Қызылордалық еңбек адамдары республикалық форумда марапатталды

Салалық және өңірлік жаңалықтар 28.09.2026

Қызылордалық еңбек адамдары республикалық форумда марапатталды

Еңбек – ел дамуының берік негізі. Ал маңдай термен жеткен жетістік – кейінгі ұрпаққа үлгі болатын құндылық.


Астана қаласындағы Президент орталығында Еңбек күніне орай «Еңбек – ел мұраты» атты республикалық форум өтіп, еліміздің әр өңірінен келген еңбек адамдары мен еңбек әулеттерінің өнегелі жолы кеңінен дәріптелді. Премьер-министр Олжас Бектеновтің қатысуымен өткен ауқымды шарада түрлі салада ұзақ жылдар бойы табанды еңбек етіп, кәсіби білімі мен тәжірибесін ел игілігіне арнап жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді.


Сыр өңірінің еңбек адамдары да республикалық форум төрінен көрініп, бірқатар марапатқа ие болды.


Соның ішінде «Үздік еңбек әулеті» номинациясында Абдрахмановтар әулеті ерекше аталды. Теміржол саласында төрт буын бойы еңбек етіп келе жатқан әулеттің жалпы еңбек өтілі – 318 жыл. Бұл көрсеткіштің артында бірнеше ұрпақтың маңдай тері, кәсібіне деген адалдығы мен теміржол саласына сіңірген еңбегі жатыр. Әулет мүшелері әр жылдары жоғары мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болып, олардың арасынан «Ленин», «Қызыл жұлдыз», «Еңбек даңқы» ордендерінің иегерлері шыққан.
Форумда Сыр өңірінің тағы бірқатар еңбек майталмандарының еңбегі жоғары бағаланды.


Талғат Байымбетов – «Жаңа жол» ЖШС-де 40 жылдан астам уақыт бойы механизатор болып еңбек етіп келе жатқан білікті маман. Ал Мырза Малкенов «Шалқия Цинк ЛТД» ЖШС-де 31 жыл бойы тас қалаушы қызметін атқарып келеді.


Ұзақ жылғы адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі үшін қос азамат Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Мұндай марапаттар – бір сәттік жетістіктің емес, жылдар бойы қалыптасқан еңбек жолының, төзім мен табандылықтың, өз кәсібіне деген адалдықтың нәтижесі.