Кәсіподақтар үйінде Павлодар облысының денсаулық сақтау ұйымдарындағы еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға арналған оқыту семинары өтті.

Ауқымды іс-шараға өңірдегі облыстық, қалалық және аудандық ауруханалар мен емханалардың, жедел жәрдем мен қан орталығының, оңалту орталығының, арнайы медициналық жабдықтау базасының, балалар үйі мен медициналық колледждің өкілдері қатысты.

Жиынды «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ Павлодар облыстық филиалының төрайымы Салтанат Төлегенова ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
.jpg)
Дәрісті еңбек құқығы жөніндегі сарапшы Марат Кабжамитов пен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Заң клиникасы филиалының басшысы, сот жүйесінің ардагері Марина Иванова жүргізді.

Семинар барысында спикерлер еңбек қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік және ішкі қоғамдық бақылау жүйесін, техникалық инспектордың рөлін, сондай-ақ жұмыскерлер мен жұмыс берушінің құқықтары мен міндеттерін түсіндірді.

Бұдан бөлек, жазатайым оқиғаларды тексеру тәртібі мен өңірлік денсаулық сақтау саласында жүргізілген талдау нәтижелері таныстырылды.

Оқыту қорытындысы бойынша қатысушылар тестілеуден өтіп, қажетті балды жинау арқылы сертификаттарға ие болды. Алынған білімді техникалық инспекторлар мекемелерде нөлдік жарақаттануға қол жеткізу мақсатында күнделікті профилактикалық кәсіподақтық жұмыста белсенді қолданады.