«Қуатты кәсіподақ - еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпы кәсіподақтық науқанының «Жастар және еңбек болашағы» жобасы аясында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің заңгері Ерлан Жандарбеков Әнуар Исмаилов атындағы кәсіптік колледждің жас мамандарымен кездесу өткізді.
Кездесуде жастардың еңбек ұжымындағы орны, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтың рөлі және жас мамандарды қолдау мәселелері кеңінен талқыланды.
Ерлан Жандарбеков жас мамандардың еңбек жолын енді бастап келе жатқан кезеңінде еңбек заңнамасының негізгі талаптарын білуі маңызды екенін атап өтті. Әсіресе еңбек шартын жасасу, жұмыс уақыты мен демалыс тәртібі, еңбекақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік кепілдіктер секілді мәселелерге тоқталды.
Сонымен қатар кәсіподақтың жастарға көрсететін қолдауы сөз болды. Кәсіподақ жас маманның еңбек құқығын қорғаумен қатар, оның ұжымға бейімделуіне, кәсіби және қоғамдық белсенділігін арттыруына мүмкіндік беретін орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Кездесудің тағы бір маңызды тақырыбы - кәсіподақ көшбасшысының цифрлық дағдылары. Қазіргі таңда цифрлық технологияларды тиімді пайдалану, ақпаратпен жылдам жұмыс істеу, онлайн коммуникация жүргізу және заманауи платформаларды меңгеру жас кәсіподақ белсенділері үшін маңызды талаптардың біріне айналып отыр. Цифрлық мүмкіндіктерді дұрыс пайдалану еңбек ұжымындағы мәселелерді жедел жеткізуге, ақпарат алмасуды жеңілдетуге және жастармен тиімді байланыс орнатуға жол ашады.
Сондай-ақ, жиын барысында жас мамандар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еңбек қатынастары мен кәсіподақ жұмысына қатысты пікірлерімен бөлісті. Сонымен бірге жастардың кәсіподақ жұмысына белсенді араласуы, бастамашыл болуы және болашақта жас кәсіподақ көшбасшылары ретінде қалыптасуы жөнінде ой-пікір алмасты.
Жас мамандардың құқықтық сауаты жоғары, кәсіби білімі мықты және цифрлық дағдылары қалыптасқан сайын еңбек ұжымының да әлеуеті арта түседі. Сондықтан жастарды қолдау мен олардың көшбасшылық қабілетін дамыту - кәсіподақ жұмысының маңызды бағыттарының бірі.