«Қуатты кәсіподақ - еңбек адамының қуатты үні» бірыңғай жалпы кәсіподақтық науқаны аясында «Кәсіподақ жаныңда - заңгерлік көмек көрсетудің бірыңғай күні» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Маңызды бастама еңбек адамдарының құқықтық сауатын арттыруға және еңбек қатынастарына қатысты мәселелер бойынша нақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған.

Осы жоба аясында «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Айдар Бахтыбаев «Түркістан облысының ветеринария басқармасы» ММ-нің бастауыш кәсіподақ ұйымында кәсіподақ мүшелерімен кездесіп, құқықтық кеңес өткізді.

Кездесу барысында еңбек заңнамасының талаптары, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктері, еңбек шартын жасасу және оның талаптарын сақтау, жұмыс уақыты мен демалыс тәртібі, жалақы төлеу, еңбек демалысына шығу тәртібі сияқты маңызды мәселелер түсіндірілді.




Сонымен қатар кәсіподақ мүшелерінің жұмыс барысында туындауы мүмкін еңбек даулары мен құқықтық мәселелерді шешу тәртібі, бұл ретте кәсіподақтың атқарар рөлі кеңінен талқыланды.
Осындай құқықтық кездесулер қызметкерлердің еңбек қатынастарына қатысты мәселелерді дұрыс түсінуіне және туындаған жағдайларды заң шеңберінде шешуіне мүмкіндік береді. Кәсіподақ тарапынан еңбек адамдарына құқықтық қолдау көрсету жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.