Кенжегүл Ахметова — мәдениет саласына саналы ғұмырын арнап, кәсіби білімі мен мол тәжірибесін ел игілігіне бағыттап келе жатқан білікті маман, іскер басшы және кәсіподақтың үлгілі мүшесі.
Кенжегүл Меңдібайқызы еңбек жолын 2003 жылы Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Жастар мәдениет үйінде» әдіскер қызметінен бастап, шығармашылық және ұйымдастырушылық бағыттағы қызметтердің талай белесінен өтті. Әдіскер, көркемдік жетекші, директор міндетін атқарушы, шығармашылық қызмет жөніндегі орынбасар қызметтерін абыроймен атқарып, 2023 жылдан бері «Мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК директоры лауазымында еңбек етіп келеді.
Білімін үздіксіз жетілдіріп, тарих және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер, сондай-ақ мәдени тынығу жұмысы бағыттары бойынша кәсіби даярлықтан өткен маманның мәдениет саласындағы еңбек өтілі 23 жылдан асады.
Кенжегүл Меңдібайқызы халықаралық, республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі мәдени-көпшілік іс-шараларды ұйымдастыруға белсенді атсалысып, мәдениет қызметкерлерінің кәсіби басқосулары мен семинарларын, мерекелік шаралар мен қала күнін және басқа да ауқымды жобаларды жоғары деңгейде өткізуге өз үлесін қосып келеді.
Оның шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде алғашқы «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалі, сондай-ақ «Бабалар үні» күйші-термешілердің облыстық, аймақтық жобалары дүниеге келді. Бұл бастамалар ұлттық өнерді насихаттап, дәстүрлі мәдениетті кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды жұмыстардың қатарында.
Көп жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ түрлі мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен марапатталған.
Салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының белсенді әрі үлгілі мүшесі ретінде Кенжегүл Меңдібайқызы еңбек ұжымының ынтымағы мен кәсіби ортадағы өзара қолдауға мән беріп келеді.
Еңбекке адалдық, кәсібіне жауапкершілік, ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілік — Кенжегүл Меңдібайқызының өнегелі жолының айқын көрінісі.
Осындай өз ісіне берілген, тәжірибесімен бөлісіп, кейінгі буынға жол көрсетіп жүрген еңбек адамдары — сала дамуының берік тірегі.