ҚРКФ мен ЕО өкілдері еңбек нарығындағы өзгерістерді талқылады

Федерация жаңалықтары 22.09.2026

ҚРКФ мен ЕО өкілдері еңбек нарығындағы өзгерістерді талқылады

Сейсенбі, 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев Еуропалық Одақтың әлеуметтік қорғау, еңбек және жұмыспен қамту саласындағы «SOCIEUX+» сарапшыларымен кездесті. Олардың қатарында Чехия Еңбек және әлеуметтік істер министрлігінің Ұжымдық келіссөздер және еңбек заңнамасы бөлімінің басшысы Ян Ваха, Швеция кәсіпорындары конфедерациясының Еуропалық және халықаралық еңбек құқығы мәселелері жөніндегі аға заң кеңесшісі Наити дель Санте және «PARYZ» Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясының Халықаралық байланыстар департаментінің директоры Жамал Әбікенова бар.

Кездесуде тараптар әлеуметтік диалогты дамыту, ұжымдық келіссөз жүргізу, еңбекақы төлеу мен еңбек қауіпсіздігі, сондай-ақ жұмыспен қамтудың жаңа түрлері мен технологиялық өзгерістердің жұмыскерлерге тигізетін әсерін сөз етті.

 

Шара «PARYZ» ұйымы SOCIEUX+ бағдарламасымен бірлесіп жүзеге асырып жатқан «Қазақстандағы әлеуметтік диалогқа қатысу үшін жұмыс берушілер ұйымдарының әлеуетін нығайту» жобасы аясында өтті.

 

Жиынды ашқан ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары Қазақстандағы әлеуметтік әріптестік жүйесінің бүгінгі жай-күйіне тоқталды.

 

«Қазіргі таңда елімізде 23 салалық және 20 өңірлік келісім жұмыс істейді. Бұл құжаттардың қағаз жүзінде қалып қоймай, іс жүзінде орындалуы біз үшін өте маңызды. Үшжақты комиссиялар деңгейінде жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасында туындайтын мәселелер қаралады. Оның ішінде жалақы, еңбек қауіпсіздігі және еңбек қатынастарына қатысты басқа да мәселелер бар. Соңдықтан кәсіподақтар үшін әлеуметтік ынтымақтастықтың нақты нәтиже беріп, қарапайым еңбек адамының игілігіне жұмыс істеуі - басты ұстаным», – деді ол.

 

Мұхтар Тінікеев Кәсіподақтар федерациясының мемлекетпен ынтымақтастықта тұрақты түрде көтеріп келе жатқан негізгі мәселелерінің бірі - ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесі екенін айтты.

 

«Ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесіне қатысты мәселені бірнеше рет көтердік. Соңғы жылдары оның мөлшері кезең-кезеңімен өсті: 24 мың, 28 мың, кейін 42 мың теңге болса, бүгінде 85 мың теңгеге жетті. Бірақ біз үшін жалақының өсуі ғана емес, бұл көрсеткішті есептейтін түсінікті де нық әрі объективті механизмнің болуы маңызды. Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының № 131 Конвенциясын ратификациялады, сондықтан халықаралық тәсілдерді ескеру қажет деп есептейміз. Атап айтқанда, сөз Кейтц индексі туралы болып отыр. Кәсіподақтар федерациясы ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесіне қатысты өз ұсыныстарын Үкіметке жолдап қойды», – деді ол.

Сондай-ақ Мұхтар Тінікеев ұсынылған есептеулерге сәйкес, тиісті тәсіл қолданылса, қазіргі 85 мың теңгелік көрсеткіштің орнына ең төменгі жалақы мөлшері шамамен 151 мың теңге болуы мүмкін екенін жеткізді.

 

Одан бөлек, ол жалақыны индекстеу мәселесіне де арнайы тоқталды.

«Жалақыны индекстеу механизмін заңнамалық тұрғыда нақтырақ бекіту керек деп санаймыз. Кәсіподақтар бұл мәселені ұдайы көтеріп келеді. Әлеуметтік әріптестік жолға қойылған және ұжымдық шарттар жасалған кәсіпорындарда мұндай нормаларды жұмыскерлер мен жұмыс берушілер арасындағы келісімдерде бірден бекітуге болады», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

 

Оның айтуынша, бүгінде жұмыскерлердің 98 пайызға жуығы ұжымдық шарттармен қамтылған. Сонымен қатар, ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары соңғы жылдары бұл көрсеткіш шағын және орта бизнес кәсіпорындарының есебінен де артып келе жатқанын тілге тиек етті.

 

Кездесу барысында Чехиядағы жағдай туралы Чехия Еңбек және әлеуметтік істер министрлігінің Ұжымдық келіссөздер және еңбек заңнамасы бөлімінің басшысы айтып берді. Оның дерегінше, бұл елде жұмыскерлердің шамамен 42 пайызы ұжымдық келіссөздермен қамтылған.

 

«Біз үшін де ұжымдық келіссөздермен қамту аясын кеңейту өзекті болып отыр. SOCIEUX+ жобасы шеңберінде жұмыс берушілер ұйымдарының оқытуға деген қажеттіліктерін бағалау методологиясын әзірлегіміз келеді. Бұл олардың әлеуметтік әріптестікке тиімдірек қатысуы үшін қандай біліктілік пен білім керек екенін анықтауға мүмкіндік береді. Бастапқыда бұл тәсілді көлік секторында байқап көруді жоспарлап отырмыз», – деді Ян Ваха.

Кездесуге қатысушылар еңбек нарығы құрылымының өзгерісін де талқылады. Мұхтар Тінікеев Қазақстанның Әлеуметтік кодексінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен платформалық жұмыскерлер ұғымы бекітілгенін атап өтті.

 

«Бүгінде дәстүрлі еңбек қатынастарынан тыс жүрген жұмыскерлердің жаңа санаты пайда болуда. Сондықтан кәсіподақтарға олардың мүдделерін білдірудің жаңа формаларын іздеу қажет. Біз бұған дейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін, атап айтқанда сұлулық саласы мен такси жүргізушілері үшін кәсіподақтар құруға әрекет жасап көрдік. Бірақ тұрақты мүшелікті сақтау жағынан кедергілерге тап болдық. Кәсіподақ ұйымының тұрақты жұмыс істеуі үшін жұмыскерлердің үнемі қатысып отыруы маңызды, сондықтан бұл бағытта тиімді механизмдерді әлі де дайындауымыз керек», – деді Мұхтар Тінікеев.

 

Оның сөзінше, жұмыспен қамтудың жаңа түрлерін реттеу тәсілдерін қалыптастыруда кәсіподақтар халықаралық еңбек стандарттарына және ХЕҰ-ның бейресми экономикадан ресми экономикаға өту туралы № 204 Тұжырымдамасына сүйенеді.

 

ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары жиынға қатысушыларға кәсіподақтардың еңбекті қорғау саласындағы бастамаларын да таныстырды.

«Бүгінгі таңда елімізде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша 12 мыңға жуық өндірістік кеңес құрылған, сондай-ақ кәсіподақтардың 17 мыңдай техникалық инспекторы жұмыс істейді. Бұл - кәсіподақ бақылауының үлкен әлеуеті. Әлеуметтік әріптестердің бірлескен жұмысы өндірістік жарақаттану деңгейін біртіндеп төмендетуге мүмкіндік беруде. Біздегі мәліметтерге сүйенсек, жарақаттану 4,5 пайызға, ал адам өлімімен аяқталған жағдайлар 6,9 пайызға азайған», – деді Мұхтар Тінікеев.

 

Сонымен бірге ол еңбек қауіпсіздігін бақылау жүйесін әлі де жетілдіру қажеттігін атап өтті.

«Қазіргі таңда 340-қа жуық мемлекеттік инспектор 300 мыңнан астам кәсіпорынды бақылауы тиіс. Тек мемлекеттік инспекция күшімен барлық өндірісті толық қамту мүмкін емесі анық. Соған байланысты біз мемлекеттік еңбек инспекциясын күшейту және кәсіподақ бақылауының мүмкіндіктерін тиімдірек пайдалану қажеттілігін айтып келеміз. Кәсіподақтардың техникалық инспекторлары тікелей кәсіпорындарда жүргендіктен, мәселелерді күнделікті режимде көре алады. Біз үшін еңбек қауіпсіздігі тек жазатайым оқиға орын алғаннан кейін әрекет етумен шектелмей, ең алдымен алдын алу шаралары арқылы қамтамасыз етілуі маңызды», – деді ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары.

 

Ол сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының 2024–2030 жылдарға арналған Кауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру, жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу механизмдерін жетілдіру және ауыр әрі зиянды өндірісте жұмыс істейтіндерге арналған әлеуметтік кепілдіктер жөніндегі ұстанымымен бөлісті.

Мұхтар Тінікеевтің айтуынша, Кәсіподақтар федерациясы Халықаралық еңбек ұйымының еңбекті қорғау саласындағы тәсілдерін әрі қарай дамытуды қолдайды және ХЕҰ-ның № 176 Конвенциясын ратификациялау мәселесін ілгерілету мүмкіндігін қарастырып жатыр.

 

Бұдан бөлек, ол ҚРКФ-ның 190-ға жуық кәсіпорын қатысып жатқан «Халықтық бақылау» жобасы туралы да хабардар етті.

Еңбек дауларының алдын алу жұмыстарына тоқталған Мұхтар Тінікеев Кәсіподақтар федерациясының кәсіпорындардағы жағдайға апта сайын мониторинг жүргізіп, еңбек консультациялары мен оқыту семинарларын ұйымдастырып отыратынын жеткізді.

 

«Біз үшін мәселені жанжалға ұласпай тұрып анықтау маңызды. ҚРКФ апта сайын кәсіпорындардағы жағдайды бақылап, еңбек консультацияларын өткізеді және тараптардың келіссөздер арқылы шешім табуына көмектеседі. Соңғы уақытта мыңдаған жұмыскердің қатысуымен 800-ден астам еңбек консультациясы және 540-қа жуық оқыту семинары өтті. Мұндай жұмыс кәсіподақ белсенділеріне еңбек құқықтарын қорғау механизмдерін тереңірек түсінуге және туындаған мәселелерге өз уақытында үн қатуға мүмкіндік береді», – деді спикер.

 

Ян Ваха мен Наити дель Санте жұмыскерлерді еңбек нарығындағы өзгерістерге даярлаудың еуропалық тәжірибесін таныстырды.

Ян Ваха Чехияда біліктілікті арттыру мен қайта даярлау жұмыскерлерді экономика мен жұмыспен қамту құрылымындағы өзгерістерге бейімдеудің басты құралдарының бірі ретінде қарастырылатынын айтты.

 

Өз кезегінде Наити дель Санте Швеция тәжірибесіне тоқталып, онда кәсіподақтар мен жұмыс берушілер жұмыскерлерді оқыту мен қайта даярлау мәселелеріне бірлесе қатысатынын атап өтті. Оның айтуынша, кейбір жағдайларда қайта даярлау кезеңінде жұмыскердің жалақысының 80 пайызына дейін сақталуы мүмкін.

Сонымен қатар ол кадр тапшылығы бар мамандықтарды анықтау және еңбек нарығының болашақ қажеттіліктерін ескере отырып оқыту бағдарламаларын қалыптастыру тәсілдері туралы баяндады.

Жасанды интеллект пен автоматтандырудың жұмыспен қамтуға тигізетін әсерін талқылау аясында ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары Кәсіподақтар федерациясының жаңашылдықтарды қолдайтынын, бірақ бұл қарапайым еңбек адамының мүддесіне нұқсан келтірмеуі тиіс екенін баса айтты.

 

«Бүгінде жасанды интеллект, роботизация және автоматтандыру өндіріс барысын айтарлықтай өзгертіп жатыр. Жұмыс берушінің жұмыс тиімділігін арттыруға ұмтылуы - заңды құбылыс. Дегенмен, біз мамандығы өзгерген немесе жойылған жағдайда жұмыскердің тағдыры не болатынын алдын ала ойластыруымыз керек. Соған байланысты қайта оқыту, жаңа дағдыларды игеру және жаңа мамандықтарға баулу мәселелері адам жұмысынан айырылып қалғаннан кейін емес, жаңа технологияларды енгізумен қатар талқылануы тиіс», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

 

Ол сондай-ақ Кәсіподақтар федерациясының жасанды интеллектің жұмыскерлер мен еңбек нарығына тигізер әсеріне арналған алдағы форумы туралы айтып өтті.

«Талқылаудың басты тақырыбы - мамандықтардың өзгеруі, кадрларды қайта даярлау және жаңа технологияларды енгізу кезінде еңбек құқықтарын қорғау мәселелері болмақ», – деп толықтырды Мұхтар Тінікеев.

Наити дель Санте мен Ян Ваха еуропалық елдердің де жұмыскерлерді автоматтандыруға байланысты өзгерістерге дайындау қажеттілігімен бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Олардың айтуынша, кәсіби оқыту және еңбек нарығының болашақ қажеттіліктерін өз уақытында анықтау мәселелері әлеуметтік әріптестік үшін маңызды.

Кездесу соңында қатысушылар ұжымдық келіссөздер жүргізу, әлеуметтік әріптестердің әлеуетін дамыту, еңбек қауіпсіздігі және жұмыскерлерді еңбек нарығындағы өзгерістерге дайындау мәселелері бойынша тәжірибе алмасуды әрі қарай жалғастыруға келісті.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы