнасы мен басқа да цифрлық ресурстар арқылы жүзеге асырылады. Федерация құрылымдарында баспасөз қызметтері жұмыс істейді, кәсіподақ сарапшылар тобы құрылған, білім беру және медиа жобалар қолға алынған. Кәсіподақ ұйымдарының қызметі туралы біздің басты аудиториямыз — еңбек адамы мен әлеуметтік әріптестеріміздің толық әрі дер кезінде хабардар болуы аса маңызды», — деп баса айтты Гүлмира Қаракөзова.
ҚРКФ-ның білім беру қызметіне қатысты ақпаратты ККО директорының орынбасары – Оқу орталығының басшысы Ләззат Есжанова баяндады.

«Бүгінде кәсіподақ коммуникациялары жүйесінде 150 спикер мен 15 тренер қызмет атқарады. 2022 жылдан бері 20 бағыт бойынша 2096 оқыту семинары өткізіліп, оған 133 484 кәсіподақ мүшесі қатысты. Ал 2026 жылдың алғашқы жартысында өткен 438 семинарда 29 566 кәсіподақ белсендісі біліктілігін арттырды», — деді Ләззат Есжанова.
Таныстырылым соңын ҚРКФ Цифрлық технологиялар департаментінің директоры Нұрлан Досымов қорытындылады. Ол Кәсіподақтар федерациясының цифрлық сервистерін және кәсіподақ қозғалысына арналған бірыңғай цифрлық инфрақұрылым құру жоспарларымен бөлісті.
Бұл жүйеге kasipodaq.kz порталы, цифрлық жеке кабинеттер, Kasipodaq Mobile мобильді қосымшасы, кәсіподақ мүшелеріне арналған онлайн-қызметтер және «Әлеуметтік барометр» талдау жүйесі кіреді.
«Кәсіподақ жүйесін цифрландыру — ең алдымен жұмыскерге көрсетілетін көмекті барынша қолжетімді әрі жедел ету деген сөз. Өтініш түскен сәттен бастап маман қарағанға дейінгі жол айқын болуы тиіс. Ал жиналған мәліметтер жүйелі түйткілдерді анықтауға және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға көмектесуі қажет», — деп түсіндірді Нұрлан Досымов.
Оның айтуынша, 2026 жылы ҚРКФ бірыңғай цифрлық платформаны әрі қарай дамытып, Заң клиникасымен бірлесе отырып өтініштерді талдауға жасанды интеллектіні қолдануды сынақтан өткізуде, сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының бірыңғай дерекқор базасын жасақтап жатыр.
Түрікменстан делегациясының өкілдері ҚРКФ қызметінің таныстырылымы үшін алғыс білдіріп, бұл кездесу екі ел кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға берік негіз қалағанын атап өтті.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы