Самал Әзбергенова: «Кәсіподақ – еңбек адамын бағалайтын орта»

Салалық және өңірлік жаңалықтар 16.09.2026

Самал Әзбергенова: «Кәсіподақ – еңбек адамын бағалайтын орта»

Қарғалы ауданы Сазды орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Самал Серікқызы Әзбергенова – 13 жылдық еңбек өтілі бар білікті педагог. Ол оқушыларға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттырып келеді. Оның бұл еңбегінің жемісі – шәкірттерінің жетістіктері Республикалық «Балалар оқуы» байқауының облыстық кезеңінде оның оқушылары Құлпынай Нұрланқызы «Білімді оқырман», ал Толғанай Әбдірасілқызы «Белсенді оқырман» номинациясын иеленді.

«Кітап оқитын бала – ізденімпаз, өзіндік пікірі қалыптасқан тұлға», – деп санайтын Самал Серікқызы үшін бұл – оқушыларды кітапқа баулу жолындағы төгілген тердің ақталғаны.

Сонымен қатар Самал Әзбергенова – кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі. Ол әріптестерімен бірге қоғамдық, мәдени және әлеуметтік іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Себебі ұжымдағы өзара қолдау мен ынтымақ – ол үшін басты құндылық.

«Кәсіподақ – еңбек адамының мүддесін қорғап қана қоймай, әлеуметтік және кәсіби тұрғыда қолдау білдіретін орта. Мен кәсіподақтамын, себебі еңбек адамы бағаланатын, әріптестік пен өзара қолдау орныққан орта ғана – мықты ұжымның негізі», – дейді ұстаз.

Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, кәсіби ізденісін үздіксіз жалғастырып келе жатқан Самал Серікқызының еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ол Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығы мен Қарғалы аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.