Едіге Қарақалпақұлы Маханов – теміржол саласында он жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан маман. Оның кәсіби жолы қарапайым слесарь қызметінен басталып, бүгінде вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің басшысы деңгейіне дейін өсті. Ал кәсіподақтағы қызметі оны еңбек ұжымының мәселесіне бейжай қарамайтын, жастардың белсенділігін арттыруға үлес қосып жүрген жас көшбасшы ретінде қалыптастырды.

Теміржолға деген қызығушылық – отбасынан
Едіге Маханов 1990 жылы 10 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. Теміржол саласына деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасты. Себебі әкесі де осы салада еңбек еткен.
2006 жылы И. Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық-техникалық колледжіне түсіп, «Вагон шаруашылығы» мамандығын меңгерді. Кейін М. Тынышбаев атындағы университетте «Транспорт, транспорттық техника және технология» мамандығы бойынша білімін жалғастырды.
Еңбек жолын 2013 жылы Астана пайдалану вагон депосында слесарь болып бастады. Кәсіби тәжірибесі артқан сайын вагон қараушы, аға вагон қараушы, вагон шебері қызметтерін атқарып, қазіргі таңда вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің басшысы болып еңбек етіп келеді.
«Теміржол саласында жұмыс істеу – үлкен жауапкершілік. Мұнда әр қызметкердің жұмысы жалпы қозғалыс қауіпсіздігі мен ортақ нәтижеге әсер етеді. Сондықтан өз ісіңді сапалы орындау өте маңызды», – дейді Едіге.
Ол үшін кәсіби жетістік тек қызметтік өсу немесе марапатпен өлшенбейді. Өз міндетін сапалы орындау, әріптестердің сеніміне ие болу, тәжірибе жинақтау және жаңа міндеттерді жауапкершілікпен атқару – оның түсінігіндегі нағыз нәтиже.
Еңбегі еленіп, Қазақстан теміржолына 120 жыл толуына арналған мерекелік төсбелгімен және теміржол саласына 10 жылдан астам уақыт үлес қосқаны үшін төсбелгімен марапатталған.

Үнемі үйрену – кәсіби өсудің негізі
Теміржол саласында маманнан кәсіби біліммен қатар тәртіптілік, жауапкершілік, еңбекқорлық және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау талап етіледі. Едіге үшін кәсіби дамудың басты қағидасы – «бәрін білемін» деп тоқтап қалмау.
Оның пікірінше, қазіргі маман өз кәсібін жақсы меңгерумен қатар жаңа технологияларды игеруге, коммуникациялық және ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытуға ұмтылуы қажет.
Бұл жолда тәжірибелі әріптестер мен тәлімгерлердің орны ерекше. Үлкен буын мамандарының білімі мен тәжірибесі жас маман үшін үлкен мектеп екенін ол өз еңбек жолынан жақсы біледі.
«Тәлімгердің ақыл-кеңесі – жас маман үшін үлкен көмек. Тәжірибелі әріптестерден үйрену арқылы көптеген қателіктің алдын алуға болады», – дейді ол.
Кәсіподақ – адамның жанынан табылатын күш
Едігенің кәсіби жолындағы маңызды бағыттардың бірі – кәсіподақ қызметі. Қазіргі таңда ол Астана пайдалану вагон депосы кәсіподақ комитетінің төрағасы ретінде еңбек ұжымының әлеуметтік және еңбек мәселелерін шешуге белсенді атсалысып келеді.
Оның пікірінше, кәсіподақ – еңбек жағдайларын жақсартуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, қызметкерлерге өз еңбек құқықтарын түсіндіруге және ұжымның бірлігін нығайтуға ықпал ететін маңызды қоғамдық институт.
Едіге әсіресе жастармен жұмыс істеуге ерекше мән береді. Жас қызметкерлер еңбек жағдайы, әлеуметтік қолдау, кәсіби даму және өз құқықтарын білу мәселелері бойынша жиі кеңеске жүгінеді. Сондықтан ол жастарға қажетті ақпарат беріп қана қоймай, олардың кәсіподақ жұмысына белсенді араласуына, өз құқықтары мен міндеттерін жақсы түсінуіне және еңбек ұжымының қоғамдық өміріне атсалысуына қолдау көрсетуге тырысады.
Ол жастардың кәсіподақ өміріне белсенді араласуы үшін оларға нақты мүмкіндік беру қажет деп есептейді. Спорттық және мәдени шаралармен қатар кәсіби байқаулар, тренингтер, пікірталастар, әлеуметтік және волонтерлік жобалар ұйымдастырудың маңызы зор.
«Жастарды тек іс-шараға қатысушы ретінде емес, оны ұйымдастыруға атсалысатын белсенді тұлға ретінде көруіміз керек. Жас адам өзінің пікірі маңызды екенін сезінсе, оның да жауапкершілігі мен белсенділігі артады», – дейді жас көшбасшы.

Жас кәсіподақ көшбасшысы болу Едіге үшін ең алдымен – жауапкершілік. Оның түсінігінде көшбасшы тек өз пікірін білдіретін адам емес. Ол – адамдарды тыңдайтын, олардың мәселесін түсінуге тырысатын және нақты шешім табуға көмектесетін тұлға.
«Көшбасшылық – алда жүру ғана емес, қасыңдағы адамдарға жол көрсету және бірге даму», – дейді ол.
Еңбек жолы – үздіксіз даму жолы
Едіге өз еңбек жолында жауапкершілік, адалдық және адамға деген құрмет қағидаларын басшылыққа алады. Оның пайымынша, қандай қызмет атқарсаң да, жұмысты сапалы әрі адал орындау – басты міндет.
Жас мамандарға айтар ақылы да қарапайым әрі өмірлік тәжірибеге негізделген: өз мамандығын құрметтеу, еңбектенуден қорықпау, үлкендерден үйрену және үнемі іздену.

«Алғашқы кезде қиындықтар болуы заңды. Бірақ әр қиындық – тәжірибе. Сұрақ қоюдан ұялмау керек. Бүгінгі жас маман – ертеңгі тәжірибелі маман, ал кейінгі буынға бағыт беретін тәлімгер», – дейді ол.
Ал теміржолды ол жай ғана жұмыс орны емес, үлкен еңбек ұжымы, үлкен отбасы деп қабылдайды. Сондықтан тәжірибелі буынның білімін жастарға жеткізу, жас мамандарға мүмкіндік беру және олардың бастамаларын қолдау – бүгінгі еңбек адамының ортақ міндеті деп санайды.
Өз кәсібіне адалдық, әріптестеріне құрмет және жастарға жол көрсету – Едіге Махановтың жас көшбасшы ретіндегі еңбек жолының негізгі ұстанымдары.