Қызылордада халықаралық сарапшылармен кездесу өтті

Салалық және өңірлік жаңалықтар 17.09.2026

Қызылордада халықаралық сарапшылармен кездесу өтті

Қызылорда облысында Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасының өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесуге облыстық мәслихаттың Экономика, әлеуметтік және құқықтық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Балжан Шәменова, Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Бауыржан Сандыбаев, сондай-ақ Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Мақсұт Нәлібаев қатысты.


Кездесу барысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдардың әлеуетін арттыру, басқару үдерістеріне заманауи цифрлық құралдарды енгізу және азаматтардың жергілікті деңгейдегі шешім қабылдау үдерістеріне қатысу мүмкіндігін кеңейту мәселелері талқыланды.


БҰҰДБ өкілдері жергілікті басқару саласындағы халықаралық тәжірибелері мен ұсыныстарын таныстырып, жергілікті институттардың әлеуетін күшейту, жоспарлау мен бюджеттеу үдерістерін жетілдіру, қаржылық дербестікті нығайту, сондай-ақ функциялар мен шығыстарды тиімді талдау бағытындағы бастамаларымен бөлісті.
Жиында халықпен кері байланысты нығайту, азаматтардың бастамаларын қолдау, олардың жергілікті деңгейдегі шешім қабылдау үдерістеріне қатысуын арттыру және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.


Кәсіподақтар үшін бұл бағыттардың маңызы зор. Өйткені тиімді жергілікті басқару – еңбек адамының мүддесін ескеруге, әлеуметтік әріптестікті нығайтуға және азаматтардың өзекті мәселелерін ашық диалог арқылы шешуге мүмкіндік беретін маңызды тетік.
Кездесу қорытындысында тараптар жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін одан әрі жетілдірудің маңыздылығын атап өтіп, өңірдің даму басымдықтарына сәйкес өзара ынтымақтастықты жалғастыру және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында пікір алмасты.