БҚО-да «Еңбек жолы» байқауының өңірлік жеңімпаздары марапатталды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 23.09.2026

БҚО-да «Еңбек жолы» байқауының өңірлік жеңімпаздары марапатталды

«Атамекен» өнер ордасында Еңбек күніне орай «Еңбек жолы» республикалық байқауының облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

 

Салтанатты шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, еңбек әулеттерінің өкілдері, жұмысшы мамандар, жастар және қоғам өкілдері қатысты. Шараға Батыс Қазақстан облысы “Кәсіподақтар орталығының” төрайымы Айгүл Есекенова да қатысып, байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне атсалысты.

 

Кәсіподақтар еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, олардың құқықтары мен әлеуметтік-еңбек мүдделерін қорғау бағытында маңызды жұмыстар атқарып келеді. «Еңбек жолы» байқауы да еңбек адамының еңбегін дәріптеп, кәсіби шеберлікті, сабақтастық пен еңбек дәстүрін насихаттауға бағытталған.

Биыл байқаудың облыстық кезеңіне 34 үміткер қатысты. Оның ішінде «Үздік еңбек әулеті» аталымына – 7, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымына – 12, «Өндірістің үздік жас маманы» аталымына 15 үміткер бақ сынады.

 

Конкурстық комиссияның шешімімен «Үздік еңбек әулеті» аталымында тасқалалық Мұқановтар әулеті жеңімпаз атанды. Бірнеше буыннан бері бұл әулеттің өкілдері мал шаруашылығымен айналысып, ата кәсіпті жалғастырып келеді.

«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында №1 қалалық емхананың қызметкері Ләззат Наушанова жеңіске жетті. Медицина саласындағы 30 жылға жуық еңбек жолында ол 20-дан астам шәкірт тәрбиелеп, жас мамандарға кәсіби бағыт-бағдар берген.

Ал «Өндірістің үздік жас маманы» аталымы бойынша І орын «Орал құс фабрикасы» кәсіпорнында слесарь-оператор болып еңбек ететін Дмитрий Нерновқа бұйырды. Жас маман аға буын өкілдерінен тәлім алып, кәсіби білімі мен жауапкершілігін іс жүзінде көрсете білді.

Іс-шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бір топ азаматқа, сондай-ақ «Еңбек жолы» байқауының өңірлік кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсетіліп, марапаттар табысталды.