Қазақстан Халық Кеңесі: Еңбек адамының мүддесін ҚР Кәсіподақтар федерациясынан үш кәсіподақ белсендісі қорғайды

Федерация жаңалықтары 22.09.2026

Қазақстан Халық Кеңесі: Еңбек адамының мүддесін ҚР Кәсіподақтар федерациясынан үш кәсіподақ белсендісі қорғайды

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 22 қыркүйектегі Жарлығымен жаңа конституциялық орган - Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы бекітілді.

Ел халқының мүддесін білдіретін бұл жоғары конституциялық-консультативтік органға әртүрлі әлеуметтік және кәсіби топтардың, қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығының, ғылым, білім, мәдениет, бизнес, жастар өкілдері мен кәсіподақ қозғалысының белсенділері кірді. Кеңеске барлығы 126 адам мүше болды.

Еліміздің кәсіподақ қозғалысы үшін бұл жайттың маңызы зор. Жаңа органның құрамына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясынан бірден үш өкіл кірді. Олар - ҚРКФ Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин, Астана қаласы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Төлеген Күнәділов және Жетісу облысының кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов. 

Төлеген Күнәділов пен Әсет Қыдырмановтың кандидатураларын Астана қаласы мен Жетісу облысының қоғамдық кеңестері ұсынған.

 

Кәсіподақ жетекшілерінің Қазақстан Халық Кеңесіне мүше болуы - ел тағдырын шешетін маңызды мәселелер мен жалпыұлттық ынтымақтастықта қарапайым еңбек адамының үні мен пікіріне айрықша мән берілетінін көрсетеді.

 

Бұл қадам Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясына миллиондаған жұмыскердің мүддесін қорғауға, лайықты еңбек жағдайын жасау, әлеуметтік әділдікті орнату, еңбек қауіпсіздігі мен жұмыскерлердің құқығын қорғау мәселелерін осы жаңа конституциялық институт деңгейінде көтеруге және тиісті заңдарға бастамашы болуға жол ашады.

 

Қазақстан Халық Кеңесі - мемлекет пен қоғам арасындағы ашық сұхбат пен түсіністікті қамтамасыз ететін жалпыұлттық алаң ретінде құрылды. Конституциялық нормаларға сәйкес, Кеңес құрамын Республика Президенті бекітеді, ал органның өзіне елдің қоғамдық-саяси өмірінде айрықша орны бар маңызды өкілеттіктер берілген.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар ортасы мен азаматтық қоғам ұйымдарының басын қосатын бірегей жалпыұлттық байланыс алаңы болуы тиіс екенін атап өткен еді.

 

«Кәсіподақтар үшін Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысына қатысу - еңбек адамының үнін, оның ұстанымын, үміті мен ұсыныстарын осы жалпыұлттық алаңға жеткізудің бірегей мүмкіндігі. Бүгінде Қазақстан экономикалық, технологиялық және әлеуметтік тұрғыдан үлкен бетбұрыстар кезеңін бастан кешіріп отыр. Осындай жауапты шақта күнделікті адал еңбегімен елдің әлеуметтік-экономикалық тірегін қалап жүрген қарапайым жұмыскерлердің үні қоғамдық алаңда естілуі өте маңызды. Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы өз өкілдерінің Қазақстан Халық Кеңесіне енуін әлеуметтік әріптестікті нығайтудың, әділ еңбек қағидаттарын орнықтырудың және жұмыскерлер мүддесін қорғаудың тағы бір маңызды тетігі деп санайды», - деді ҚРКФ Төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин.

 

Жоспар бойынша Кеңес мүшелерінің алғашқы ұйымдастыру отырысы ертең, 23 қыркүйекте өтеді, ал бейсенбі күні Қазақстан Халық Кеңесінің толық құрамы алдында Елбасы-Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлейді.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы