Еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік әріптестік мәселелері қаралды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 24.09.2026

Еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік әріптестік мәселелері қаралды

Жуалы ауданында әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен жиынға аудан әкімінің міндетін атқарушы Айдос Құттыбайұлы Асабаев төрағалық етті.

 

 


Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі аудандық үшжақты комиссия – мемлекеттік орган, жұмыс берушілер және жұмыскерлердің, оның ішінде кәсіподақтардың өкілдері арасындағы әлеуметтік диалогты қамтамасыз ететін маңызды алаң. Комиссияның негізгі міндеті – еңбек қатынастарындағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау, еңбек заңнамасының сақталуына ықпал ету, жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, еңбек дауларының алдын алу және қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету.


Жиынға «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Жиенәліұлы Қарашолақов, «Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерұлан Сабенұлы Мағзымбеков, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Базантай Рахмашұлы Данияров, «ҚР Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Азимхан Қилыбаев, «QazMed» Медицина және онымен сабақтас салалар қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Оразқұлы Махашов қатысты.


Сонымен қатар басқосуға аудан әкімдігінің бөлім басшылары, Бауыржан Момышұлы ауылы мен ауылдық округ әкімдері, аудандық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен мүшелері, аудан әкімдігі жанынан құрылған үшжақты комиссия мүшелері және аудандық «Жаңа өмір – Новая жизнь» газетінің тілшілері қатысты.
Жиынды ашқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Айдос Құттыбайұлы Асабаев еңбек заңнамасының талаптарын сақтау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбек жанжалдарының алдын алуда үшжақты комиссия жұмысының маңыздылығын атап өтті.
Ауданның еңбек ахуалына тоқталған ол қазіргі таңда ауданда 660 кәсіпорын тіркелгенін, оның ішінде 3 ірі, 11 орта және 646 шағын кәсіпорын бар екенін жеткізді.
Жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бағытында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде сақтандыру шарты болмаған 70 кәсіпорынның 63-і тиісті рәсімдерді жүргізген. Ал еңбек шарттары туралы мәліметтері жоқ 7 кәсіпорынның 6-ы қажетті жұмыстарды орындап, бұл бағыттағы жоспардың орындалуы 83 пайызды құраған.
Сонымен бірге еңбек шарттары жасалғанымен, міндетті зейнетақы жарналары аударылмаған 680 кәсіпорынға хабарламалар жолданып, ескерту жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде аудандық білім бөліміне қарасты 55 кәсіпорын бойынша, яғни 13 балабақша мен 42 мектептегі 2709 жұмыскерге қатысты тиісті жұмыстар атқарылып, міндетті зейнетақы жарналары толық аударылған.
Бұдан бөлек, 19 жеке кәсіпорын берешектің жоқтығын растаған. Бұл бағыттағы бекітілген жоспардың орындалуы 36,3 пайызды құраған.
Аудан әкімінің міндетін атқарушының мәліметінше, бүгінгі таңда ауданда жалақы бойынша берешегі бар және жазатайым оқиғалар орын алған кәсіпорындар ресми түрде тіркелмеген.
Комиссия отырысында «Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Жиенәліұлы Қарашолақов сөз сөйлеп, Жуалы ауданындағы еңбек ахуалына қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Кәсіподақтар үшін жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еңбек заңнамасының сақталуына ықпал ету – негізгі бағыттардың бірі.
Осы ретте әлеуметтік әріптестіктің маңызына ерекше назар аударылды. Мемлекеттік орган, жұмыс беруші және жұмыскерлердің өзара тиімді диалогы еңбек қатынастарындағы мәселелерді уақытылы анықтап, оларды еңбек дауына жеткізбей шешуге мүмкіндік береді.
Кәсіподақ өкілдері еңбек қауіпсіздігіне тек жазатайым оқиға орын алғаннан кейін емес, оның алдын алу тұрғысынан қараудың маңыздылығын атап өтті. Жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтауына, жұмыскерлердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және еңбек шарттарының тиісті деңгейде рәсімделуіне тұрақты түрде назар аудару қажеттігі айтылды.


Сондай-ақ міндетті әлеуметтік кепілдіктердің сақталуы, еңбек шарттары мен зейнетақы жарналары бойынша берешектердің алдын алу, жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету мәселелері де кәсіподақтардың назарында екені жеткізілді.
Жиын барысында салалық кәсіподақтардың өкілдері де өз пікірлерін білдіріп, еңбек қатынастарын жетілдіру, жұмыскерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік әріптестікті одан әрі нығайту бағытындағы ұсыныстарын ортаға салды. Білім беру, ауыл шаруашылығы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, медицина салаларындағы еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді бірлесіп қараудың маңыздылығы атап өтілді.
Үшжақты комиссия жұмысы арқылы әр саланың ерекшелігі ескеріліп, жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған ұсыныстарды тиісті деңгейде қарастыруға мүмкіндік бар.

Жиын барысында тараптар өзара пікір алмасып, еңбек жанжалдарының алдын алу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек заңнамасының талаптарын сақтау және жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту мәселелерін талқылады.
«Жамбыл облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен бірлесіп, еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыру және әлеуметтік әріптестікті нығайту бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береді.
Жиын қорытындысы бойынша еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек заңнамасының сақталуына ықпал ету және әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігі атап өтілді.