Қызылорда облысында еңбек қатынастарын құқықтық тұрғыдан жетілдіру, кәсіподақ белсенділерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру және еңбек заңнамасындағы өзекті өзгерістерді түсіндіру мақсатында Қызылорда облыстық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат салалық кәсіподағына қарасты ұйымдардың белсенді мүшелеріне арналған кезекті оқу семинары ұйымдастырылды.

Ауқымды оқыту алаңына бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері, кадр қызметкерлері, өндірістік кеңес мүшелері, еңбек ұжымдарының өкілдері мен кәсіподақ белсенділері қатысып, еңбек заңнамасының жаңашылдықтары мен оларды тәжірибеде қолданудың өзекті мәселелерін жан-жақты талқылады.
Семинардың ашылуында Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев сөз сөйлеп, қазіргі таңда еңбек қатынастарын құқықтық негізде реттеудің маңыздылығы артып отырғанын және кәсіподақтардың құқықтық ағарту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру еңбек адамының мүддесін қорғаудағы маңызды бағыттардың бірі екенін ерекше атап өтті.

Оқыту бөлімін Халықаралық еңбек ұйымының оқу орталығында біліктілігін жетілдірген, тәжірибелі тренер-фасилитатор, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының дәріскерлер пулының мүшесі Майра Боранбаева жүргізді.

Тәжірибелік бағытта өткен семинар барысында Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына енгізілген соңғы өзгерістер, жұмыс беруші мен жұмыскердің құқықтары мен міндеттері, еңбек шарттарын рәсімдеу тәртібі, жұмыс уақыты мен демалыс уақытын ұйымдастыру, еңбек дауларын шешу тетіктері, келісу комиссияларының қызметі, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен бірге нақты тәжірибеден алынған мысалдар талданып, қатысушылардың сұрақтарына құқықтық тұрғыдан толыққанды жауаптар берілді.

Оқытудың қорытындысында Қызылорда облыстық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат салалық кәсіподағының төрағасы Раушан Үмбетова семинардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, білім мен тәжірибе алмасуға белсенді қатысқан барлық қатысушыларға ризашылығын білдірді. Ол еңбек заңнамасы бойынша жүйелі оқытудың кәсіподақ ұйымдарының әлеуетін нығайтып, еңбек адамының құқықтарын қорғаудағы тиімді жұмыстың маңызды негізі екенін атап өтті.

Семинар соңында барлық қатысушыларға оқу бағдарламасын сәтті меңгергенін растайтын арнайы сертификаттар табысталып, алдағы уақытта да құқықтық білімді жетілдіруге бағытталған мұндай оқыту шаралары тұрақты түрде жалғасатыны айтылды.