«Еңбек – ел мұраты»: Еңбек адамына құрмет

Салалық және өңірлік жаңалықтар 28.09.2026

«Еңбек – ел мұраты»: Еңбек адамына құрмет

2026 жылғы 26 қыркүйекте Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында Премьер-Министр Олжас Бектеновтің, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевтің, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің, әлеуметтік әріптестер, мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер, қоғамдық ұйымдар және кәсіподақ өкілдерінің қатысуымен «Еңбек – ел мұраты» республикалық форумы өтті.

 

Жиын барысында жұмыспен қамту, кәсіби даярлау, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселелері баяндалып, еңбек нарығын дамытуға бағытталған заманауи жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Цифрлық жұмыспен қамту қызметі, «JOLTAP» жобасы, құрылыс саласында жасанды интеллектіні қолдану, өндірістік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің цифрлық шешімдері, шахталарда адамдар мен техникалардың орналасуын бақылау жүйесі, сондай-ақ дуальды оқытуды цифрландыру жобалары ұсынылды.

 

Іс-шараның маңызды бөлігі – жұмысшы мамандықтарының 37 үздік өкілін мемлекеттік наградалармен марапаттау рәсімі болды. Олардың қатарында елордалық кәсіподақ мүшелері де бар. «Астана-Зеленстрой» ЖШС машинисі Салмен Наукенұлы Нұрмағанов «Құрмет» орденімен, ал «Астана су арнасы» КМК экскаватор жүргізушісі Қанат Аманжолұлы Темірбеков III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

 

Сондай-ақ «Еңбек жолы» байқауының республикалық кезеңінде үздік атанған еңбек әулеттері, тәлімгерлер мен жас мамандарға құрмет көрсетілді.

Астана қаласы бойынша «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының жеңімпаздары да марапатталды.

 «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында «Астана су арнасы» МКК қызметкері Игорь Костишин, Астана-Зеленстрой ЖШС көгалдандыру құрылысы қызметінің инженері Әлібек Аманжолов және №37 мектеп-лицейінің зерттеуші педагогы Шекер Дәметова жүлделі орындарға ие болды.

«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында «Астана-Аймақтық Электржелілік Компаниясы» АҚ жетекші инженері Данияр Манарбеков, «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының азаматтарды қабылдау бөлімінің басшысы Жандос Бақыт және «Астана-Энергия» АҚ машинист  бақылаушысы Ералы Хамзин үздіктер қатарынан көрінді.

Кәсіподақтар үшін еңбек адамының беделі мен әл-ауқаты – басты назардағы мәселе. Қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету, қызметкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, әлеуметтік кепілдіктерді сақтау, еңбекті әділ бағалау және әлеуметтік әріптестікті дамыту – кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттары.

Іс-шара еңбек адамының ел экономикасы мен қоғам дамуындағы маңызды рөлін тағы бір мәрте айқындады. Жұмысшы мамандықтарына құрметті арттыру, кәсіби еңбекті бағалау және қызметкерлердің құқықтарын қорғау – ортақ міндет.

 

Жеңімпаз кәсіподақ мүшелерін шын жүректен құттықтаймыз! Еңбектеріңізге табыс, кәсіби биіктер мен жаңа жетістіктер тілейміз!