Бейсенбі, 17 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин облыстардың Аумақтық кәсіподақтар бірлестіктерінің басшыларымен кездесу өткізді.

Жиынның басты назарында — Еңбек күні мен Кәсіподақтар күніне арналған іс-шараларды дайындау мен өткізу, сондай-ақ «Қуатты кәсіподақтар — еңбек адамының қуатты үні» атты республикалық науқанды жүзеге асыру мәселелері болды.
ҚРКФ төрағасы алдағы іс-шаралар кәсіподақтардың шынайы жұмысын, еңбек құқықтарын қорғауға және жұмысшылардың өмір сүру сапасын арттыруға қосқан үлесін көрсететін мүмкіндік болуы керектігін атап өтті.

«Еңбек күні — ең алдымен, еңбек адамының мерекесі. Сол себепті біздің басты міндетіміз — қоғам назарын қарапайым жұмысшының маңдай теріне, оның құқықтары мен қауіпсіздігіне, сондай-ақ қолайлы еңбек жағдайларына аудару. Кәсіподақ тек дау-дамай туғанда ғана емес, күнделікті жұмыс орнында да, ұжым ішінде де әрқашан жұмысшының жанынан табылуы керек», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Жиын барысында Аумақтық бірлестіктердің басшылары іс-шараларға бастауыш кәсіподақ ұйымдарын, еңбек ұжымдарын, жастар мен кәсіподақ белсенділерін кеңінен тарту жөніндегі өз ұсыныстарын білдірді. Сондай-ақ күнделікті еңбегімен кәсіпорындар мен аймақтардың, жалпы салалардың дамуына арқау болып отырған жандарға айрықша құрмет көрсетілетіні айтылды.

ҚРКФ төрағасы жоспарланған шаралар аясында өз ісінің шебері, жауапкершілігі жоғары, ынтымағы жарасқан еңбекқор азаматтар мен кәсіподақ көшбасшыларының, еңбек ұжымдарының өнегелі жолын кеңінен насихаттау қажеттігін атап өтті.
«Біз үшін тек кәсіподақтар туралы ғана емес,кәсіподақ арқылы еңбек адамының қадір-қасиетін көрсете білу маңызды. Әрбір өндірістік көрсеткіш пен цифрдың артында нақты адамның маңдай тері тұр. Жұмысшының еңбегі қорғалуы, лайықты бағалануы және қауіпсіз болуы тиіс. Біздің барлық жұмысымыз осы құндылықтарға сүйенуі керек», — деп атап өтті ҚРКФ басшысы.

Жиынның арнайы бөлігі «Қуатты кәсіподақтар — еңбек адамының қуатты үні» науқанын жүзеге асыруға арналды.
Науқанның басты мақсаты — әр өңірдегі әлеуметтік әріптестік жүйесінде кәсіподақтардың ықпалын арттыру, бастауыш ұйымдармен тығыз байланыс орнату және жұмысшылардың құқығын қорғау сапасын жақсарту.
Осыған байланысты аумақтық бірлестіктерге салалық кәсіподақ филиалдарымен, ал олар арқылы бастауыш ұйымдармен жүйелі түрде тығыз жұмыс істеу тапсырылды.
«Қуатты кәсіподақ қарапайым бастауыш ұйымынан басталады. Себебі жұмысшы күнделікті жалақы, қауіпсіздік және әлеуметтік қорғау мәселелерімен дәл осы жерде бетпе-бет келеді, кәсіподаққа деген сенім де осында қалыптасады. Соған байланысты бастауыш ұйымдардың үні естілуі керек, ал олардың жұмысы аумақтық кәсіподақ бірлестіктерінен бастап бүкіл Кәсіподақтар федерациясының басты бағытына айналуы тиіс», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

ҚРКФ төрағасы сонымен бірге кәсіподақ қозғалысындағы күш-жігерді біріктіру қажеттігіне назар аударды.
Оның айтуынша, кәсіподақтың бүкіл жұмысы нақты нәтижемен өлшенуі тиіс. Ол — жасалған ұжымдық шарттар, қорғалған жұмысшы құқығы, жақсартылған еңбек жағдайы, шешілген мәселелер мен жүзеге асқан әлеуметтік бастамалар.
«Бүгінгі таңда кәсіподақ жұмысшының құқығын қорғап қана қоймай, қоғамда оның үнін жеткізетін пәрменді күш болуы керек. Біздің ұстаным айқын: еңбек адамы өзінің жалғыз еместігін білуі тиіс. Оның артында бастауыш ұйымы, салалық кәсіподағы, аумақтық бірлестігі және тұтас Федерация тұр. Кәсіподақ ынтымақтастығы дегеніміз — осы», — деп түйіндеді ҚРКФ Төрағасы.

Кездесу соңында Сатыбалды Дәулеталин әлеуметтік әріптестікті нығайту мен еңбекшілердің мүдделерін тиімді қорғау кәсіпорындарда тұрақтылықты сақтаудың басты кепілі екенін әріптестерінің есіне салды.
ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы