Еңбек адамы: Қайрат Жанұзақ

Салалық және өңірлік жаңалықтар 25.09.2026

Еңбек адамы: Қайрат Жанұзақ

Қоғамның мәдени өмірінде өзіндік орны бар театр саласы – шығармашылық ізденіспен қатар, үлкен жауапкершілікті, ұйымшылдықты және еңбек тәртібін талап ететін маңызды бағыттардың бірі. Осындай ортада еңбек етіп, әріптестерінің құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғауға белсенді атсалысып жүрген азаматтардың бірі – Жанұзақ Қайрат Темірханұлы.


Қайраттың қоғамдық белсенділігі мен көшбасшылық қыры оның еңбек ұжымындағы бастамаларынан айқын көрінеді. Бүгінде ол Қызылорда облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының режиссер көмекшісі, әрі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде кәсіподақ қозғалысының дамуына өз үлесін қосып келеді.


Жанұзақ Қайрат үшін кәсіподақ – жұмыскерлердің ортақ мүддесін білдіретін ұйым ғана емес, еңбек адамының үніне құлақ асатын, қажет кезде құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсететін сенімді тірек. Осы бағытта бастауыш ұйымның белсенділігін арттыру, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық сауаттылығын көтеру, еңбек жағдайын жақсартуға бағытталған ұсыныстарды қолдау маңызды міндеттердің бірі болып табылады.


Жас көшбасшының ұстанымы – ұжымның бірлігі мен кәсіподақ мүшелерінің белсенділігін күшейту. Себебі мықты бастауыш кәсіподақ ұйымы ең алдымен өз мүшелерінің сеніміне сүйенеді. Ал бұл сенімді қалыптастыру үшін көшбасшының әріптестерімен тұрақты байланыста болуы, олардың ұсынысы мен мәселесіне назар аударуы аса маңызды.


Жанұзақ Қайраттың көшбасшылық жолы – еңбек ұжымындағы белсенділіктен, қоғамдық жауапкершіліктен және кәсіподақ құндылықтарына адалдықтан қалыптасып келе жатқан жол. Оның бастамалары жас мамандардың кәсіподақ жұмысына белсенді араласуына, ұжымдық бірлікті нығайтуға және еңбек адамының мүддесін қорғауға бағытталған.


Бүгінгі жас көшбасшылар – ертеңгі кәсіподақ қозғалысының берік негізі. Ал олардың әр бастамасы еңбек адамының құқығы мен абыройын қорғауға қызмет еткенде ғана өз мәнін табады.