Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы Атқару комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова, Атқару комитетінің мүшелері және кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

Кеңесте кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктердің сақталуын қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігіне қоғамдық бақылау жүргізу, құқықтық қорғау жұмыстарын күшейту және кәсіподақ ұйымдарының ішкі шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Алғашқы мәселе бойынша облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов 2026 жылғы жазғы каникул кезеңінде кәсіподақ мүшелерінің демалысын ұйымдастыру және өткізу жұмыстарының қорытындысы туралы баяндама жасады.

Сонымен қатар Әйтеке би және Мұғалжар аудандық кәсіподақ ұйымдарындағы еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу және құқықтық қорғау жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері қаралды. Бұл бағытта аудандық кәсіподақ ұйымдарының төрағалары Мейрамбек Ахметов пен Жұмагүл Жұмабаева атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Ойыл және Темір аудандық кәсіподақ ұйымдарында облыстық Атқару комитетінің қаулылары мен өз шешімдерінің орындалуын бақылау жұмыстарының жағдайы да талқыланды. Ойыл аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлмира Избағамбетова және Темір аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Назгүл Сәбенова есеп берді.
Облыстық кәсіподақ ұйымының заңгерлері Александр Алимпиев пен Нұрлан Жетпісбай биыл қолданылу мерзімі аяқталатын ұжымдық шарттардың орнына жаңа ұжымдық шарттар әзірлеу қажеттігіне тоқталды. Жұмыс берушілермен келіссөздерді алдын ала бастап, жаңа ұжымдық шарттарды уақытылы әзірлеудің маңыздылығы атап өтілді.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету, кәсіподақ мүшелеріне құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету, еңбек заңнамасының сақталуына қоғамдық бақылауды жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды.
Облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Сандуғаш Дүйсенбаева кәсіподақ ұйымдарының ақпараттық жұмысын жетілдіру, әлеуметтік желілердегі белсенділікті арттыру және кәсіподақ мүшелерімен кері байланысты күшейту қажеттігін атап өтті.

Кеңесті қорытындылаған облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрағасы Раушан Серікова жаңа оқу жылындағы басым бағыттарға тоқталып, құқықтық, әлеуметтік, еңбек қауіпсіздігі және ақпараттық бағыттардағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.

Қуатты кәсіподақтар – еңбек адамының қуатты үні. Осы қағидатты негізге ала отырып, кәсіподақ ұйымдарының басты міндеті – еңбек адамының құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына ықпал ету және еңбек жағдайларын жақсартуға бағытталған жұмысты күшейту.
Жиын қорытындысында жаңа оқу жылына арналған негізгі міндеттер нақтыланып, қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.