Түркістанда кәсіподақ өкілдері Жол-көлік колледжінің жастарымен кездесті

Салалық және өңірлік жаңалықтар 22.09.2026

Түркістанда кәсіподақ өкілдері Жол-көлік колледжінің жастарымен кездесті

«Қуатты кәсіподақ - еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпы кәсіподақтық науқаны аясында жүзеге асырылып жатқан «Жастар және еңбек болашағы: Жастар бастамалары күні» жобасы жастардың еңбек саласындағы белсенділігін арттыруға және олардың кәсіби дамуына қолдау көрсетуге бағытталған.

Осы жоба аясында «Жол көлік колледжі» білім беру ұйымында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев жас мамандармен кездесу өткізді.
Кездесуде еңбек жолын енді бастап келе жатқан жастардың кәсіби қалыптасуы, еңбек құқықтары мен міндеттері, жұмыс орнындағы қауіпсіздік және кәсіподақтың еңбек адамына көрсететін қолдауы туралы сөз болды.
    Айдар Бахтыбаев өз сөзінде жастардың еңбек нарығындағы орны ерекше екенін атап өтіп, қазіргі таңда кәсіби біліммен қатар, еңбек заңнамасын білу, өз құқықтары мен міндеттерін түсіну және қауіпсіз еңбек мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін жеткізді.


    Сондай-ақ кездесуде кәсіподақ ұйымдарының жас мамандарды қолдаудағы мүмкіндіктері, еңбек қатынастарында туындайтын мәселелердің алдын алу және қызметкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы кәсіподақтың рөлі кеңінен түсіндірілді.
    Өз кезегінде жас мамандар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, еңбек саласына қатысты өз пікірлерімен бөлісті. Бұдан басқа еркін форматта өткен кездесуде жастардың бастамалары мен ұсыныстарына да назар аударылды.
    Мұндай кездесулер жас мамандардың еңбек құқығы жөніндегі сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың кәсіби ортаға бейімделуіне және еңбек мәдениетін қалыптастыруына ықпал етеді. Бүгінгі бастамашыл жастар - ертеңгі еңбек саласының білікті мамандары мен белсенді кәсіподақ мүшелері.