Жастардың жан-жақты дамуы – ел болашағының берік негізі. Білім мен спортты серік етіп, алдына биік мақсат қоя білген жас ұрпақ қана қоғамның дамуына өзіндік үлес қоса алары хақ. Мұндай табандылық пен еңбекқорлықтың жарқын үлгісін Ақтөбе қаласындағы Білім-инновация лицейінің тарих пәні мұғалімі, кәсіподақ мүшесі Айбол Орынбек көрсетіп отыр.

Ол жақында Әзербайжанның астанасы Баку қаласында өткен IRONMAN 70.3 халықаралық триатлон жарысына қатысып, күрделі қашықтықты толық еңсеріп, мәреге жетті. Бұл – спорттық нәтиже ғана емес, бірнеше жылдық жүйелі дайындықтың, тәртіптің, еңбекқорлықтың және адамның өз мүмкіндігіне деген сенімінің көрінісі.
Триатлон – үш спорт түрін біріктіретін күрделі спорттық сайыс. IRONMAN 70.3 жарысының қатысушылары алдымен 1,9 шақырым қашықтыққа жүзеді, одан кейін 90 шақырым велосипедпен жүріп, жарыстың соңғы кезеңінде 21,1 шақырым жүгіреді. Осы үш кезеңнің жалпы қашықтығы 113 шақырымды құрайды.
Яғни спортшы үшін бұл – бір ғана спорт түріндегі жарыс емес. Жүзудегі төзімділік, велосипед кезеңіндегі күш пен тактика, жүгірудегі жігер мен шыдамдылық қатар сыналады. Әр кезеңде спортшы өзінің физикалық мүмкіндігін ғана емес, уақытты дұрыс бөлуді, күшін үнемдеуді және соңына дейін берілмеуді үйренеді.
Айбол Ерболұлы бұл додаға бір күнде келген жоқ. Ол үш жылға жуық уақыт бойы жүйелі түрде дайындалып, күнделікті жаттығуды өмір салтына айналдырды. Сабақ берумен қатар жаттығуға уақыт табу, жұмыс пен спортты қатар алып жүру, күн тәртібін дұрыс жоспарлау – үлкен тәртіпті талап етеді.

Ұстаздың спорттағы бұл биігі – жас ұрпаққа бағыт-бағдар берер шынайы өнеге. Табандылық пен еңбекқорлықты серік еткен ақтөбелік мұғалім өз ісімен шәкірттеріне «мақсатқа жету жолында кейін шегінбеу» керектігін дәлелдеп берді.