Молдова Республикасының астанасы Кишинев қаласында өткен халықаралық конференцияда еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, еңбек көші-қоны және кәсіподақтар арасындағы өңірлік әріптестікті нығайту мәселелері кеңінен қаралды.

Алқалы жиынға Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Украина, Грузия және Түрікменстаннан келген кәсіподақ өкілдері қатысып, еңбек заңнамасы, әлеуметтік кепілдіктер және қазіргі еңбек нарығындағы жаңа сын-қатерлер жөнінде тәжірибе алмасты.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы құрамында Қызылорда облысы Мұнай-газ кешені қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Алтынхан Искакова халықаралық конференцияда баяндама жасап, Қазақстан тәжірибесін таныстырды. Ол «Еңбек нарығының трансформациясы жағдайында еңбекші-мигранттардың құқықтарын қорғау: Қазақстан тәжірибесі және кәсіподақтардың өңірлік ынтымақтастығының бағыты» тақырыбында сөз сөйлеп, еңбеккерлердің құқықтарын қорғаудағы кәсіподақтардың рөлі мен өңірлік ынтымақтастықтың маңызын жан-жақты баяндады.

Баяндама барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2025–2030 жылдарға арналған «Өзгерістер дәуіріндегі әділетті еңбек: Қорғау. Даму. Инновациялар» стратегиясының негізгі басымдықтары таныстырылып, оның өзегінде әрдайым еңбек адамының мүддесі тұратыны ерекше атап өтілді.
Сондай-ақ еңбеккердің кәсіби біліктілігін арттыру, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету, сіңірген еңбегіне сай әділ еңбекақы алу құқығы мен әлеуметтік кепілдіктерді сақтау – кез келген жағдайда басты құндылық болып қала беретіні айтылды.

Конференция барысында Қазақстан аумағында еңбек ететін мигранттардың құқықтарын қорғауға қатысты қолданыстағы заңнамалық және нормативтік-құқықтық тетіктер жөнінде халықаралық әріптестерге толыққанды ақпарат беріліп, осы бағыттағы бірлескен ынтымақтастықты күшейтуге қатысты ұсыныстар ортаға салынды.
Мұндай халықаралық кездесулер – тәжірибе алмасудың ғана емес, еңбек адамының құқықтарын қорғаудағы ортақ ұстанымдарды нығайтатын маңызды алаң. Кәсіподақтардың өзара ықпалдастығы әлеуметтік әділеттілікті ілгерілетіп, еңбек әлеміндегі жаңа өзгерістерге бірлесіп жауап беруге мүмкіндік береді.