ХКК БЕАК Басқару комитеті алдағы жылға арналған жоспарларды талқылады

Федерация жаңалықтары 25.09.2026

ХКК БЕАК Басқару комитеті алдағы жылға арналған жоспарларды талқылады

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы — Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Бүкілеуропалық аймақтық кеңесінің (ХКК БЕАК) вице-президенті Сатыбалды Дәулеталин БЕАК Басқару комитетінің отырысына қатысты.

 

Жиынға қатысушылар БЕАК-нің ағымдағы қызметін, Атқару комитетінің отырысы мен Бас ассамблеяға әзірлік барысын, сондай-ақ аймақтық кеңестің 2027 жылға арналған жоспарларын қарастырды. Күн тәртібіне Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясымен (ХКК) және Халықаралық еңбек ұйымымен (ХЕҰ) өзара іс-қимыл, әлеуметтік әріптестік, еңбекті цифрландыру, еңбекті қорғау және халықаралық кәсіподақ ынтымақтастығы мәселелері енгізілді.

 

Кездесу барысында ХЕҰ Бас директорын сайлауға дайындық мәселесі талқыланды. Бұл лауазымға үш үміткер ұсынылған: ХЕҰ-ның қазіргі Бас директоры Жильбер Ф. Унгбо, Испания Үкіметі төрағасының орынбасары, Еңбек және әлеуметтік экономика министрі Иоланда Диас Перес, сондай-ақ Перудің бұрынғы Сыртқы істер министрі Хавьер Гонсалес-Олаэчеа Франко.

 

23 қыркүйекте Женева қаласында осы үш үміткердің қатысуымен ашық әрі еркін форматта пікірталас өтті. Үміткерлер ХЕҰ-ны одан әрі дамытуға қатысты өз бағдарламаларын таныстырып, үкіметтердің, жұмыскерлер мен жұмыс берушілер өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

БЕАК Басқару комитеті алдағы сайлау тәртібін және оның ХЕҰ-ның кейінгі қызметіне, халықаралық еңбек нормаларын жетілдіруге әрі әлеуметтік диалогты нығайтуға тигізетін ықпалын сарапқа салды.

ХЕҰ бекіткен кестеге сәйкес, 2026 жылдың 9 қарашасында ХЕҰ Әкімшілік кеңесінің отырысында кандидаттардың баяндамалары тыңдалады. Ал 16 қарашада жасырын дауыс беру арқылы Бас директор сайланады. Жаңа Бас директор өз міндетіне 2027 жылдың 1 қазанынан бастап кірісуі тиіс.

Қатысушылар сондай-ақ экономикалық, технологиялық және геосаяси өзгерістерді ескере отырып, аймақтағы әлеуметтік әріптестіктің дамуын қарастырды. Сөз еңбек қатынастары, халықты жұмыспен қамту және еңбек құқықтарын қорғау саласында шешімдер қабылдау кезінде жұмыскерлердің, жұмыс берушілердің және мемлекеттің өзара бірлескен іс-қимылы туралы болды.

 

Сонымен бірге отырыстың күн тәртібінде еңбек нарығын цифрлық тұрғыдан жаңғырту мәселелері талқыланды. БЕАК жасанды интеллектке, автоматтандырылған жүйелерге және жұмыспен қамтудың заманауи түрлеріне, соның ішінде платформалық еңбекке қатысты кәсіподақтардың ортақ ұстанымын айқындауды жалғастырып келеді. Бұл тақырыптар БЕАК-тың 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өткізген іс-шараларында да сөз болған еді.

 

Басқару комитетінің мүшелері БЕАК-тың ХЕҰ шеңберіндегі қызметін, Халықаралық еңбек конференциясының қорытындыларын және халықаралық еңбек нормаларын қолдану мәселелерін талқылады. Сонымен қатар дағдарыс жағдайында еңбек құқықтарын қорғау, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау, сондай-ақ халықаралық кәсіподақтар арасындағы ынтымақтастық мәселелері көтерілді.

Отырыс барысында Басқару комитетінің мүшелеріне БЕАК/PERC Сараево өкілдігінің 2026 жылдың сәуір–маусым айларындағы атқарған жұмыстары туралы есебі ұсынылды. Осы кезеңде өкілдік Босния және Герцеговина кәсіподақтарымен бірлесе отырып еңбекті қорғау, жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік әріптестікті дамыту және халықаралық ұйымдармен байланыс орнату бағытында жұмыс жүргізді.

 

PERC–Union to Union жобасы аясында Босния және Герцеговинада көлік саласындағы, құрылыс пен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтағы еңбекті қорғауға арналған семинарлар мен сараптамалық кездесулер ұйымдастырылды. Жиынға қатысушылар өндірістегі жарақаттанудың алдын алу, кәсіби тәуекелдерді бағалау, еңбек инспекциясының жұмысы және кәсіподақтардың қауіпсіз әрі салауатты еңбек жағдайларын жасауға қатысу мәселелерін қарастырды.

 

Аймақтық күн тәртібіндегі бұл мәселелер Қазақстандағы кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарымен - еңбекті қорғау мен жұмыскерлердің қауіпсіздігімен, еңбек саласын цифрландырумен және жасанды интеллектті енгізумен, әлеуметтік диалогты дамытумен, халықаралық еңбек нормаларымен және әділетті өту қағидаттарымен тікелей сабақтас.

 

ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, БЕАК вице-президенті Сатыбалды Дәулеталин аймақтық кеңестің жұмысына және ортақ кәсіподақ күн тәртібін талқылауға белсене қатысып келеді. Осындай жұмыс форматы еңбек қатынастары мен жұмыскерлердің құқықтарын қорғау мәселелерін қарау кезінде әртүрлі елдердегі кәсіподақ ұйымдарының жинақтаған тәжірибесін ескеруге мүмкіндік береді.

2027 жылы БЕАК осы бағыттар бойынша жұмысын ары қарай жалғастырады. Алдағы негізгі міндеттердің қатарында - Бас ассамблеяға дайындық, ХЕҰ мен ХКК-мен тығыз қарым-қатынаста болу, сондай-ақ әлеуметтік әріптестікті дамыту, еңбек қауіпсіздігі және еңбек құқықтарын қорғау бағытындағы кешенді жұмыстар бар.

 

ҚРКФ Кәсіподақтық коммуникация орталығы