Ұстаздық – жүрек таңдауы. Ал сол таңдауға адал болып, білім берумен қатар қоғамдық іске белсене араласу – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осындай қасиеттерді бойына тоғыстырған жас мамандардың бірі – Назгүл Таурханқызы Сапахова.
Шиелі ауданындағы №45 «Ақорда» мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назгүл Таурханқызы еңбек жолын кәсіби ізденіс пен қоғамдық белсенділікті қатар ұштастырып келеді. Ол үшін әрбір жұмыс күні – шәкіртке білім берумен ғана шектелмейтін, адамға бағыт-бағдар беріп, оның болашағына ықпал ететін маңызды кезең.Ол – өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, еңбегін ел игілігіне арнайтын, кәсібін қадір тұтатын жан. Назгүл Сапахованың ұстаздық жолы – осы құндылықтардың жас буын арасындағы жарқын көрінісі.
Жас педагог кәсіби қызметімен қатар кәсіподақ қозғалысына да белсенді араласып, әріптестерінің ортақ мүддесін қорғауға, жастардың қоғамдық бастамаларын қолдауға үлес қосып келеді. Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының Жастар ісі жөніндегі кеңесінің мүшесі ретінде ол жас мамандардың үнін естіртіп, олардың пікірін ортақ алаңдарға шығаруға атсалысып жүр.Назгүл Таурханқызы осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, өзінің де кәсіби және қоғамдық әлеуетін дамытып келеді.
Оның еңбек жолындағы елеулі белестердің бірі – «30 Еңбек елшісі» жобасының жеңімпазы атануы. Бұл жоба аясында Қызылорда облысының атынан жеңімпаздар қатарынан көрінуі – жас педагогтің еңбегі мен белсенділігінің лайықты бағаланғанын көрсетеді.
Назгүл Сапахова жастармен жұмыс істеуге, тәжірибе алмасуға, жаңа бастамаларға қолдау көрсетуге және кәсіподақ құндылықтарын жас буын арасында кеңінен насихаттауға белсенді қатысып келеді. Оның әрбір бастамасынан «еңбек», «бірлік», «жауапкершілік» және «кәсіби даму» ұғымдарының өзара сабақтастығы байқалады.
Бүгінде еңбек нарығына қадам басқан әрбір жас маманға өз жолын қалыптастыру үшін тек білім ғана емес, ортақ іске деген сенім мен қолдау да қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Назгүл Таурханқызының жолы – кәсіби дамуға ұмтылған, қоғамдық іске бейжай қарамайтын жастарға берер тағылымы мол еңбек жолы.
Жас көшбасшының жолы – бір күнде қалыптаспайды. Ол күн сайынғы адал еңбектен, табандылықтан, ізденістен және адамдарға пайда әкелуге деген ұмтылыстан құралады. Адал еңбекпен қалыптасқан жас көшбасшылар – кәсіподақ қозғалысының да, білім саласының да болашағы.