Қызылорда облысында кәсіподақ ұйымының жедел араласуымен қызметкердің құқығы қалпына келтірілді. Мәселенің мән-жайына үңілсек, Інкәрдария ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкері өз арызында еңбек демалысы төлемақысының кем есептелгенін айтып, көмек сұраған.
Еңбек иесі негізгі қызметінен бөлек, 0,5 штаттық бірлік бойынша уақытша қосымша жұмыс атқарғанымен, еңбек демалысының ақшасын есептеу кезінде бұл табысы мүлде ескерілмей қалған. Бұған қоса, аттестаттау нәтижесінде берілген бірінші санат бойынша жалақы коэффициенті де қате қолданылғаны анықталды.
Аталған шағымды «Қызмет» салалық кәсіподағының Қызылорда облыстық филиалының заңгері Кеңес Махамбетов мұқият зерделеді. Ол қолданыстағы еңбек заңнамасына сүйене отырып, құқықтық түсіндірме әзірледі де, мекеме басшылығы мен өтініш иесіне ресми жауап жолдады. Сондай-ақ мекеменің есепшілеріне заң талаптарын түсіндіріп, төлемді қайта есептеуді талап етті.
Кәсіподақтың табандылығы мен құқықтық қолдауының нәтижесінде қызметкердің еңбек демалысының төлемақысы қайта есептеліп, оған 128 000 теңге көлеміндегі тиесілі қаржысы толық өндіріп берілді.