Ақмола облысында Жастардың заңды жұмыспен қамтылу мәселелері Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында талқыланды. Әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, Ақмола облысы Кәсіпкерлер палатасының алаңында жастарды жұмыспен қамту мәселелеріне, оның ішінде жазғы кезеңде студенттер мен кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға Ақмола облысы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Гүлайым Әбдірахманова қатысты. Дөңгелек үстел жұмысына сондай-ақ Ақмола облысының жұмыс берушілері мен кәсіпкерлері қатысты, ал облыс аудандары мен қалаларының өкілдері онлайн режимде қосылды.
Жастарды еңбек қызметіне тарту тетіктері, сондай-ақ кәмелетке толмағандар мен жастарды жұмысқа орналастыруды реттейтін заңнаманың негізгі нормалары туралы Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Валентина Геращенко айтып берді.
Ақмола облысы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаменті басшысының орынбасары Уақыт Бейсембаев жазғы кезеңде кәмелетке толмағандарды жұмысқа орналастыруға қатысты өзекті мәселелерді атап өтіп, жұмыс берушілердің еңбек заңнамасы талаптарын сақтау қажеттілігіне назар аударды.
Жұмыс берушілердің тәжірибесінде кездесетін өзекті мәселелер туралы «Steppe by Gormolzavod» кофеханалар желісінің директоры Меруерт Жақсылықова айтып берді. Оның айтуынша, жазғы кезеңде студенттер мен мектеп оқушыларын жұмысқа орналастыру кезінде жастардың стипендиядан немесе әлеуметтік төлемдерден айырылып қалудан қауіптеніп, ресми түрде жұмысқа орналасудан бас тартатын жағдайлар жиі кездеседі. Сонымен қатар жұмыс берушілер еңбек шартын ресми түрде жасасып, барлық қажетті аударымдарды төлеуге дайын.
Талқылау барысында Ақмола облысы Кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Гүлайым Әбдірахманова жастар мен олардың ата-аналары, сондай-ақ жұмыс берушілер арасында кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізудің қажеттігін атап өтті.
Ол еңбек қызметінен алынған табыс тек атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау кезінде есепке алынатынын және оның мөлшеріне әсер етуі мүмкін екенін, ал әлеуметтік төлемдердің басқа түрлеріне әсер етпейтінін атап өтті. Сонымен қатар студенттің жұмыс істеу кезеңінде алған жалақысы өздігінен мемлекеттік стипендияны тоқтатуға негіз болып табылмайды. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, мемлекеттік стипендия жазғы каникул кезеңінде, оның ішінде студент жұмыс істеп, жалақы алған жағдайда да төленеді.
Жұмыс берушілердің студенттер мен кәмелетке толмағандарды жұмысқа қабылдау кезінде оларға тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі де маңызды. Бұл жастарға ресми жұмысқа орналасудың ықтимал салдары туралы нақты әрі шынайы ақпаратқа сүйене отырып, еңбек ету жөнінде саналы шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар жастарды заңды жұмыспен қамту тетіктерін жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірледі. Аталған ұсыныстарды қарау және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына тиісті өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін Ақмола облысынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына жолдау жоспарлануда.
Жастардың заңды жұмыспен қамтылуы – бұл тек алғашқы еңбек тәжірибесін жинақтап, өз табысын табу мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар еңбекке және өздерінің әлеуметтік кепілдіктеріне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.