Еңбек адамы - Шалғымбай Мырзалиев

Салалық және өңірлік жаңалықтар 28.09.2026

Еңбек адамы - Шалғымбай Мырзалиев

Еңбек күні қарсаңында Астана қаласында «Еңбек – ел мұраты» атты салтанатты іс-шара өтіп, оған Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов және ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты. Жиында түрлі салада табанды еңбек етіп жүрген азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды.


Солардың қатарында Ақтөбе өңірінің еңбек адамы, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ «Октябрьмұнай» мұнай-газ өндіру басқармасының слесарь-жөндеушісі, кәсіподақ мүшесі Шалғымбай Алшымбайұлы Мырзалиев те бар. Ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан еңбегі, кәсіби шеберлігі мен адал қызметі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.


Шалғымбай Алшымбайұлының еңбек өтілі – 42 жыл. Ол еңбек жолын 1993 жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» кәсіпорнында слесарь-жөндеуші болып бастап, бүгінде бесінші разрядты білікті маман ретінде абыройлы еңбек етіп келеді.


1992 жылы Қызылорда ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдаған ол кейін Тараз мемлекеттік университетінде «Мұнай және газ өнеркәсібінің машиналары мен жабдықтары» мамандығы бойынша білім алып, инженер біліктілігін иеленген.


Қырық жылдан астам уақытты өндіріс саласына арнаған Шалғымбай Мырзалиев әріптестері арасында жауапкершілігімен, еңбекқорлығымен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленеді. Өз ісін жетік меңгерген маман өндірістік тапсырмаларды сапалы орындап қана қоймай, жас мамандарға тәжірибесімен бөлісіп, әріптестеріне үнемі қолдау көрсетіп келеді.


Еңбек жолындағы жетістіктері үшін бірнеше рет Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған. 2017 жылы оған «Өндіріс озаты» атағы берілді. Сондай-ақ «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның 25 жылдығына орай мерейтойлық күміс медальмен марапатталған.


Шалғымбай Мырзалиевтің еңбек жолы – өз мамандығына адалдықтың, маңдай термен еңбек етудің және кәсіби шеберліктің жарқын үлгісі.
Қуатты кәсіподақ – еңбегімен елге үлгі болған азаматтардың мәртебесін көтеріп, олардың еңбегін лайықты бағалауға әрдайым қолдау көрсетеді.