Еңбекті қорғауды қағаз жүзіндегі талап емес, жұмысшының өмірін шынайы қорғайтын құралға қалай айналдыруға болады? Бұл сұрақ 11–12 қыркүйекте Бішкек қаласында өткен «Қауіпсіз әрі лайықты еңбек: кәсіподақтардың еңбекшілердің өмірін, денсаулығын және құқықтарын қорғаудағы орны» атты халықаралық конференцияның басты тақырыптарының біріне айналды.

Конференцияны Халықаралық еңбек ұйымының қолдауымен Қырғызстан Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырды. Шараға аймақ елдерінен кәсіподақ өкілдері, мемлекеттік орган басшылары, жұмыс берушілер мен сала сарапшылары қатысты. Басқосуда өндірістік жарақаттанудың алдын алу, кәсіподақ тарапынан жүргізілетін бақылау, еңбек қауіпсіздігінің ұлттық жүйесін жетілдіру және әлеуметтік әріптестікті дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Жиында ел тәжірибесін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитеті төрағасының орынбасары Айжан Ибраева таныстырды.
Еңбек қауіпсіздігінің ұлттық жүйесін нығайтуға арналған сессияда Айжан Ибраева Қазақстанда өндірістік тәуекелдердің алдын алу бағытында қолға алынған шараларға тоқталды. Оның айтуынша, бұл саладағы кәсіподақ қызметі қайғылы жағдайлардың салдарымен күресуден сәл де болса бұрын әрекет етіп, оның алдын алу бағытына ойысып келеді.
Бұл ұстаным ҚРКФ-ның 2025–2030 жылдарға арналған «Өзгерістер кезіндегі әділ еңбек: қорғау, даму, инновациялар» стратегиясында айқын көрініс тапқан. Еңбек адамының қауіпсіздігі мен әлеуметтік амандығы ҚРКФ жұмысының басты басымдығы ретінде айқындалған.
«Бүгін біз адамның ең басты, ажырамас құқығы - өмір сүру, денсаулығын сақтау және қауіпсіз ортада еңбек ету құқығын сөз етіп отырмыз. Қазақстан Республикасында бұл сала ауқымды өзгерістерді бастан кешіруде», - деді Айжан Ибраева.

ҚРКФ өкілі еңбек заңнамасындағы жаңашылдықтар мен еңбекті қорғау жүйесін дамытудағы кәсіподақтардың рөліне тоқталды. Мәселен, ол мемлекеттік еңбек инспекторларының қайтадан Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қарамағына өтуін, сондай-ақ шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін тексеруге қойылған шектеулердің алынып тасталғанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл қадамдар қауіптілігі жоғары өндіріс орындарында мемлекеттік бақылауды күшейтуге мүмкіндік берді. Дегенмен, тек заң тетіктеріне сүйеніп отыру жеткіліксіз. Айжан Ибраева атап өткендей, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін ақпаратты тікелей жұмыс орындарынан алып отырудың маңызы зор. Ресми статистикамен қатар мұндай шынайы мәліметтерді кәсіподақ өкілдері мен жұмысшылардың өзге де өкілдері жеткізіп отырады.
«2024 жылы Қазақстанда өндірісте 1 408 жазатайым оқиға тіркеліп, 202 жұмысшы қаза тапқан еді. Ал 2025 жылы мұндай оқиғалардың саны 1 214-ке дейін азайды. Бүгінде елімізде еңбек қауіпсіздігі жөніндегі 17 293 техникалық инспектор мен 12 369 өндірістік кеңес жұмыс істейді. Олар жұмыс орнындағы жағдайды бағалауға қатысып, кемшіліктерді анықтайды және оларды жоюға ықпал етеді. Алдын алудың тағы бір тиімді құралы - Vision Zero тұжырымдамасы. Қазақстанда бұл бастамаға 616 кәсіпорын қосылды. Оған қоса, оқиға орын алғаннан кейін ғана әрекет етпей, ықтимал қауіптерді алдын ала анықтауға бағытталған тәуекелге бағдарланған тәсіл өріс алып келеді», - деп бөлісті Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитеті төрағасының орынбасары Айжан Ибраева.

Іс жүзіндегі мұндай нәтижелі тәжірибемен конференцияда Қазақстандық теміржолшылар салалық кәсіптік одағы Орталық кеңесінің өкілі Айгүл Жайлаубаева бөлісті. Ол «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да қауіпті жағдайларды анықтау және олардың алдын алу үшін қолданылатын цифрлық шешімдер туралы айтып берді.
Теміржол саласында 118 мыңға жуық маман күнделікті қауіптілігі жоғары нысандарда еңбек етеді. 2020 жылдан бастап қызметкерлер мобильді қосымша арқылы еңбек жағдайындағы қауіптер, қате әрекеттер немесе қайғылы жағдайға апаратын оқиғалар (Near Miss) туралы хабарлай алады. Ақпарат бірден жауапты мамандарға түседі, кейін жүйе арқылы мәселенің шешілу барысын бақылап отыруға болады.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Өндірістік қауіпсіздік және экология департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында компания мен оның еншілес мекемелерінің жұмысшылары 1 603 ұсыныс, бастама мен озық тәжірибе үлгілерін жолдаған.
Осы аралықта өндіріске байланысты 7 жарақаттану жағдайы тіркелді - бұл 2025 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткішпен бірдей. Бұл ретте зардап шеккендер саны тоғыздан жеті адамға дейін азайды.

Конференцияға қатысушылар цифрландыру мәселесін талқылағанда, тек үдерістерді автоматтандыру тақырыбында сөз өрбітті деуге келмейді. Технологиялар арқылы мәселені дереу анықтап, ақпаратты жауапты мамандарға жедел жеткізу және кемшіліктің жойылуын соңына дейін бақылау басты назарда болды. Бұл тәсіл тек заңбұзушылықты тіркеумен шектелмей, қауіп-қатердің алдын алуға көшуге мүмкіндік береді.
ҚРКФ өкілдері цифрлық шешімдер кәсіподақтардың, жұмысшылар мен жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігін басқарудағы мүмкіндіктерін арттыратынын атап өтті.
«Еңбекті әрі жұмысшының денсаулығын қорғау - бұл жай ғана шығын бабы немесе екінші дәрежелі өндірістік ереже емес. Бұл - мемлекет пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің басты көрсеткіші» , - деп түйіндеді Айжан Ибраева.
Конференция соңында қатысушылар еңбек қорғау жүйесін нығайту, бұл процесске жұмысшылардың өзін кеңінен тарту және әлеуметтік диалогты дамыту бойынша ұсынымдарды талқылады.