Өнер – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын үлкен мектеп. Әсіресе сахна өнерінде қалыптасқан отбасылық дәстүр жас буынның кәсіби жолына бағыт-бағдар беріп, жауапкершілігін арттыра түседі. Осындай өнерлі әулеттің өкілі – актер, режиссер Шыңғыс Нұрғанатұлы Жақыпбай.

Шыңғыс Жақыпбай 1993 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Оның бала кезінен өнер ортасында өсуіне ата-анасының шығармашылық жолы үлкен әсер етті. Әкесі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, режиссер, актер әрі педагог, Астана қаласындағы «Жастар» театрының негізін қалаушы Нұрқанат Жақыпбай. Анасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актриса Шолпан Сіргебаева.

Яғни Шыңғыс үшін театр – сырттай қызықтайтын өнер саласы емес, бала күнінен таныс, өмірімен біте қайнасқан орта. Ата-анасының сахнадағы еңбегін көріп өскен ол өнер жолын саналы түрде таңдады.
2009–2012 жылдары Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінде «Музыкалық театр актері» мамандығын меңгерді. 2012–2016 жылдары осы академияның «Эстрада әртісі» (мюзикл) мамандығы бойынша профессор Нұрқанат Жақыпбайдың шеберханасында білім алды.
2015 жылдан бері Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театрында актер болып еңбек етіп келеді.

Шыңғыстың театр сахнасындағы шығармашылық жолы сан қырлы. Ол Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклінде Сансызбайды, Ж.Пило мен О.Шультестің «Моцарт» мюзиклінде Князь бен Розенбергті, Ә.Кекілбаевтың «Нартәуекел» шығармасында Сабалақ – Әбілмансұрды, У.Шекспирдің «Ромео – Жульеттасында» Ромеоны сомдады. Сонымен қатар «Қар ханшайымы», «Чиполлино», «Жыл он екі ай», «Мейірімді жүрек», «Құлыншақ пен бөлтірік», «Су перизаты» секілді балаларға арналған қойылымдарда да түрлі бейнелерді көрерменге жеткізді.
Актерлікпен қатар, Шыңғыс Жақыпбай режиссура саласында да өзін танытып келеді. 2023 жылы Н.Оразалиннің «Шырақ» лирикалық драмасын, 2024 жылы Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасын сахналады.

2023 жылы Алматы қаласында өткен І республикалық жастар театрлары фестивалінде Н.Оразалиннің «Шырақ» қойылымы үшін «Ең үздік режиссер» номинациясымен марапатталуы – оның шығармашылық ізденісінің маңызды нәтижелерінің бірі. Сондай-ақ 2014 жылы Оңтүстік Кореяда өткен «DIMF–2014» мюзикл фестивалінің лауреаты атанып, халықаралық театр фестивальдерінде Қазақстан өнерін танытты. 2023 жылы «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Шыңғыс Жақыпбайдың шығармашылық жолына қарағанда, оның бойында ата-анасынан дарыған өнерге деген сүйіспеншілік пен кәсіби жауапкершілік айқын байқалады. Алайда әке жолын жалғастыру – дайын жетістікті иелену емес, қалыптасқан өнер мектебіне өз үлесіңді қосу деген сөз. Шыңғыс бүгінде актерлік шеберлігін шыңдап қана қоймай, режиссура бағытында да өзіндік қолтаңбасын қалыптастыруға ұмтылып келеді.
Жақыпбай әулеті үшін театр – мамандық қана емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан өмір салты. Әкесі Нұрқанат Жақыпбай ұлттық театр өнеріне өзіндік мектебін қалыптастырып, елорданың мәдени өмірінде айрықша із қалдырса, анасы Шолпан Сіргебаева ұзақ жылдар бойы сахнада сан алуан бейнелерді сомдап келеді. Ал Шыңғыс осы шығармашылық дәстүрді жаңа буын өкілі ретінде жалғастырып отыр.
Еңбек әулетінің жаңа буыны үшін басты міндет – ата жолын қайталау ғана емес, оны заман талабына сай жалғастырып, өз қолтаңбасын қалыптастыру. Шыңғыс Жақыпбайдың бүгінгі шығармашылық ізденісі осы мақсатпен сабақтас.
Сахнада өзіне жүктелген әр рөлге жауапкершілікпен қарап, режиссурада жаңа ізденістерге ұмтылып жүрген жас маманның алдағы шығармашылық жолы да өнер әулетінің дәстүрін лайықты жалғастыра түсері анық.